№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Абайдың биігі


Бұрынғының адамдары қандай терең болған, ә! Мұхит сынды тұңғиық дерсіз. Сондай тағылымды Құнанбай мен Абайдың арасындағы диалогтан аңғаруға болады.


Құнекең:
– Орайы келгенде айтармын деп жүр едім. Сенің басыңнан үш түрлі мін көремін.Соны тыңда.
Ең әуелі, арзан мен қымбаттың пар­қын айырмайсың. Өзіңдегі барыңды арзан ұстайсың, бұлдай білмейсің. Көп күл­кіге, болымсыз ермекке асылыңды шаша­сың. Жайдақсың! Жайдақ суды ит те, құс та жалайды. Екінші, дос пен қасты сараптамайсың, Досқа досша, қасқа қас­ша қырың жоқ. Ішіңде жатқан сыр ұшығы жоқ. Жұрт ұстайтын адам ондай болмайды, басына ел үйірілмейді. Үшінші орысшылсың. Солай қарай ден қойып барасың. Дін, мұсылман жат санайтынын ескермейсің, – деп айтады.
Сонда Абай:
– Осы үш айтқаныңыздың үшеуіне де дау айтам, әке! Өзімдікі дұрыс деп айтам. Ең әуелі жайдақ суға теңедіңіз. Қолында құралы бар жалғыз жарымға ғана пайдасы тиетін шыңыраудағы су болғанша, құралды, құралсыз, кәрі жасқа түгел пайдасы тиетін жайдақ су болғанды артық санаймын. Екінші, ел алатын тәсілді айттыңыз. Ел билейтіндердің мінезін айттыңыз.Менің білуімше, ел бір заманда қой сияқты болған. Бір қора қойды жалғыз қойшы айт десе өргізіп, шайт десе жусататын болған. Бертін келе ел түйе секілді болды. Алдына тас лақтырып, шөк десең, аңырып барып қана бұрылады. Ал қазіргі ел бұрынғы көрбалалықтан, нашар, момындықтан сейіліп, көзін ашып келеді. Ендігі ел жылқы сияқты болды. Аяз бен боранда, жауын шашында топ не көрсе, соны көруге шыдаған, мұз жастанған, етегін төсек, жеңін жастық қылған бақташы ғана баға алады. Жанашыры бар, жақсылық пайдасы бар кісі ғана бағады.Үшінші, орысты айттыңыз. Халық үшін де, өзім үшін де дүниенің ең асылы – білім мен өнер. Осы білім мен өнер орыста боп тұр, – деп жауап қатыпты.
Енді осы жауаптасуға қандай баға беруге болады? Қайсысы сөзден жеңді? Меніңше екі тұлға өз парасат-пайымына сай дұрыс айтып тұр. Бірақ қазақы өлшемге салғанда Құнекеңнің сөзі сал­мақты деуге болады. Ал Абайдың уәжі уақыт тұрғысынан алғанда маңызды секілді.
Өйткені Құнекеңнің айтқандары мыңжылдықтардан тамыр тартып, ұлттың қалыптасып, дамуында өміршеңдігін дәлелдеген қағидалар. Қазақтар үшін бұлжымас заң секілді болып табылатын дәстүр-дағдылар десе болады. Бірақ бұл жолдың шеңберінде жүру кез келген адамның қолынан келе бермейді. Тіпті ел басқарып жүргендер бұл талаптан шыға бермейді. Өйткені бұл нәрсе адамдағы мінез ерекшелігі немесе құдай берген қабілет арқылы іске асса керек-ті.
Құнекеңдер бұл тәсілдің бүге-шегесін меңгерген кемеңгер жандар. Ол Абайдан да соны талап етіп отыр, өйткені бұлай ету Абайдың қолынан келеді және Құнекең соны біліп отыр. Сайып келгенде қазақы дәстүрлі жолмен елді ұстау үшін Құнекең меңзеген тәсілден қуаттысы жоқ. Осы өлшемге салғанда Құнанбай қажының айтқаны мазмұнды, мән-мағыналы.
Енді Абайдікін қалайша бұрысқа шығарамыз? Абайдың ұстанымы жалпы адами өлшемге салғанда жөн болатын сияқты. Жалпы жұртқа пайдаң тиетін жолды ұстай алсаң, оның несі айып? Бірақ Абайдың ұстанымын көпшілік дұрыс түсіне бермейді-ау, түсіне алмайды-ау, осы!
Адам қай заманда да адам ғой, сондықтан Құнанбай мен Абай заманындағы ел ұстайтын тәсілдер қазір де өте маңызды. Былайша айтқанда, адам психологиясындағы ерекшеліктерді өз пайдаңа бейімдеу үшін халықтың мыңдаған жылдар бойғы сынынан өткен қағидаларды жоққа шығара алмайсың. Мәселе осы қағидаларды игере алуда, соған шамасы келуде болып тұрған секілді. Өйткені бұл тәсілдер адамы келіспесе іске аспайтын, аса қуатты, салмағы ауыр салт-дәстүрлер. Арысы көшпенділерді, берісі қазақты құдай қабілет берген мықтылар осындай жолмен мыңдаған жылдар бойы ел қылып ұстай алған. Әкелі балалы заңғарлардың жауаптасуына келетін болсақ, Абай, үш мініңе де дау айтамын және де өзімдікін дұрыс деп айтамын дегенімен, Құнекеңді ұтпаған, тек ұшқыр ой, шешен тілдің көмегімен қисынын тауып құтылып кеткен. Бірақ Құнекең талап еткен дәстүрлі жол сол кездері-ақ келмеске кеткендей ме деп ойлауға мәжбүр боласың. Мұны Абайдың өз де мойындаған. Оған дәлел Абайдың:
