№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Біз Құнанбайды қалай танимыз?

Біз Құнанбайды қалай танимыз?


Жерлес жазушы Дүкенбай Досжанның «Мұхтар жолы» романы қолыма тиді. Қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовті кейіпкер еткен өмірбаяндық романында жазушының жаңа бір қырын ашып көрсетеді. Туынды авторы Абай мен Құнанбайға соқпай кетпесі анық. Кеңестік идеология «қызылдар мен ақтар», «жақсы мен жаман» қағидасы тұрғысынан жүргізіліп, Құнанбайдың тұлғалық болмыс-бітімін, қарым-қабілетін ескі заманның адамы ретінде көрсетті. Шын мәнінде солай ма? Мұны Дүкенбай Досжан былай талдап, ашып береді:
«Туасы әке мен баланы бір-біріне қарсы қойып, осыдан көзқарас, мүдде қайшылығын тауып, көркем әдебиеттің басты шарты – тартыс туғызу – кеңестер одағы кезіндегі социалистік реализм туғызған қолдан жасалған тәсіл болатын. Абай мен Құнанбай өз өмірлерінде бір-бірімен тартыс туғызарлықтай кереғар қақтығысқа барды, бірін-бірі мінеді, сынады деген де әлгіндей қолдан жасаған «күрескерліктің» нәтижесі, дау туғызатын күдікті нәрсе...

