Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Атамның аманаты

Өлшеулі өмірімен аты өшпейтін тұлғалар болады. Яғни елге сіңірген еңбегінің арқасында жұртымен бірге жасай береді. Сондай тұлғалар қатарына менің атам Айдархан Бибасаровты жатқызуға болады. Тірі болғанында 15 қазанда 85 жасқа толғанын тойлап жатар ма едік?!



Атамның журналистік жолы, жазушылық қолтаңбасы өзінің ізбасарларына үлгі-өнеге болатыны анық. Ол өмірде қандай жетістікке жетсе де қарапайымдылығы мен кішіпейілділігінен тайған емес. Бұл – атадан сіңген қасиеті болар, бәлкім өмірден түйген-білгенінен болар. Өмірін ізденіспен, еңбекпен ұштап, қалам қуатын елдің игіліне жұмсады.
Өз басым, атамның құймақұлақтығына, зеректігіне, шешендігіне таңғалатынмын. Ру-рудың шежіресін тарқатқанда оны қалай жаттап алады деп ойлайтынмын. Ал Мұхтар Әуезовтың «Абай жолын» жатқа оқыған кезінде таңғалып, таңданып, тамсанып, осының бәрі жадына қалай сыяды дейтінмін.
Әлі есімде кішкентайымда қазақ ақындарының өлеңдерін жаттап жарысатын болдық. Содан Мұқағали Мақатаевтың «Өткінші жаңбыр» өлеңін таңдадық. Мен дауыстап бір рет оқыдым. Атам артынша сөзбе сөз айтып берді. Одан кейін Абайдың, Төлегеннің өлеңдерін жаттап, жарысуға келістік. Атам тағы да бір оқығаннан айтып берді. Осы оқиға әлі көз алдымда. Баламын ғой, женілгенім үшін атама ренжідім, өзіме ашуландым. Сөйтсем, адам ескіден қалған есті сөздерді жаттап алатын құймақұлақтың бірі екен-ау...
Атам кітап оқуымды бақылап, сөзді тануға баулыды. Кітаптардың мазмұнын сұрап, оқиғалардың желісін суреттеуді үйретті. Қысқасы, журналистік өмірге баулыды. Шүкір, атам қызмет еткен ауданның төл газеті – «Жаңақорған тынысы» газетінде еңбек етудемін...
Осы күні ойланып қарасам, атамның бойына сан өнер тоғысыпты. Ол: жазушылық қабілеті, ақындық сезімталдығы, журналистік қайраткерлігі, философтық ойшылдығы, музыканы танитын зеректігі, құймақұлақтық қасиеті тағы бар.
Иә, осы құймақұлақтығының арқасында ХVІ ғасырда Хақназар ханның хас батыры болған Қожамберді батырдың болмыс-бітімін тірілтті. Қазір орталық архивте батыр жайлы сақталған мәліметтер атамның төл туындысы. Оны қалай жазды дейсіз ғой?!
Ескінің сөзін жаттап, халық ауыз әдебиетін бойына сіңірген көнекөз қарияларды тыңдап өсті. Жастайынан жыр-дастандар, қиссалар оқыды. Атамның зеректігін аңғарған ақсақалдар Қожамберді батыр туралы аңыз-әпсаналарды айтып, түптің-түбінде «кітап етіп жазарсың» деп аманаттайды. Бұл ой оған ХХ ғасырдың 90 жылдарына дейін маза бермеді. Содан 1993 жылы кітапты жазуға біржолата бекініп, екі жылдың ішінде жазып, тарихи деректерді көркем образдармен кестелеп, туындыны бітірді. Кітаптың екінші бөлімінде Қожамберді батырдан тараған ұрпақтарының шежіресін тарқатып, оған Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі ағайынды түгел қамтыды. Осылайша бір ғылыми зерттеу институттың жүгін жалғыз өзі атқарып, тарихи жадының тереңдеуіне әсер етті.
Бұдан кейінгі жылдары 30-ға тарта кітап жазды. Барлығында елдің тыныштығы, жұрттың амандығы турасында ой қозғап, тарихи тұлғалардың өнегесін дәріптеді.
Соңғы жазған кітабының бірі – Қожакент ауылдық округінің 50 жылдығына арналды. Бұл кітапта да ескінің есті әңгімелерін жақсы білетінін көрсетіп, ертеректе болған оқиғалармен байланыстыра жазады. Кітапты қожакенттіктер жақсы қабылдап, жоғары бағасын берді. Ал ең соңғы кітабы – «Мырзан би және оның ұрпақтары» кітабы. Бұл кітапты ауруханада ем алып жатып соңғы нүктесін қойды. Сондықтан мен үшін осы кітап ыстық.
«Қызым-ай, Алланың берген қабілет-қарымының арқасында оқырманыма адалдық пен адамгершілік тақырыбында қалам тарттым. Кез-келген туындымда осы қасиеттерді дәріптедім. Осы қаламның қуатымен «Әке аманаты» деген деректі роман жазғым бар. Әрине Алла өмір берсе!», – деген еді атам.
Осы кітабын қағазға түсірмей өзімен бірге әкетті. Сондай-ақ өзімен бірге елдің сан ғасырлық тарихын да қоса әкетті. Әттең, соның бәрін хаттап алғанда ғой! Бүгінде «Әке аманаты» маған аманаттап кеткендей сезінемін. Мұның жүгі өте ауыр екенін білемін...
Атам Марфуға әжеммен шаңырақ көтеріп, Әбілхан, Ғалымжан, Әлімжан, Расул мен Ләйла, Гүлнарды құтты орнына қондырып, олардан он алты немере, он екі шөбере сүйді. Немере, шөберелерінің есімін өзі қойды. Әр немереге өзінің арнаған өлеңі болды.
...Біздің әулетте журналистер күні үлкен мереке-тұғын. Қазан көтеріліп, ағайын-туыс жиналып, сөз өнерінің мән-мазмұны мен жауапкершілігі жайында салихалы әңгіме айтылатын. Атам қыз баланы сыйлаудың да үлгісін көрсетті. Оны артынан ерген жалғыз қарындасы Күлай апаны бетінен қақпай, құрмет көрсеткенінен байқайтынбыз. Апам да ағасын ерекше қадірлеп, көзі тірісінде ізет көрсетті...
Атамның жеке кітапханасында мыңға жуық кітап бар. Көркем әдебиет, энциклопедия, ғылыми зерттеу монографиялар, естелік кітаптар және т.б табуға болады. Атамның бізге қалдырған байлығы осы. Өзінің бастаған ісін лайықты жалғастыруды аманаттады. Мен үшін бұдан жауапты, бұдан ауыр ешнәрсе жоқ шығар...

Лаура БИБАСАРОВА

13 қазан 2020 ж. 535 0