№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » » Көрші ақысы – тәңір ақысы

Көрші ақысы – тәңір ақысы


Жақында көршімнің қуанышына ортақтаспақ болып үйіне барғанмын. Әсілі, көршімді көрмегелі біраз уақыт болып қалыпты. Ол да, мен де жұмысбасты болғандықтан сирек көріседі екенбіз. Сонда деймін-ау, жағдай сұрасқанға уақыт емес, пейіл тапшы ма деймін...

«Бір-біріне қарыз бермейді, Шақырмаса, көрші көршіге кірмейді». Осы сөзді үш ғасыр бұрын Мөңке би бізге қарата айтқанына таң қаласың. Расында көршілер арасындағы сыйластық, татулық, құрмет-ізеттілік өзгергені ме? «Көрші ақысы –Тәңір хақысы» деген текті халықтың ұрпағы едік қой.
Бүгінде көршінің халін біліп, жағдайынан хабардар болып отыратын жандар қарасы азайды. Іргелес отырған отбасының тұрмысы мен тіршілігіне араласу былай тұрсын, аман-саулығын білу де салтымыздан ажырап бара жатқандай. Қойы қоралас, ағайыны аралас дәуірдің жәймен жылыстап жатқаны ма? Әлде нарық заманына ілесеміз деп, ұлттық құндылықтарымыздан айырылып бара жатырмыз ба? Адам пейілі өзгерді ме, әлде қоғамның талабы өзгерді ме?
Меніңше, заман да, қоғам да өз орнында. Күнкөріс қамы деп жүріп, көрші-қолаңмен қатынаспай, жақынымызды жат еткен өзімізден кінә бар секілді. «Алыстағы ағайыннан жақындағы көрші артық» деген тәмсілді терең ұғынсақ та, көршімен көңіл сұрасуды әдеттен шығардық-ау! Қоңсы тұрып, ыдыс-аяқ, құрал-сайман, керек-жарақ ауыспайтын, балалары бірге ойнамайтын жағдайлар бар. Бұл бай мен кедей, мансап пен беделдің тартысына ұқсайды.
Ұлтымызда «Жақсы көрші – төрің, жаман көрші – көрің»,«Жақсы болсаң көршіңмен, кем болмайсың еңшіңнен»,«Отты шұқысаң – өшіресің, көршіні шұқысаң – көшіресің» деген мақал мәйегі көршінің қадір-қасиетін аңғартады. Рухани құндылығымызға терең бойласақ, көршінің ақысын жемеу, қадірін білу, сыйлап-құрметтеудің тамаша үлгісін байқайсыз. Шындығында басыңа қиындық келгенде ең алдымен көмекке құдайы көршің келетіні рас. Қолтығыңнан демеп, қуаныш-қайғыңды тең бөлісетін жандарды періште демей көріңіз. Мұны Жаратқан Ием қасиетті хадисінде ақ қанатты періштеге балап, жәрдемші ретінде жібергенін айтады. Әрі арғы өмірде «Бұл кісі қандай болып еді?» деп көршіңнен жауап сұралады. Пайғамбарымыз (с.а.с.) бір хадисінде: «Сендердің біреулерің өзінің жапсарлас қабырғасына көршісінің арқалық бөренесін қоюына тыйым салмасын», – деп үкім етіпті. Ал біздің ауданда жарты мерт жер үшін көршімен дауласып, қадір-қасиетін кетіріп жүрген жандар қаншама десеңізші?!
Ал, көршінің қиямет күнде сұралатын ақысын түсінген жандар көршінің разылығын алуға бекінген. Көпке тәлім болсын деп, болған бір оқиғаны айтқым келеді. Бір ауылда Күлайхан деген үлкен апа болды. Балалары қызметпен қалаға көшіп, қарашаңырақта бір өзі қалды. Өле-өлгенше отын өшірмей, ауылда тұрды. Осы апаға көршісі Бағлан деген жас жігіт қарайласып, отын-суын қамдап тұрды. Апа өмірден озған соң сұрадым «Осы кейуанаға неге сонша қарайластың, балаларынан артық қарадың ғой. Сыры неде?» дедім. Ол: «Бұл кісі анаммен сырлас еді. Бір-бірінің балаларын бағып, емізіп, адалынан ас жегізді. Анам өмірден озарында осы апаны аманаттады. Менің перзенттік парызым ол апаның бізге жасаған жақсылықтарының қасында түк емес» деді көргенді жас жігіт.
Бес күн жалғанға кім келіп, кім кетпеді десеңізші? Ғибратты ғұмыр кешудің үлгісін көрсетіп, ұрпаққа тәлім-тәрбие беру өзіміздің құзырымызда. Жақын адамдарымыз бен басымызға іс түскенде ғана емес, қадірімізді арттырып, барымызды бағалау үшін көрісіп тұрған абзал. Әйтпесе, «Жаман көрші көңіліңді қалдырады, жақсы көрші жұлдызыңды жандырады» деген емес пе?
Мақпал МАРҚАБАЙ
17 қаңтар 2021 ж. 1 696 0