№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Әке өнегесіне беріктік

Әке өнегесіне беріктік

  Адам бойындағы қасиеттер ана мен әкенің сүті мен қанынан дарыса керек. Өйткені олардың тәлімі мен тәрбиесі есті жанның жадында мәңгі қалып, өзіңді қашанда өрге жетелейді. Тәрбие басы отбасында,әке мен ананың әлдиі мен көрсеткен өнегесі мен үлгісінде екені пешенеден белгілі.
  Ендеше Бағдат Бекжұманұлының да қоғамдағы орны, еткен еңбегі, өз­гелермен арадағы қарым-қаты­насы, кішіні құрметтеп, үлкенді қа­дір­леуі осы әкеден дарыған асыл қасиеттердің бірі болар. Шынтуайтына келгенде әкесі Сәрсенбаев Бекжұман Кеңестік дәуірде өмір сүріп,ел басына төнген талай аласапыранды басынан өткеріп,туған жері үшін тынбай жұ­мыстар атқарып,ауылдастардың құр­метіне айналғандардың нақ өзі еді. Еңбек десе білегін түріп жүретін әкесі кезінде Ұлы Отан соғысын басынан өткерген. 1930-1940 жылдары Екпінді колхозының төрағасы болып,елді топтастырып,шаруаның қаз тұруына ықпал етеді. Белгілі «Сунақата» каналын қазуға атсалысқан.Соғыстан соң Жаңақорған, Жайылма ауылдық кеңестерінің төрағасы болса, кейіннен Ленин атындағы колхоздың төрағасы болып қызмет атқарады. Қайда болмасын абыройына қылауда сызат түсірмеген Бекжұман қарияны өмі­рінің соңына дейін жерлестері ары таза,адамдығы мен адалдығы бірдей елдің озық Бекжұманы деп атап кеткен-ді.
Қазақта «Әке көрген оқ жонар,шеше көрген тон пішер» деген сөз бар. Міне, содан болар Бекжұманның ұлы Бағдатта ата менен ананың тәлімі мен тәрбиесінен сабақ алған, оны бойына дарыта білген, жақсылық атау­лыны жанына серік еткен, әке үмі­тін ақтаған азаматтың бірі болып қалыптасқан. Ол да өзгелердей мектеп есігін ашып Кентау қаласындағы №1 Ы.Алтынсарин атындағы мектепті бітіреді. Мектептен соң Кеңес армиясы қатарында болып, азаматтық борышын өтейді. Әскерден кейін Алматыдағы Қазақтың Қызыл Ту орденді ауыл­шаруашылығы институтына оқуға түсіп, ғылыми-агроном мамандығын алып шығады. Бағдаттың еңбек жолы жоғарғы оқу орнын бітіргенге дейін Сунақата кеңшарында 1973 жылы жұмысшы болудан басталып,жоғары білімнен кейін 1985 жылы №2 бригада агрономы болып өндіріске тікелей араласады. Жас маман оқудан алған білімін өндірісте сынап мол тәжірибеге ие болады. Соның нәтижесі болар Бағдатты «Сунақата» кеңшарындағы кәсіподақ комитетінің төрағасы етіп сайлайды. Ол мұнда да жастығына қарамаи ізденімпаз, еңбекқор азамат екенін таныта білді. Жұмысшылардың мүддесін қорғап, оларға жасалатын мәдени-тұрмыстық шаралардың заң талаптары бойынша жасалуын қадағалап, іске асыра біледі. Кәсіподақ мүшелерінің демалысына жағдай жасап, оларға сауықтыру орындарына жолдамалар беріп, мұнда да әділдіктің болуын қатаң іске асырған еді. Әсіресе науқан тұсында күріш орағы кезінде дихан механизаторлардың дала қосындағы тұрмыс-тіршілігіне жіті көңіл бөлетін, бескүндіктердің қорытын­дысын шығарып, комитет мүшелерімен бірлесіп, кеңесе отырып жүлделерін белгілеп, оны қос басында салтанатты жағдайда тапсырып ынталандырып, өзара жарыстың жариялылығына мән беретін. Жыл қорытындысымен үздіктерді белгілеп, санаториялар мен демалыс орындарына жолдама беріп, қаржылай сыйлықтарын тапсырып еңбек адамдарының еңбегін жоғары бағалайтын. Содан болар «Сунақата» кәсіподағы ауданда үздіктердің қатарында бірінші аталатын.
