№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Киелісін ұлықтаған ұлт ұлық

Киелісін ұлықтаған ұлт ұлық

  Орта Азия жеріне келіп, тұрақтап, Ислам дінінің кең қанат жаюына бүкіл ғұмырын сарп еткен тұлғалардың ішінде есімдері иісі қазаққа белгілі киелі әулиелердің біздің топырағымызды мәңгілік мекен етуі бір жағынан мақтаныш, бір жағынан жүгі ауыр аманат екенін сезінбей тұра алмайсың.
Жаратушы Иенің жер бетіндегі адамдарға бір белгі, ақиқат жолын нұсқаушы етіп жаоатқан бұл пенделеріне деген ықыласымыздың шынайылығы жеке басқа табынуды емес, солардың санамызға жаққан шамшырағын бағдар етіп амал қылғанның адаспасына кәміл сенімімізді білдірсе керек.

  Ұлттың барша құндылығын құр­тып жіберуге тырысқан қатыгез сая­саттың сойқанынан аман қалып, бүгінге жеткен жәдігерлер қата­рында ауданымыздың Бесарық тер­риториясында қоныс тепкен «Ақтас» мешіті бүгінде ЮНЕСКО – ның тізіміне алынған. Осы мешітте жатқан Айқожа Ишан бабамыздың есімін исламды қадір тұтқан барша мұсылман қадір тұтып келеді.
Келер ұрпақтың жадында Айқожа Ишан есімін жаңғырту мәселесі өзекті. Өйткені тарих бір күнде жасалмайды. Оның тамырынан нәр алып, табиғатын таныған жан ғана төбесіне қойып қастерлей алса керек. Сонымен, Айқожа Ишан кім болған?
Мәдіқожадан тараған 4 ұл – Қожжан, Пірзада, Қылыш, Бекмағамбет болса, Айқожа осы Бекмағамбеттен туған Темірдің жалғыз перзенті. Айқожаның өзінен он бір перзент тара­ған. Олардан тараған түтін бү­гінде мыңға жуықтайды. Айқожа бабаның өмір тарихына тоқталатын болсақ, ол өңіріміздегі «Иіркөл»деген жерде дүниеге келген. Жастайынан ата-анадан жетім қалған Айқожа жамағайынның қолында қозысын бағып күнелтеді. Есі-дерті оқып білім алуға ауған жас бала ауылдың үстін басып өткен үлкен сауда керуенін (Жібек жолы болуы мүмкін) кезіктіріп, өзін жалға ала кетуін, еңбекақысына ешнәрсе сұрамайтынын айтып жа­лынады. Сөйтіп керуенге ілесіп Таш­кентке жетіп, одан әрі Бұхара мешітінде он жыл тапжылмай білім алады. Зерек те, алғыр шәкірт Ауғанстандағы «Кәріұлық» деп ата­латын ірі діни оқу орнына жолдама алып, ұшы-қиырсыз ізденісін осында ұштайды. Медресе шәкірттері қосым­ша өмірлік мамандыққа төселу үшін еңбекке де тартылады. Мыңдаған шәкірттердің алды он бес жылдай көз майын тауысып игеруге ұмтылған дәріс бағдарын бас-аяғы 1,5-2 жылда түгескен түлегіне шатырхат (диплом) табыстаған ұстазы Ислам-Шайық: «Қай жерде тусаң сол жерге бар. Еліңнің көзін аш, көкірегіне сәуле жақ» деп батасын береді. «Аз уақытта бізден асып, оның не артықшылығы бар?» деп наразы болған шәкірттерінің көзін жеткізбекке бекінген ғұлама « Бірде-бірі қалмай дәріскерлерім алдыма келсін» деген тапсырма береді. Алдын-ала босағаға құран кітабын жасырады. Қасиетті кітаптың үстін баса-маса ішке енген шәкірттерді түгендейді. Айқожа көрінбейді. Босағаға келіп қараса ар жағында