Ел аузындағы қалған аңызда Құнанбайдың діндарлығы мен ел билеу жөніндегі ірілік, мықтылығы, сонымен бірге мырзалығы, алысты болжағыш, ақылдылығы көп айтылады.
Ол билік айтқан кезде «мынау жуан», «мынау малды, мынау жарлы» демей, кісінің ажарына, шен-шекпеніне қарамай тура сөз айтқан. Әділ шешкен...
Құнанбай шешен тілді, өзі де суырып салып өлең шығаратын ақын адам болған. Ел ішінде Құнанбай айтты дейтін шешендік сөздер, сөзі тірі кестелеген ойлы өлеңдер сол-ақ.
Құнанбайдың қаттылығын тектілігі ылғи жеңіп, қиянатқа жібермейді екен».
Міне, Құнанбай жайлы айтылған әділ сөз осы. Бірақ біз Кеңестік жүйе санамызға құйған дағды-әдетпен жүрміз.
Құнанбай тұлғасы Тәуелсіздікті алғаннан кейін әдебиет зертеушілерінің еңбегінің арқасында қазаққа беймәлім бейнесі ашыла түсті. Дегенмен Құнанбай туралы әлі де шынайы зерттелген мағлұматтар аз. Нақты кесектеп, жіктеп, жіліктеп айта алатын зертеу жұмысы жоқ. Біз дана Абайдың, дара Абайдың әкесі Құнанбай туралы шама-шарқымыз жеткенінше айтып көрмекпіз.
Моңғолиялық қазақ жазушылары мен тарихшылары Құнанбайды біздің елдің білімділеріне қарағанда тереңірек таниды. Олар Құнанбайды елге аса құрметті, қазақ даласының ділмары, жанашыры ретінде бағалайды. Әлі күні моңғолиялық қандастар Құнанбайды дәріптеп, «бай болсаң, дәулетті болсаң Құнанбайдай бол» деп, бата береді.
Қос мемлекеттің жазушылар одағына енген Соян Қажыбайұлы Құнанбай туралы тұшымды ой білдіріп, көлемді мақала жазып, Қазақстан мен Моңғолия жазушыларының Құнанбайды зерттеуге ықыласын оятты. Оның «Құнанбайдың Қытайға баруы» атты мақаласынан кейін дүниежүзілік қазақтар қауымдастығының қаламгерлері Құнанбайдың болмысын түрлі тақырыпқа арқау етіп, жапа-тармағай зерттеулер басталды. Міне, содан бері қаншама уақыт өтсе де, Құнанбайдың санамызда қалып қойған «феодализмдік бейнесінен» арыла алмай отырмыз. Бұған ХХ ғасырда санамызға құйып, бойымызға сіңірген Кеңес дәуірінің солқылдақ саясатының әсері барын жасыра алмаймыз.
Құнанбай туралы моңғолиялық қазақ жазушысы: «Құнанбай тек данышпан Абайдың әкесі ғана емес, өз заманында қазақ халқының бірлігіне пана, қорған бола білген, отаршылдыққа қарсы күрескен, халқына алғыр ісі, асыл сөзімен үлгі-өнеге көрсеткен, қарадан шыққан ел ағасы деп білеміз», – деп ойын тұжырымдайды.
Зерттеушілердің бір бөлігі оны Кеңесары Қасымұлының көтерілісін қолдаған десе, енді бірі көтеріліске қатыспаған деген пікірді ұстанады. Осы тұсы да әлі күнге дейін күңгірт.
Құнанбай туралы соңғы кезде жарық көрген мақалалар Құнанбай бойына қандай қасиеттерді дарытқысы келсе, сондай қасиеттерді дарытқан секілді. Олардың жазуынша, Құнанбай ақылды да көреген, дінді берік ұстаған әділ де қатал, Кенесары Қасымов көтерілісіне тікелей қатыспаса да, Кенесарыға астыртын көмек беріп, отаршылдыққа қарсы күрескен, халық қамын ойлаған ел басқарушысы, енді бір деректерде қарама-қайшы образ беріледі. Шын мәнінде, Құнанбайдың қандай адам болғаны әлі күнге дейін нақты дәлелденген жоқ.
Бір ғана шындық болса, ол – Құнанбай тарихта болғаны. «Қарадан шығып хан болды» дегендей, 1804-1886 жылдар арасында өмір сүргені құпияға толы қазақ сұлтаны жайлы поляк жазушысы Адольф Янушкевич жазған хатында: «Құнанбай бидің жасы Барақ сұлтаннан біраз үлкен. Бұл да дала өңірінде аты кең жайылған адам. Қарапайым қазақтың баласы. Табиғат оған кесек ақыл, ғажайып ес және жүйрік тіл берген. Іскер, өз аталастарының игілігі туралы қам жейді. Дала заңдары мен Құран қағидаларының жетік білгірі. Қазақтарға қатысты россиялық уставтарды бес саусағындай біледі. Қара қылды қақ жарған би және өнегелі мұсылман. Одан ақыл сұрауға жас та, кәрі де, кедей де, бай да шалғай-шалғай ауылдардан келіп жатады... Ал, бірақ барлық байлар Құнанбайдың кебісін кигізуге жарамайды» – деп таңғалады.
