№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ӘКЕ МЕН БАЛА ТІЛДЕСЕ МЕ?

ӘКЕ МЕН БАЛА ТІЛДЕСЕ МЕ?


Мұхтар Әуезов «Абай жолы» романында Құнанбай мен Абайдың арасындағы диалогты ұтымды берген.
Құнанбай: – Орайы келгенде айтармын деп жүр едім. Сенің басыңнан үш түрлі мін көремін. Соны тыңда! – деді.

Абай: – Айтыңыз, әке! – деп, әкесінің жүзіне көз тастады.
– Ең әуелі, арзан мен қымбаттың парқын айырмайсың. Өзіңдегі барыңды арзан ұстайсың. Бұлдай білмейсің. Көп күлкіге, болымсыз ермекке асылыңды шашасың. Жайдақсың! Жайдақ суды ит те, құс та жалайды. Екінші, дос пен қасты сараптамайсың. Досқа досша, қасқа қасша қырың жоқ. Ішінде жатқан сыр ұшығы жоқ. Жұрт бастайтын адам ондай болмайды. Басына ел үйірілмейді. Үшінші, орысшылсың. Солай қарай ден қойып барасың. Дін, мұсылман жат санайтынын ескермейсің!» – дейді сыншы әке.
Егер, әке сөзінің жетегінде кетсе Абайдың даралығы, даналығы қайда?! Оның әке сөзіне айтары бар. Бұл – әкені құрметтемеу емес, керісінше, әкеден алған дәнді заманға қарай өсіре білу. Абай ізденіс үстінде, білім жолында. Осы ізденіс әкесіне уәж айтуға негіз болды.
– Осы үш айтқаныңыздың үшеуіне де дау айтам, әке. Өзімдікі дұрыс деп айтам. Ең әуелі, жайдақ суға теңгердіңіз. Қолында құралы бар жалғыз-жарымға ғана пайдасы тиетін шыңыраудағы су болғанша, құралды, құралсыз, кәрі, жас¬қа түгел пайдасы тиетін жайдақ су болғанды артық санаймын. Екінші, ел алатын тәсілді айттыңыз. Ел билей-тіндердің мінезін айттыңыз. Менің білуімше, ел бір заманда қой сияқты болған. Бір қора қойды жалғыз қойшы «ай» десе өргізіп, «шайт» десе жусататын болған. Бертін келе, ел түйе сияқты болды. Алдына тас лақтырып «шөк» десең, аңырап барып қана бұрылады. Ал, қазіргі ел бұрынғы көрбалалықтан, нашар, момындықтан сейіліп, көзін ашып келеді. Ендігі ел жылқы сияқты болды. Аяз бен боранда, жауын-шашында топ не көрсе, соны көруге шыдаған, жанын аямаған, қар төсеніп, мұз жастанған, етегін төсек, жеңін жастық қылған бақташы ғана баға алады… Жанашыры бар, жақсылық пайдасы бар ғана кісі бағады… Үшінші, орысты айттыңыз. Халық үшін де, өзім үшін де дүниенің ең асылы – білім-өнер. Сол өнер орыста. Мен барлық тірліктен ала алмаған асылды содан алатын болсам, ондай жер жатым бола ма?.. Жатырқап, қашықтауым надандық болса болар, бірақ қасиет болмас… – деді».
Құнанбай тыңдап болды да, күрсініп қойды. Шарасыздық ажары білінді. Бірақ үн қатқан жоқ. Сөз осымен бітеді. Әке мен бала арасындағы сөзге тоқтамды, бір-біріне деген сыйластықты жазушы Мұхтар Әуезов осылай көрсетеді.
Бүгінде әке мен бала тілдесе ме, осы? Арадағы нәзік байланыс болмағандықтан жігіттердің бойында сенімсіздік байқалады. Ал, жігерсіз жастардан бәсекеге қабілетті тұлға шықпайтыны айтпаса да түсінікті.
Өз-өзіне сенімсіз жастар топтың күшіне сенеді. Нәтижесі белгілі. Көшеде мектеп-мектеп болып топтасып, бір-біріне өктемдік көрсетіп жүр.
Неге? Себебі, отбасыда әкенің рөлі төмендеді. Әкелер баламен тілдесіп, пікірлесіп, бірге ойнауды азайтты. Сосын бала керексіз сезінеді. Қоғамнан оқшауланады.
Ресми дерек бойынша, ауданымызда 2017 жылы екі жасөспірім бұзақылықтан көз жұмса, 2018 жылы өрімдей жастар өмірден озды. Оны өздеріңіз біліп отырған боларсыздар. Міне, мұның барлығы бақылаудың жоқтығынан.
Қорыта келе қазақ бала тәрбиелеудің жолын бір ғана мақалдың ішіне сыйғызған «Балаңды бес жасқа дейін патшаңдай күт, бес жастан он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса, он бес жастан асқан соң досыңдай сырлас». Атадан қалған осы аталы сөзден аспасақ, жаман ұрпақ өсірмесіміз анық.

Молдахмет ИБРАГИМОВ,
еңбек ардагері.

09 ақпан 2019 ж. 1 811 0