– Бас-басына би болған өңкей қиқым,
Мінеки бұзған жоқ па елдің сиқын?
Өздеріңді түзелер дей алмаймын,
Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың, – деген өлең жолдары дәлел.
Айналып келгенде, Құнекең мен Абайдың осы жауаптасуын оқыған сайын, неге екенін қайдам, менің бүйрегім Құнекең жағына қарай бұрылып тұратыны рас.
Хош! Абай туралы том-том кітаптар жазылған, жазылып жатыр, жазыла да береді. Өйткені Абайдың рухани әлемі терең. Зерттеген сайын бір қырынан танып, елдің рухани-мәдени қажетіне жаратуға болады.
«Zhumadagy zhuzdesu» деген газеттің 30 қаңтарындағы нөмірінен жазушы Б.Айнабеков пен философқа Ғ.Есім, М.Мырзахметов пікірталасын оқыдым. Екі философ Абайды Хакім деп есептейді. Соны Абайдың өз сөздерімен және де өздері келтірген уәж, тұжырымдармен дәлелдейді. Ал жазушы айтады: «Абай хакім бола алмайды, өйткені дінді өз дәрежесінде тұтынбаған, ұстанбаған. Ал дінді ұстанбаған адам хакім болуға құқы жоқ» дейді. Сондай-ақ Абай хакімдікті түсінген, хакім болу үшін не істеу керек екенін толық біледі, бірақ сөйте тұра ол хакім емес дегенді алға тартады.
Жазушының түсіндіруі бойынша, нағыз хакім – Қожа Ахмет Яссауи. Менің ойым: «Абай хакімдік деңгей, дәрежеге жеткен адам, Ол бірақ дінді тұтынғысы келмегендіктен емес, тұтына алмайтын жағдайға кіріптар болғандықтан ұстанбаған-ау деймін» деп ой түйеді.
Оның айналасы, оны қоршаған ел-жұрты Абайды хакім түрінде қабылдай алмайды. Яғни Абай шын хакімдік көрсеткенде елі оны толық түсіне алмай қалуы бек мүмкін еді. Абайдың Абайлығын көре алмай, түсіне алмай оны соққыға жығуға қиған адамдар хакімдікті түсінеді деуге сену қиын-ау. Абай осыны анық түйсінген және өлең жолдарымен айтып кеткен бе деп ойлаймын. Оның өлеңін келтіріп көрейін, ар жағын әркім өзі қорытып көрсін.
– Атадан алтау,
Анадан төртеу,
Жалғыздық көрер жерім жоқ.
Ағайын бек көп
Айтамын ептеп,
Сөзімді ұғар елім жоқ.
Моласындай бақсының
Жалғыз қалдым, тап шыным!
Осы жағдай Абайға хакімдік жолды тұтындырмаған-ау деймін. Анығын бір Құдай біледі.
Абай туралы мынадай да бір ой айтқым келіп тұр. Абайдың өз өлеңінен бастайын:
– Жасымда ғылым бар деп ескермедім,
Пайдасын көре тұра тексермедім.
Ержеткен соң түспеді уысыма,
Қолымды мезгілінен кеш сермедім.
Менің ойымша, осы қолын мезгілінен кеш сермегені Абайдың қазіргі дәрежедегі биігіне жеткізді. Егер Абайды әкесі Құнанбай жастайынан орысша бергенінде, оның ділі айнуы әбден ықтимал еді ғой?! Өйткені бұл құбылыс сол кезде орысша білім алған азаматтардың тағдырынан көруге болады. Неге десеңіз, сол кездері Еуропаша ілім жинап, тәлім-тәрбиені бойына сіңірген қазақ оқымыстылары ұлттық кодтын кілтін таппай, қайтадан ұлтқа сіңісе алмағанын жақсы білеміз. Мұндай дағды бүгінгі күнге дейін жалғасып келеді. Ал ұлтқа сіңісе алмаған адам қалайша ұлтты тәрбиелей алады, қалайша ұлттың арман-мұратын біледі?
Құнекеңнің ықпалымен алдымен Абай ұлттық қасиетті бойына сіңірді, сосын шығыс ілім-білімімен сусындады. Ақыл тоқтатып, тұлғаланып, кемелденген шағында Еуропаның ілімін ашты. Сөйтіп, құдай берген қабылет-дарынының арқасында қазіргі биігіне жетті. Бұл менің жеке пікірім.
Мұны неге айтып отырмын? Егер Абай сынды алыптарды тәрбиелегіміз келсе, алдымен ана тілінде, содан кейін барып, өзге тілде білім беруді жолға қою керек. Құнанбайдың тағылымынан, Абайдың даналығынан осыны ұғынуға болады.

Абибулла ШЕР
22 желтоқсан 2020 ж. 720 0