тұрған шәкірті: «Пәрменіңізді орындамауға құқым жоқ. Бірақ босағадан аттайын десем астында Алланың сөзі тұр. Тақсыр, мен оны қалай басып өтемін» деп жылап жібереді. Сонда ұстазы бала­ларға қарап: «Міне Айқожаның сендерден қандай артықшылығы бар екенін көрдіңдер ме? Қанша оқығанда емес, әңгіме тоқығанда. Бұл шәкіртім маңдай терін төгіп, еңбек етті. Қызметіне адал болды. Тапқанынан артылғанын қайыр-садақаға таратты. Жылағанның көз жасын құрғатты. Сол адалдығы үшін Алла дәреже сыйлады», – деп Айқожаға «Ишан» деген атақты еншілетті.
Бұхарадан Айқожамен бірге елге оралған дін өкілдері Құлболды, Қасым, Марал Ишандар Сыр өңірінің әр аймағына келіп қоныстанды. Жергілікті халықты имандылыққа тәрбиеледі. Рас, кешегі жетпіс жылда қазағым ділі мен тілінен баз кешті. Еліміз өз азаттығын алып, етек-жеңін жинай бастаған тұста көзден таса, көңілден тыс қал­ған құндылықтарымызбен қайта қауыш­тық. Төбесі құлап, жапырылып, жан аяғы баспауға айналған баба қорымдарын күтімге алу жұмыстары басталды.
Жаңақорған халқы болып 1993 жылы Айқожа Ишанның туғанына 220 жылдығын атаулы күн ретінде той­лап, баба кесенесінің басында ас беріп, ғылыми конференция өтті. Жиында еліміздің түкпір-түкпірінен дін ғұламалары, тарихшылар мен ғалымдар, басқа да сала көрнектілері бас қосты. Киелі тұлғаның елдің саяси және мәдени өміріндегі маңызы бекемделді. Жергілікті басшылық әулиелі орынды қамқорлығына алып, инфрақұрылымына демеуші аза­мат­тарды тартуы нәтижесінде қа­сиеттіі мекенге жарық тартылып, түзу жол төселіп, басына зиярат етіп баратындарға жағдай қалып­тастырылды.
Кешегі тар кезеңде көзі бітеліп, суалып қалған бұлақ көзі қайта ашылып, ем іздеп келгендерге шипа-сауықтыру қызметін атқарып тұр.
Құдырет ерек жаратқан хиқме­тімен ел жүрегінде орныққан баба есімі бүгінде тарихи дәлел-дәйек­тер­мен де тұлғаланып, шынайы тұғырына қонды. Атағы алысқа жайыл­ған баба мәңгілік қоныс тапқан ме­кенде оның атына айшықты бір орынның атын беру күн тәртібіндегі мәселе деп түсінем. Бірде Жетісай қаласында болғанымда аудан әкімінің шешімімен Айқожа Ишан атына көше берілгенін естіп, кәдімгідей марқайып қалдым. Иісі мұсылманға ортақ тұлға қай жерде де құрметке ие. Алланың назары түскен теберік тұлға есімі күн­делікті тіршілікте ел өмірімен бірге жасауының өзімен халқының жүрегіне бір қорғандай қуат дарытса керек.
Ел атынан айтар болсам, кент орталығындағы Аманекелді Иманов атамыздың атындағы көшеге баба есімін беру құптарлық. Ұлт азат­тығының күрескері Амангелді батыр­дың халық жүрегінде сақ­талғанында дау жоқ. Батыр атында елдің әр өңірлерінде ауыл, кеңшар, көше аттары бар. Ал Айқожа бабамыздың есімі туған жерінде ескерусіз қалып келе жатқаны елдігімізге сын. Менің бұл ұсынысымды баба әруағын құрметтейтін әркім-ақ қолдайды деп сенемін.

Құлмағанбет Исаханов
26 желтоқсан 2020 ж. 860 0