№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » «Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла» немесе Абайды тани алдық па?

«Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла» немесе Абайды тани алдық па?


Ата-бабадан қалған ұлан-ғайыр жердің асты мен үстінің иен қазынасын игілігіне қалай жаратамын десе де өз еркі өзіне тиген егемен елдің ең бірінші жетістігі – түп негізі кеңестік кезеңнен қаланған жалпыға бірдей тегін білім беру тетігі аясында халқының жүз пайыз сауаттылығы нәтижесінде ұлт әлеуетінің әлемдік бәсекеде бәсінің биіктігі. Бірақ ұлтты ұшпаққа шығаруда ұлы жаңалықтан гөрі ар-ұждан мәселесі алдыңғы орынға шығады екен. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» дегенде ойшылдарымыз осыны меңзесе керек. Олай болса қазақ даласын мекендеген дана халықтың ұрпағы ақын Абайды біле ме екен? Оның айтқандарын көңілге тоқып сіңіріп, жан-жақты ұғына алдық па? Біздің бүгінгі әңгімеміз осы тақырып төңірегінде өрбімек.


Абайдың туылғанына 175 жыл толу қарсаңында ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы «Абай және ХХІ ғасыр» атты еңбегінде 19 ғасырда өмір сүрген Абайдың айтып кеткен, жазып қалдырған өлеңдері мен қарасөздері толық бүгінгі қоғамымыздың рухани қажеттіліктерін дөп басып, осы өсиеттерді қамал тұтып, арқа сүйеген әркімнің адаспайтынын айтқан еді.Бұдан мың жыл өткен соң, яғни 3020 жылғы ұлт көсемінің де осылай ағынан жарыларына шәгіміз жақсы. Өйткені Абай дүние тұрғанда адам баласының ажырамас болмысын адам­заттың өзіне айшықтап кете алған мәңгілік ойдың алыбы. Сондықтан да оның сөзі мың жылда да маңызын жой­майды.
Осы жерде көңілде бір ой көсе-көлденеңдейді. Тәңірдің осыншама тар­туы еншісіне телінген халықтың жүрегі неге жарылып кетпейді, бақытқа неғып қолы жетпейді? Сөйтсек, қолда бар асылдың қадіріне жету бар екен де, «махаббатсыз дүние бос, хайуанға оны қосыңдар» деп ақынның өзі айтқандай, дүниеден түкті сезбей, бос кеуде, надан болып өту бар екен. Сол тоғышар, түкті кеуделер Абайдың өзіне Оразбай болып қолын көтерді. Солардың ұрпағы күні бүгін күншіл кеудеден күңкілдеп, асқақ ұлылықты ақсатуға дәмелі. Абайдан мін тапқысы келіп, әрнәрсені айтып, әлеу­меттік желіде әлек салып жүр. Аласы ішінде ағайынның арсыздығын күйіне отырып жазған Абайдың:
«Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,
Әуре етеді, ішіне қулық сақтап.
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Ақылың мен қайратың екі жақтап»,- деген өсиеті бүгінгі күні де әрбірімізді жалғанның жарығына алып шығар жал­ғыз жол, жанашыр кеңес, жарқын тілек десек жаңылысар ма едік.
Қазақтың басым көпшілігі Абайды бала жасында оқыған «Ғылым таппай мақтанба», «Күз», «Қыс» , «Жазғытұрым шілде болғанда» тәрізді 3-4 өлеңімен ғана біліп, бағалайды. Онан арғысын оқымаған соң ақынның даналығына терең бойлай алмайды. Осы ретте Сұлтан­махмұт Торайғыров айтқан:
«Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы,
ерінбе,
Адамдықты іздесең, жаттап, тоқы
көңілге.
