№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ғибратты ғұмыр

Ғибратты ғұмыр

Ақындық – табиғат берген талант. Оның тұлғасы да, болмысы да ерекше болатыны сондықтан. Кіршіксіз таза жүректен кәусар жырлар төгілетінін Адырбек Сопыбековтің туындыларынан байқауға болады. Әттең-ай, ақын тірі болғанында 5 мамыр күні 83 жасқа толғанын құттықтап барар едік. Тағдыр. Өлшеулі тағдырға кімнің шарасы бар дерсіз! Бірақ оның артында өлмес рухани мұрасы, ыстық естеліктер қалды. Біздің көңілімізге осы жұбаныш болады.
Адырбек Сопыбековпен бір ауылда, бір әулетте өніп-өскенімді талай жерде айтқаныммен, бізді байланыстырған шығармашылық жол екенін айта бермейтін едім. Алғаш ағаны туған ауылымыз Кеңестегі шағын клуб үйінде көргендім. Ол кезде 4-сынып оқитынмын. Мерейлі 50 жасын атап өтіп, ауыл балаларымен жүздесуге келген кезі. Ауылдың үлкен-кішісі ақын Адырбек Сопыбековті кең кұшақпен қарсы алып, ақ тілегін жаудырған тамаша кеш болды. Сол кеште ақын өз шығармашылығынан көп өлеңің оқып, көңілді болды. Соның ішінде «Сынып іші» өлеңі әлі күнге дейін құлағымда қалып қойды.
Келдім бүгін ертелеу,
Достарым да келді әні.
Сүрттім сулап мен дереу,
Терезені партаны.
Таза ұстаймыз көп өркен,
Білім берер ұяны.
Терезеден таңертең,
Күн сәулесін құяды, – деген өлең жолын қалай ғана ұмытайын.
Өлең қалай құйылып тұр? Тілге – жеңіл, жүрекке – жылы, құлаққа –жағымды. Міне, ақынның өлеңінің ғұмыры ұзақ болуы да осыдан. Бір тыңдағаннан-ақ жүрек түкпірінен орын алатыны рас. Осы күнге дейін көріп жүрген шығармашылық кештерді сол күнгі рухани кешпен салыстырып жүретінім де содан. Дүбірлі кештің аяғында ақын ағаға барып, қалай құшақтап алғанымды да білмеймін. Сол бір шумақ өлең денемді шымырлата шабытымды ашқандай. Қолыма қалам мен бір жапырақ қағаз алып, бір шумақ өлең жолын жазып, ақын ағаның қолына ұстата салғаным бар. Менің айқұш-ұйқыш өлеңімді оқып, басымнан сипап, өзінің қойын дәптерін сыйға тартып, ақ пейілін білдірген еді.
Кейін сол өлеңім өңделіп, «Әлиядай батыр қыз болам» деген тақырыппен газет бетінде жарық көрді. Содан бастап, ақын сыйға тартқан дәптерге алғашқы өлең жолдарын жазып, талаптана бастадым. Аудандық деңгейдегі мүшайраларда жиі төрелік ететін Адырбек Сопыбеков жас талапкерлердің талабын қолдап, өзінің өлең өрудегі ерекшелігін тәтпәштеп түсіндіретін. Ара-тұра ақынның үйіне арнайы келіп, біраз өлеңдерімді көрсетіп, жазушылық қабілетімді ашуға талпындым.
Қазір сол қойын дәптердің әрбір парағында ақынның өңдеген қол таңбасы көзге оттай басылып, өткен күндердің естелігіне айналды. Осы күні Адырбек Сопыбековтей ақынға алғашқы жазбаларымды ұялмай оқытып жүргеніме таңым бар. «Күшігіме», «Досыма», «Ұялам» деген түкке тұрғысыз шимайымды өңдеп, жарыққа шығарып, атымды облысқа дейін жеткізіп еді. Сонда байқағаным өте сыпайы, кішіпейіл ағамыз ақылын айтып, арқадан қалып, рухани дем беретін. Өлең өлшемін түсіндіріп, сөз өнерінің құдіретімен таныстыратын.