Кеңес үкіметі тарап егемендік алғаннан кеиін қоғамдық дамуымызда ірі өзгерістердің орын алғаны белгілі. Кеңшарлар тарап, жеке-жеке, ұсақ құрылымдарға айналып, бөліне бас­тады. Осы тұста Бағдатты 1994 жылы аудандық ауыл шаруашылығы басқарма басшысының бірінші орын­басары қызметіне тағайындайды. Бір жылдан соң Жаңақорған аудандық «Топырақты құнарландыру» мекемесіне төраға болып ауысады. Бекең қай жұмыста, қызметте болмасын еңбекте шыңдалған, тәжірибесі мол, өзгелермен тіл табыса білетін, шыншыл,таза әрі талап қоятын адами қасиетімен көріне білді.
Аудан көлеміндегі білікті ғылыми агроном,тәжірибелі маман ретінде 2005 жылдан бастап Жаңақорған «Орман және жануарлар дүниесін қорғау» мекемесінде орман күтуші, орман шебері, кадр жөніндегі маман қызметтерін абыроймен атқарып 2019 жылдың тамызында құрметті еңбек демалысына шығады. Демалысқа шықтым деп қол қусырып отырған жоқ. Осындағы ардагерлердің бас­тауыш ұйымының төрағасы ретінде зей­неткерлермен жұмыс жасап, қоғамдық істе де ұйымдастырушылық танытып жүр. Әрине мемлекеттік қызметтегі 25 жылда абыройы мен құр­меті аз емес. Қазақстан Респу­бликасының ауыл шаруашылығы кәсіподағының 1-2-3 дәрежелі «Еңбек Даңқы» және «Ерен еңбегі үшін» төс белгілері, ҚР Ауылшаруашылығы ардагерлер ұйымы қоғамдық бірлестігінің «Құрметті ардагері» бел­гісімен наградталған.
Иә, Бағдаттың еңбек жолындағы жеңісі мен жемісі, отбасының шыра­ғына айналған жұбайы Шолпан Жұмабайқызының да еңбегі ерен. Ел басқарған, көргені мен түйгені көп, кезінде аудандық Советті атқару комитетінің төрағасы болған Жұмабай Сарыбаев сынды атпал азаматтың тәрбиесін көрген қызы Шолпан Бағ­датқа екеуге ортақ бақыт тілеп кездескендей еді. Жұбайы зейнетке шыққанға дейін №194 орта мектепте оқушыларға орыс тілі мегн әдебиетінен дәріс берді. Өнегелі отбасында екеуінен тараған бес ұл, азамат болып, сан-салада еңбек жасап, елге қызмет етуде. Ал,олардан тараған 2 немере Бағдат пен Шолпанның көз қуаныштары, байлықтары мен бақыттары.
Дана бабаларымыз: «Асты бойға сіңген соң, әйелді жастығы өткен соң, батырды шайқастан оралған соң, астықты жинап алғаннан кейін сына, аттың жақсысы-қазанат, адамның жақсысы-азамат» – дегендей Бағдат Сәрсенбаев да ерге тән азаматтығы мен абыройын өзгелерге үлгі өнеге етуге әбден лайық. Адамдықтың өлшемі елге еткен еңбегің мен туралықтың жолынан таймай, әділдікті ту ету десек, онда Бағдатты осы өлшемнің нақ төрінен көреміз.

Файзулла Сахиев
Халықаралық Жазушылар Одағының мүшесі, ауданның
«Құрметті азаматы»
09 қаңтар 2021 ж. 851 0