Құнанбай туралы мағлұмат берген Ахат Шәкәрімұлы халыққа жана­шыр­лығын жазып қалдырса, Мұхтар Әуезов қатал феодал ретінде бейнелеген. Ермұхан Бекмаханов отарлау саясатының құрбаны болды десе, Тұрсын Жұртбай тарихи тұлғаның қазақ ұлты үшін өлшеусіз еңбегін сөз етеді.
Бір анығы, Құнанбай аса діндар кісі болған. Ол Қарқаралыда үлкен мешіт салдырып, кейіннен қажылыққа барады. Сол жақта «Тақия» үйін салдырып, ол үйді қажылыққа келген қазақтарға тегін пайдалануға береді. Меккеге барған қазақтардың көбі сол жақта Құнанбайдың «Тақиясына» түсіп, сол жерден Құнанбай атына қанық болып қайтқан. Осының өзі Құнанбай атағын даңқты етуге себеп болғандай. Қажылықтан келген соң да, «дүние ісіне» араласпаймын деп, фәни жалғаннан баз кешіп, шымылдық құрғызып, соның ішінде таспиғын тартып, өнегелі өмір өрнегін құруға мән берген.
1995 жылы «Атамұра» баспасынан шыққан «Абай» энциклопедиясында Құнанбай туралы құнды деректер жазылған. Дерек көзінде: «Құнанбай мешіті Қарқаралы қаласында құрылысы 1850 жылы басталып, 1851 жылы салынып біткен. Мешіт салу жөнінде 1847 жылы әңгіме қозғалып, арасында Күшік тобықты болысы Құнанбай бар, 16 болыс қол қойған. Аға сұлтан майор Құсбек Таукин мөр басқан мешіт салу туралы акт дуанға тапсырылған. Онда құрылыс үшін халықтан қаржы жиналатыны айтылады. 1849-1852 жылдары Қарқаралы округіне аға сұлтан болған Құнанбай құрылыс жүргізу ісін өз қолына алып, тыңғылықты аяқтағандықтан мешіт халық арасында Құнанбай мешіті аталып кеткен», – делінген.
Құнанбайдың сұлтандық қызметін айтқанда, «Қодар оқиғасын» айтпай кету мүмкін емес. «Қодар келінімен жақын болды» деген сөз расталып, Қодарды Құнанбай жазалап, қырық рудың қырық кісісіне тас атқызып өлтіртеді. Келіні мен Қодардың жақын болғаны – тарихи шындық, сондықтан ұрпақтың болашақ дәстүр-тәрбиесін ойлаған Құнанбайдың Қодарды жазалағаны дұрыс сұлтандық шешім еді дейді зерттеушілер.
Сол Қодардың иемденген жерін бөлісу де үлкен дауға айналған. Мұны Құнанбай, Абай және Мұхтар Әуезовке байланысты архивтік құжаттарды көп жылдар зерттеген профессор Тұрсын Жұртбайдың эссе-монографиясында үлкен тарауға айналған. Қазіргі таңда филологтар арасында «сұлтандық қабілеті» жайлы пікір талас тартысты жүріп жатыр. Бірі қолдаса, енді бірі тым қаталдыққа балайды.
Біз үшін Адольф Янушкевич пен Ахат Шәкәрімұлының Құнанбайдың қабілет-қарымын суреттегендей, «Қара қылды қақ жарған әділ», «Сауатты», «Құранның білгірі», «Пара алуды білмеген, ел қамқоршысы» дегенін ұстану маңызды секілді.
Құнанбай қажы туралы Мәскеу архивтерінде сақталған мәліметтерде, 1844 жылы 30 шілдеде Кішік-тобықты болысының управителі болып сайланғаны, 1841 жылы «бүлікші» сұлтан Кенесары Қасымовқа қарсы ұйымдастырылған экспедицияға қатысқаны, 1846 жылы 11 шілдеде «бүлікші» сұлтан Кенесары Қасымовтың қозғалысына қатысқаны үшін «Хорунжий» атағы берілгені, 1849 жылы 22 қазанда Қарқаралы округінің аға сұлтаны болып сайланғаны, 1852 жылы 31 қазанда орнына басқа адам сайланғандықтан аға сұлтандық қызметтен босатылғаны жайлы ақпарат сақталған.
Петербург, Мәскеу, Омбы архив­терінде сақталып қалған жазбаларда «отаршыл орыс империясына еткен қызметін орынды бағалап, жоғарыдағы архив деректерінде көрсетілгендей, бағалы сыйлықтармен марапаттай отырып, оған «хорунжий» офицер шенін берілгені де көп жағдайды аңғартады. Сонда Құнанбай сол заманның саясатын қолдаған ба? Бұл да зерттелуге тиіс дүние.

ТҮЙІН. Тұлғатану ілімі ұлттық идеологияның қайнар өзегі екені анық. Әсіресе тарихи тұлғалардың тарихтағы орнын таразылап, содан үлгі-өнеге алсақ, қандай ғанибет?! Абайдың 175 жылдығы аясында бас ақынның әкесі Құнанбайды да зерттеп, зерделеуді, онымен қатар алып жүруді ұмыт қалдырмаған жөн. Құнанбай қажы жайлы қалам ұстауымыздың басты себебі де осы...

Мақпал МАРҚАБАЙ
22 сәуір 2020 ж. 954 0