Сабырлылығынан, ұстамдылығынан және байсалдылығынан бір танбайтын тұлға еді ғой! Осындай дархан мінез өз өлеңімен де астасып, жаныңа жақын болып кетеді. Ақын Адырбек Сопыбековтің шығармашылығына үңілген сайын, ақынның болмысын, тұлғасын тани түсесіз. Қарапайым, жеңіл сөзбен-ақ, жарты әлемді тұтас сыйдырып, жып-жинақы жазылған туындыға қалай танданбайсың! Өзі де тып-тинақы, сырбазсарбаздай сыр аша бермейтін жан еді. Ең бастысы, ақын ағаның тұла бойы тұнған шежіре, тарих, аңыз-әбсана еді. Білмейтіні жоқ па дерсің! Айтып жүрген біраз әңгімесін кітапқа сыйдырғанымен, көбісі жазылмай кетті.
КИЕЛІ ШАҢЫРАҚ
Осындай шығармашылық ізденіс үстінде жүріп, ақынның үйіне бауыр басып алдық. Шарипа апаның қолыннан талай дәм татып, ақын жарының адами қасиетін аңғардық. Келген мейманға бар тәттісін жаятын апамыздың пейілі дархан. Біз секілді балғын балаларды жақсы көретін апамыз ағадан әрі мейірімін тосып бағатын. Бірде студент шағымда келгенімде аға үйінде жоқ екен, апамызбен ұзақ сырласқанбыз.
– Қалқам, ағаны іздеп келетін жастар көп, сенің жөнің бөлек қой, – дегені әлі есімде.
Ақынның бабын келтеріп, шығармашылық ізденісте ұштап, өнімді еңбек етуінде апамыздың еңбегі ұшан-теңіз. Шарипа апа мінезге бай, пейілі кең адам. Шаңырақ көтергендеріне жарты ғасырдан асқан апамыз екеуінің қалай үйленгендері де күні бүгінге дейін Ләйлі мен Мәжүніннің махаббатындай ел аузында жүр.
Мектепке пионер вожатый болып жұмысқа тұрған ақын, оқушылар тәртібіне бас-көз болып қарап жүріп, сол кезде оқушы қызды алып қашады. Береке орнап, татулығы жарасқан шаңырақтан 5 ұл-қыз, 15 немере, 9 шөбере өрбіп, сан-салада абыройлы қызмет етіп жүр.
Ақын адамның жары болу бақыт па, әлде жүгі ауыр жауапкершілік пе?! Мұны Шарипа апамыз «жолым болып, бағым жанған жанмын» деуінен-ақ, баянды бақ қонғанын сезе қоясың.
Иә, уақытты көрсететін сағатты сатып алсақ та, уақыт шіркінді сатып алу мүмкін бе?! Өзімізге білінбей зырғып жатқан уақыттарда жақсы адаммен өткен тамаша сәттер ғана есте сақталып қалады екен-ау!
Шалқыған шабыт, төккен тер
«Жаңақорған тынысы» газетіне тілші болып, алғашқы мақалаларым жарық көре бастаған кез. Сол кездегі редактор Қаныбек Әбдуов күзгі этюдті бедерлейтін екі шумақ өлең жазуды тапсырды. Аяқ астынан шыққан екі шумақ өлең суретпен үйлесіп, газетке шықты. Ертесіне Адырбек Сопыбеков ағамыз редакцияға келіп, «өлең жақсы жазылған» деп арқамнан қағып кеткені бар. «Менен шығармашылық адамы шағады ма?!» деп жүрген кезімде ақынның рухани қолдауы шабытымды шалқыта түсті.
