№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Әлем таныған Дүкенбай

Әлем таныған Дүкенбай

Белгілі орыс жазушысы Борис Пастернак:
«Нағыз шығармашылық адамы үнемі екі нәрсемен айналысады: өлім туралы үздіксіз ойлап жүріп,  өмірді өз қолымен жасап отырады» деген екен.
Күйбең тіршіліктің шырмауында қалып, шытырман ғұмырдың шылауына жабысып кете бермей, артына адамзатқа азық болар, айбын мен ақыл берер дүние қалдыру- кез келген пенденің қолынан келе беретін іс емес.
Шырақ секілді жанына жарығын шашыратып, бұлақ секілді айналасын нәрімен сусындата білген жанның бірі де бірегейі, Пастернактың сөзімен айтқанда, көзі тірісінде өмірді өз қолымен жасаған сырлы жан Дүкенбай ағамыз еді.
Дүкенбай Досжан ағамыздың қайда туылып, қайда өскенін тәптіштеп, еңбектерінің атын санамалап жатпайын. Жемістің маңызы қабығында не жабуында емес, адам  ағзасына беретін нәрінде. Ағамыздың қалдырған мұрасының баға­лылығы тарихи терендігінде, саналық ерендігінде және рухани мәнділігінде жатыр.
Өмір шындығына негізделіп жазылған бұл шығармалардың әр кейіпкері әр тағдырдың иесі болса да, оқырманның ойына оттай әсер етіп, өз шоғын қалдыра алады. Оның жақсы кейіпкері жақсылыққа, адалдыққа, көрегенділік пен кеңдікке бағыттаса, жаман кейіпкері көрсоқырлық пен надандықтан, азғындық пен арамдықтан жиренуге шақырады.
Дүкенбай Досжан ағамыздың тарихи дүниелері әдебиет  көрмесінің ең көркем сөрелерінен орын алуға лайықты. Ежелгі Жібек жолы мен Отырардың, алып Абай мен мерейлі Мұхтардың өнегесін дәл осылай жетімді де өтімді түрде қағаз бетіне түсіре білген адам кемде-кем болар.
Тағы да әлемдік философияға сүйенсем, неміс ойшылы Фейербахтың сөзі ойыма оралды:
«Нағыз жазушы – бұл адамзаттың ар-ұяты» деген.
Еңбектері әлемнің 20-дан астам тіліне аударылып, 8 миллионға жуық данасы дүниені шарлап кеткен Дүкенбай ағамыз шынында қазақ елінің ғана емес, әлемнің ар-ұяты, мақтанышы. Ғасырында бір туылатын бірегей бейненің менің заманымда, менің жерімде өмірге келгеніне мен шын жүректен қуаныштымын.
Еренінің  еңбегін ертеңіне жалғастырып, тарланын шаң басқан тарих қойнауында қалдырмай, жаңғыртуға талпынған, есімін қастерлеп, биік қоятын жерлестеріме, барша жамағатқа алғысымды білдіремін.
Дүкенбай ағамыздың жан толғанысын жарым ғасырға жуық бірге бөліскен, бүгінгі күні көптеген жиынның ұйытқысы болған, әйелдік мәйін мойнына ер адамға лайық жүкті көтерген Сәуле жеңгемізге арналар сөз бен айтылар алғыстың өзі бір төбе.
Проза мен поэзияны қос қанатындай қатар желпіген Дүкенбай алыптың аруағына арнап жазылған бірнеше шумағыммен сөзімді аяқтаймын:
Көсіліп бастап, жосылып жатқан,
теңер де едім тауларға,
Ұлылығында, асқарлығында біздің таулардың дау бар ма?
Бірақ ол тас қой, жүрексіз, жансыз,
ал сенің, аға, бойыңда
Мейіріміне миллиондар қанар,
жүрек бар елге арналған.
Жұлдыз да дер ем, ақиқатында,
биіксің, аға, жарықсың,
Әдебиет көгін нұрыңа бөлеп,
еліңе ерек жаныпсың.
Жұлдыздың бірақ ғұмыры қысқа,
ағып-ақ кетер бір күнде,
Ал сенің бейнең мәңгілік енді,
айбыңды, асқар, алыпсың!
Бұлаққа теңеп көрейін сені,
суыңнан елің нәр алды,
Балауса көктеп, өзіңнен ептеп
өзендер талай таралды.
Бірақ та сенің арының мықты,
салаң кең, суың сиқырлы,
Ағысыңменен он рет орап кете алардайсың оларды.
Гүл дейін қызыл, көктемде көрік
беретін  біздің қырларға,
Әдеміліктің шеңберінде бір ашылмай қалған сыр бар ма?
Гүлдің де жаны бірінші жұлған саусақта кетер шырмалып,
Ал сенің шексіз ұлағат сөзің қалады жүз-мың жылдарға.
Гүл емес, жұлдыз, бұлақ та емес,
тау емес, аға, ерексің!
Сен-ашық кітап, кетпейтін сия,
мұрағат толы дерексің!
Алып бейнеңді ақ саусағымен
ақтарып қарап оқитын,
Қазақтың келер ұрпақтарына керексің, аға, керексің!
Оқырманыңа жаңаша байып,
жарқыл мен жалын, бап бердің,
Біздің ғасырға мағына, мәнер,
рухани байлық ап келдің!
Дүкенбай сенің ата-анаң берген
есімің болса егер де,
Мен саған елмен кеңесе келіп, «АЗАМАТ» деген ат бердім!
Марат Көпешов,
Қазақстанның Құрметті құрылысшысы.   
Алматы қаласы

14 наурыз 2021 ж. 515 0