№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Ұстаз – мәңгі нұрдың қызметшісі

Ұстаз – мәңгі нұрдың қызметшісі

Самай шашы ағарып, жүзін әжім әрлеген ақ шашты әжелер бір-біріне ізет пен ілтипат көрсетіп отыр. Ерекше әсерлі сәт. Сөйтсек, ұстазы мен оқушысы екен. 84 жастағы Мәруа Құлахметоваға 72 жасқа келген Қатира Жүнісованың әріп танып, көзқарасы мен дүниетанымы шыңдалуына ықпал еткен-ді. Көп ұзамай Қатира апай да ұстаздық жолды таңдап, шәкірттеріне адамдықтың, адалдықтың дәнін егеді.
Басынан бастасақ. 1937 жылы дүниенің дидарын көрген Мәруа әженің кіндігі Қожакентте кесіледі.
ХХ ғасырдың 20-30 жылдарғы ұжымдастыру, ашаршылықтың салда­рынан шекара асып, Өзбекстанды паналайды. Сонда бой жетіп, мектеп табылдырығын аттайды. 1959 жылы Карл Маркс атындағы педагогикалық училищені бітіріп, Ташкент облысы, Чиназ ауданы, Тельман атындағы орта мектепте еңбек жолын бастайды. Жұмыс істей жүріп Низами атындағы Ташкент педагогика институтында сырттай білім алады.
Мәруа апайдың алғашқы шәкірттері Қатира Жүнісованың сыныбы болады. Оларды бастауыш сыныпта қабылдап, ілім береді.
1983 жылы зейнетке шығып, атамекеніне оралады. Туған жерге келгенінде «мен ұстазбын» деп көкірек кермей, зейнет жасында бола тұра қара жұмысқа араласады. 
Ал, Қатира Жүнісова болса Тельман атындағы білім ордасында мақсат-мұраты бекемделіп, ұстазының жолымен Карл Маркс атындағы педагогикалық училищесінде бастауыш сынып мұғалімі бойынша білімін шыңдайды. 1968 жылы Ташкент облысы, Чиназ ауданы, Алмазар кентіндегі Дмитрий Менделеев атындағы білім ордасында еңбек жолын бастайды.
1972 жылы атақонысқа көш түзеп, Қожакенттегі №168 мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып жұмысын жалғастырады. Мұнда Қатира апайдың алғашқы шәкірттерінің бірі аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әбілғазы Төлегенов:
– «Ұстаздық еткен жалықпас, Үйретуден балаға» деп Абай қандай Қатира апай 72 жасқа келсе де бір сәтке өзінің мамандығынан, Тәңір дарытқан ұстаздық болмысынан ажыраған емес. Әрбір сөзімен, жүріс-тұрысымен бізге үлгі-өнеге көрсетеді, – деді.
Яғни Қатира апай шәкірттеріне талапшыл тәлім-тәрбиесін сіңіріп, сенім жүгін жауапкершілікпен арқалауды үйретеді.
Адамдық қадір-қасиеті мол, ізденіс пен тынымсыз еңбекпен өмірін ұштаған қос ұстаздың шәкірттері жер-жерде табысты еңбек етеді, әрі ұстаздарының еңбегін жоғары бағалайды. Ташкент аймағына белгілі азамат Изатулла Шарапов «Әкенің орындалған арманы» атты кітабында Мәруа апайды дәріптей жазады.
***
Ардагер ұстаздардың бала тәрбиесіне байлынысты ойларын біліп, ұстаздық жолдың қадір-қасиеті жайлы білуге мән бердік.
Қатира апай ұстазына бұрылды. Бұл ұстазының алдын орағысы келмегенінен болар. Осындай ілтипаттан шәкірттің ұстазға деген сый-құрметін аңғаруға болады. 84 жасқа келсе де әлі тың әжеміз шәкіртінің ықылас-ниетін байқап:
– Ұлттың тәрбиесі өте нәзік әрі маңызды құндылық. Егер қуатты ел болудың жолын таңдау керек болса, жастардың тәрбиесіне мән беру керек. Иә, қазір жастар ойын ашық жеткізеді. Бірақ үлкенді сыйлау дәстүр-дағдысы қалып барады. Ұстаздар шәкіртінің, ата-аналар баласының бойына обал-сауаптың парқын түсіндіріп, еңбекқорлыққа баулу керек. Ал, мықты ұстаз шәкірт жүрегіне сәуле құйып, олардың бағыт-бағдарын айқындап берсе керек-ті. Жақсы мұғалім жақсы оқушыларды жасайды, – деп әңгімесін бастап кетті.
Сөзге Қатира апай араласып:
– Мәруа апай дұрыс айтады. Жастарды еңбекпен тәрбиелеу керек. Сонда ғана нанның қадір-қасиетін терең түсінетін болады. Оның үстіне, еңбекқор жастар бәсекеге қабілетті болады. Сондықтан баланың шама-шарқына қарай еңбекке араластырып, жауапкершілікті сезініп өсуін бақылау керек.
Абай атамыз «Адамның адамшылдығы жақсы ұстазынан» дейді. Егер мұғалім талапшыл болса, шәкірттері талантты болады. Талап ету дегеніміз не? Меніңше, жақсы ұстаз өзінің жүріс-тұрысымен, бітім-болмысымен, қадір-қасиетімен, білім-білігімен шәкірттеріне үлгі көрсетуі тиіс. Қысқасы, ұстаз – мәңгі нұрдың қызметшісі ретінде халыққа қызмет етуі тиіс, – деп ұстазының сөзін қуаттай кетті.
Сұхбаттасу барысында қос ардагер ұстаз ұлттың сөз маржандарын теріп, сөздің ретіне қарай айтып отырғаны таңғалдырды. Бұл дегеніміз, Мәруа Құлахметова мен Қатира Жүнісоваға Тәңірдің өзі ерекше талант дарытқан. Ол – адам тәрбиелеу өнері. Кездесуден ойға осыны салмақтап қайттық.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ
07 ақпан 2021 ж. 966 0