Аудандық газетке келгеннен кейін ақынмен шығармашылық байланыс артып, білмегенімді сұрап тұратынмын. Ол кісі журналист ретінде шыңдалуда тәлім-тәрбиесін сіңірді. Кейде «мынаны оқып шықсы» деп кітап беріп, газет қиындысын беріп, ізденудің маңызын сөзбен емес, іспен ұқтыратын.
БАҚ өкілі болғандықтан, арасында аудандық мүшайраларға әділ-қазылық етеміз. Сондай шарада Адырбек Сопыбеков төраға, мен мүшесі болдым. Дүбірлі додаға үміт отын жаққан жастар көп келді. Олардың арасынан жеңімпаз таңдау неткен қиын еді. Сол кеште бір қыздың өлеңді жүрекке салып оқып, тыңдарманды тәнті еткені бар. Бірақ төраға оған орын бермеді. «Қызға обал жасаған жоқпыз ба?!» деген сауалды көзімнен ұққан ақын «Өлең оқудың да өз нақышы бар, қарағым! Жұртты бет алды жылатып, емес, жұбатып оқу маңызды» дегені есімде.
Иә, ақын Адырбек Сопыбеков өз өлеңін, актерлік шеберлікке салып, миллизм қосып, көзге жас алып ешқашан оқыған емес. Оның өлеңіне, сөзіне иланды. Ақындардың ақыны тұтты. Бұл оның ешкімге ұқсамайтын қасиеті һәм қабілеті. Өлеңдері де ақынның мінезіне жақын келеді екен-ау!
«…Көзілдірік болды ем,
Көзі жақсы көреді.
Енді маған бұл әжем
Қолғап тоқып береді…».
«Суретін мен бір адамның,
Салайын деп қалам алдым.
Дөңгелентіп басын салдым,
Екі сызып қасын салдым.
Міне, мынау мұрын болды,
Құлақ одан бұрын болды.
Аузын сап ем жаңа енді,
Күлімсіреп шыға келді.
Ең соңында көзін болдым,
Айнымаған өзім болдым…».
Балаларға арнаған өлеңдерінің бәрі осындай. Шаршамай, ықыласпен сүйсініп оқи бересің. Міне, осы ақындық парасаттылық кейбір жас қаламгерлерге үлгі болуы керек-ақ.
Ағаның ақпейілділігі ғой, кім қоңырау шалса да, жауапсыз қалдырмайтын. Қауырт қолы тимей тұрса да, бәріне жауап беруге тырысатын. Көбі туыс-туғанына арнау, жарысқа таныстыру, құттықтау сөз секілді қазақтың бітпейтін жөн-жоралғыларына өлең жазып бер деп қолқалайды. Телефон тұтқасын қоймастан «Ал, қаламың дайын ба, жазып ал» деп әп-сәтте-ақ, өлең жолдарын төгіп-төгіп тастаушы еді. Мәуелі ағаштай мейірім төгіп, жанына жан жылуын таратып, барша адам баласын бауыр еткен жанның адамдық қасиетіне бас иесің. Осыдан соң шалқар ақын демей көріңізші...
Жаңақорғанда Адырбектей арлы азаматпен шығармашылық байланыс жасамаған қаламгер жоқ шығар, сірә! Қазақ әдебиетінде шалқар шабытымен ел есінде мәңгілікке қалған ақынға жыр арнамаған жан жоқ. Соның ішінде шығармашылық шәкірті Бақтыбай Айнақожаевтың бір шумақ арнауымен түйіндегенді жөн көрдім.
Өзгерген жоқ, сол періште қалпынан,
Сөз ермеді-ау тым болмаса артынан.
Дос біткені бой тұмардай сақтаса,
Дұшпандары айыл тартқан парқынан.
Жұрт төреші – жазбадық, не жаза алдық,
Жазсақ жүрміз жұртты азан-қазан ғып…
Ал Адырбек періште сол қалпымен,
Балаларға таратумен жүр базарлық.
Мақпал МАРҚАБАЙ
05 мамыр 2020 ж. 730 0