Сөз мәнісін білмесең, өлең оқып не керек?» дегені ойға оралады. Осының дәлелі емес пе, әжептеуір журналиспін деп жүрген біреудің: «Абайдың ақындығына шүбә келтірмеймін, бірақ түсінбейтін жерім көп» деп өзінің өресінің таяз­дығына ақынды жазғыратын жаз­ғыш­тығына не дауа? Абай қазақты сынай береді. Жамандығынан басқаны көр­мейді деп кінәлайды біреулер. Екі дәуірдің өткелегінде өмірге келген, өрімдей кезінен бойына дарыған данагөй көрегенділігімен көпке жол сілтеген, өмір бойы Батыстың озық ойшылдарын оқып, телегей-теңіз біліммен қаруланған ол осының барлығымен орыс тілі аудар­малары арқылы танысқандықтан «Бі­лім­нің кілті – орыста» деп оның тілін үйренуді насихаттады. Осыны түсін­бейтін кейбіреу Абайды орысшыл деп кінә таққысы келеді. Ал сол кездері жаңа заман табалдырығында тұрған қазаққа орыс тілінсіз өмірден өз орнын таппай өтерін Абай атамыз сол кез­де ескерткенде зиялы халықтың тілін, өнерін, ғылымын үйрен деп үгіт­теді, бірақ зарарынан қашық бол деді. Тіпті бүгінгі күні де жаңа ғасырға бейім ұлт болу үшін не істеуіміз керек де­ген мәселеде Абайға жүгінуіміз керек. Мем­лекет басшысының «Абай – рухани реформатор» атты мақаласы да Абай ілімі­нің маңызын жан-жақты ашып бере алуымен құнды.
Абай даналығының тұтас адамзат жүрегінен орын алуының сыры неде?
«Махаббатпен жаратқан адамзатты, сен де сүй, ол Алланы жаннан тәтті» деп жырлаған Абай:
«Өлсе өлер табиғат, адам өлмес,
Ол бірақ қайтып келіп, ойнап күлмес.
Мені мен менікінің айрылғанын,
Өлді деп ат қойыпты өңкей білмес»,- дегенде ақын адам өлгенмен жан, рух қайта тірілетінін алға тартады. Оның хакімдік тереңдігі осында. Жаны қазақ неміс жазушысы Герольд Бельгердің: «Қазақша жазсам Абайға жүгінем. Орыс­ша жазсам Библияға жүгінем» деген сөзінде осындай мән-мағына жатыр.
Абайдың ақын ғана емес, құдірет жаратқан бір құбылыс екендігінің бұл да бір дәлелі.
Әр ұлттың өз ұлылары бар. Бірақ ешбірінің дәстүрінде жоқ. қадір тұтқан ұлысын «Ата» деп ардақтау қазаққа ғана тән. Біз Ленинді ата дедік. Күн көсемге көңілмен сенген бей­күнә жас бұған кінәлі емес. Ал ұлы Абайды ата деуіміз, ақынға деген алатау аңсар, аласармас көңіл, бауырлық бейіліміздің белгісі. Қуансақ та, қайғырсақ та, тіпті біреуге ғашық болсақ та Абай ақынға жүгінеміз. Баршамыздың ортақ арқасүйеріміз де, ақылманымыз да, жығылсақ демейтін, желеп-жебейтін жана­шырымыз да Абай атамыз.
Ал, Абайдың жұмбағын аша алдық па? Кемел ойлы қуатты қалам иесі Мырзатай Жолдасбеков былай дейді: « Абай туралы жазсам дедім. Өлеңдеріне үңілем. Көктемде оқысам, қыстағы Абай жоқ, қыста оқысам, күздегі Абай жоқ» деп толғанады бір түпсіз терең тұңғиыққа шым батып. Ақынның артында қалған 176 өлең, 3 поэма, 46 қарасөзінің қадіріне жету үшін жас ұрпаққа мектеп оқулығынан бастап жоғарғы оқу орнында Абайды оқытуды қолға алу керек. Абай атында ауылдың, көшелердің, мектептің аттары бар. Абай мектебін ашуымыз керек. Ол даналық мектебі деп аталу керек. Әйтпесе қазақ көсемдіктен, шешендіктен айрыла бас­тады» деп дабыл қағады ұлт жана­шыры.
Абайдың тартылыс құдіреті неде? Әбділдә Тәжібаев атамыз бір естелігінде былай дейді: «Мұхтар екеуміз Жәкеңе сәлемдесу үшін Ұзынағашқа жол тарттық. Жамбыл атамыздың қуақылығы да, жеңіл әзілкештігі де жетеді, әңгімеміз таусылар емес. Бір мезет Мұхаң :
– Жәке, сіздің ойыңызша Абай қандай ақын? – деп сауал тастады.
– А, не дейді, – деп сөзден тосылды Жамбыл. Мұхтар сұрағын тағы қай­талады.
– Абай – ақын ба? Абай – ақын емес! Жүзі сұп-сұр боп кеткен Мұхтар Жәкеңе қарап аңырап қатты да қалды.
– Абай ақын емес, – деп қайталады Жәкең. Абай – ұлы адам»
Жұмыр басты пенде бойлай алмас ақын жұмбағының мәні осы болар, бәлкім.

Баян ҮСЕЙІНОВА
12 желтоқсан 2020 ж. 686 0