№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» Тәлімгер тынысы

Тәлімгер тынысы


1988 жылы іргетасы қаланған Шалқия кентіндегі Ахмет Әділов атындағы №86 жалпы орта мектебі ҰБТ көрсеткіші бойынша аудандағы білім ордаларының үздік ондығына кіреді. Білім көрсеткішінің үнемі осындай тұғырдан көрінуі әрине алдымен ұстаздар біліктілігі мен білімі, тәлімі мен тәрбиесінің арқасында. Тәлім демекші, бүгінде оқушылардың түрлі шараларда, байқаулар мен өнер фестивальдерінде жүлделі оралуында мектеп тәлімгері Ботакөз Әбілтанованың еңбегі бір бөлек.


Жалпы Фарида Ниязова басқаратын білім ордасында тәжірибесі толысқан, білікті мамандар жетерлік. Қазір білім ошағында 60 ұстаз, 370 оқушы бар. Арасында 30-35 жыл еңбек өтілі бар педагогтан тәлім алған шәкірттер бүгінде елдің түкпір-түкпірінде әр түрлі салада еңбек етуде. Ал Ботакөз Әлжанқызының ұстаздық еткен 14 жылында жеткен жетістігі де аз емес екен. Ол 2002-2006 жылы Түркістан қаласындағы Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша бітіріп шығады. Содан бері еңбек жолын тәлімгерлік қызметке арнап келеді.
– Менің қызметтегі міндетім – оқушылармен тығыз қарым-қатынаста болып, олардың ойын ашық айтуына, патриоттық сезімін оятуға, қоғамда белсенді болуға, жалпы алғанда баланың толық қарым-қабылетін ашуға бағытталған. Шыны керек, қазіргі балалар өте алғыр, әрі зерек. Кез-келген тапсырманы тиянақты орындап, өзіндік пікір-пайымдарын белсенді танытып жүр. Мүмкіндігінше балаларды мектепішілік қоғамды жұмыстарға толық тартуға тырысамыз, – дейді тәлімгер.
Жаңартылған білім жағдайында мектеп тәлімгерінің тәрбие жұмысындағы маңызы мен рөлі бүгінде айрықша мәнге ие. Өйткені, мектептің тәрбие жұмысына үнемі атсалысып, балаларға қамқор боп жүретін, тәрбие мен өнерді үйретуші, үйлестіруші жан.
Бұл тұрғыда белгілі орыс педагогы К.Ушинский былай деген екен: «Тәрбиенің қайнар көзі тек адамның жеке басының өнегесіне негізделген. Ешқандай жарғы да, бағдарлама да оның орнын баса алмайды». Шынтуайтына келгенде, тәлімгердің өзі өзгеге үлгі боларлықтай болуы қажет деген сөз. Яғни оның бойынан барлық адамгершілік, мейірімділік, қарапайымдылық, әділдік, тағы басқа қасиеттер табылуы тиіс. Сондықтан тәрбиешінің жеке басына ерекше талаптар жүктеледі. Ерік-қайраты күшті, мінезге бай жасөспірімдерді қалыптастыру үшін мұғалімнің жеке басы сол талаптарға сай болуы керек.
– Ұстаз болу ең құдыретті мамандық. Ұстаздықтың шыңы шәкірттің жеткен жетістігі, бағындырған белесінен көрінеді. Сол секілді Аружан өз ісінің білікті маманы. Оқушылардың мектепішілік шараларда белсенді болуында, түрлі байқауларда орын алып, мектеп мерейін үстем етуінде оның еңбегі зор, – деді директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ақылбек Біжікеев.
Осы уақытқа дейін оқушылары түрлі байқауларда бақ сынаған тәлімгердің шәкірті Аружан Аманқожа «Қазақстан-құқықтық мемлекет» айлығы аясында «Жемқорлық-құқық бұзушылықтардың картасы» ұйымдастырған жобалар байқауында жеңімпаз атанды. «Әкеге хат» аудандық байқауда үшінші орын алған шәкірті бар. Ал өзі «Жас ұлан», «Жас қыран» ұйымымен «Адал ұрпақ» еріктілер ұйымындағы жас ұрпақ тәрбиелеуге қосқан еңбегі үшін бірнеше мәрте марапат мінберінен көрінді. «Наурыз шапағаты» өнер фестивалінің лауреаты атанды.

– Бүгінгі таңда мұғалім болу, тәрбиеші, тәлімгер болу оңай жұмыс емес. Педагогтық қызметтің жетістігін бағалау да өте қиын. Оның сапасы сызғышпен өлшеп, әрбір мысқалына дейін таразыға тартатын дүние емес. Қиыны мен қызығы, талабы мен жемісі қатар жүретін өз мамандығымды қатты жақсы көремін. Өйткені, бұл мамандық – менің жүрек қалауым. Сондықтан да мен өз мамандығымды жоғары бағалаймын, – деді ол.

Отбасында отағасы да ұстаздық салада, екеуі 2 ұл,1 қыз тәрбиелеп отырған үлгілі шаңырақ. Міне, білім мен тәрбиені ұштастырып отырған тәлімгердің тынысы осындай...

Ақжайық АШИМОВА
---
15 қаңтар 2020 ж. 1 249 0