Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Жанарынан жылулық ескен

Жанарынан жылулық ескен

  Маңдайына түскен терең әжімнен тағдырына түскен ауыр сынақтар сыр шертсе-дағы бал дәуренін соғыстан кейінгі ауыр жылдар ұрлап, кейін де иығы көтертпес күндерді басынан өткерсе-дағы Мінуар әже бүгінгі күніне  шүкіршілік айтып ұрпақтарының ортасында бақытты қарттықты басынан кешіруде.


Уақыт шіркін  неткен тез, неткен тұрлаусыз десейші. Кеше ғана емес пе еді,  қолындағы тас диірменнің өңешіне тары салып айналдыра күні бойы жолын күзетіп, ашқұрсақ отырар балаларына талғажау қылып, артылғанын сатып азығын айырып отырғаны.  Сол күндер ұмытылып, ендігі қалған ғұмырында сол ұрпағынан өрген бала-шағасы мен елдің амандығы үшін Жаратқаннан жарылқау тілеп отыр. Заманның  желі бірде қатты, бірде пәстеу соғып, кешегі тасыған көл де сарқылып, буырқана аққан дария да басылғандай ма, қалай? Балық аулауға кеткен балаларының жолына қайта-қайта қарап, сарыла күтіп, жолын тосып қас қарая аман-есен кіріп келгендегі бақытын ішіне жасырып, ас суын әзірлеп жүретін кездер де  сағым болып қала берген. Жастыққа бас қойғанда бетін жуған жастан жастығы суланып  осыларды қалай жеткізем деген уайым таңға ұласар шерін ішіне бүгіп, әрбіріне үміт артқан асыл ниеті де мұратына жеткізген.
Тастүйін бекініп, тағдыр сынын қасқиып қарсы алған қайсар жан балаларына жан жарасын білдірмеді. Барлығын бірдей тәртіптен қиыс кетпеуін қадағалады. Ұл-қыздары арзан ойын-күлкіден, ащы судан аулақ болды.
 Кейін үлкені Еркін ержетіп, аяқтанып, кейінгі бауырларына қарасып, әкесіндей қамқорлық таныта білді. Өмірі тым қысқа болған  ақкөңіл Оразбегінің орны ойсырап-ақ тұр. Қармағына көбірек балық түссе, жолай тарқата келетін қолы ашықтығын жұрт әлі күнге дейін сағына еске алады. Жайдары қалпы жадында қалған ұлына деген  сағынышы одан қалған ұпақтарды жеткізсем деген ниетке ұласты.
 Ол үкілі үміті де орындалды. Оразбегінің үлкені Берік те апасының ыстық құшағында өсіп ержетті. Қайтсем жайлы өмір сүріп, асыл апамды, жастай қалған анамды жылатпаймын деген арманына жетті бүгін. Арқасына салып мәпелеп өсірген ақ әжесінің, ақ сүтін беріп өсірген асыл анасының ақ батасымен көсегесі көгерді. Қорасына мал, шаңырағына жан толды. Жүрегінің түкпіріне түйген ешкімге айтпаған армандары  қанат бітірді. Қатарымнан қалмаймын, ешкімнен кем болмауым керек деген талпынысы да қарапайым еңбектің қадіріне жетіп, қайрат жұмсауымен елдің алды болуы шын қаласаң алынбайтын асу, жеңбейтін қиындық жоғының айқын дәлелі.
 Өмір-ай десейші...Кеше ғана ойдым-ойдым болған жер тапталып, тас төселіп жатқан сияқты еді, бүгін тақтайдай тегіс жолға айналған. Сол жолмен сырғи жөнелген ақ машинаның әйнектері енді ғана ұясынан шығып келе жатқан күнмен шағылысады.
– Апа, шәй ішіп аласыз ба? – деген Беріктің дауысы қарияның ойын бұзып жіберді.
– Ие, ие айналайын, ішсем ішейін, басы құрғыр ауырып жүрер, – деген апаны көліктен немере келіні Индира сүйеп түсіріп жатты. Қалаға көрсетуге апара жатқан сәттері екен. Кейінгі кезде көзінің көруі нашарлап, екі рет ота жасатып, құлағы да естуден қалып барады. Кәрілік құрғыр өз дегенін жасатпай қоймайды екен. Десе де адал перзент әрдайым қамқорлығын сезініп отырғанға не жетсін!
Сәл кейін шегінсек. Құдірет кейбір жандарға тым қысқа ғұмыр, бірақ  көп сыйды үйіп-төгіп беретіні де бар. Ал кейбіріне тауқыметті тағдыр беріп, сабырын сынға алатынын да білеміз. Мінуар әже де алдындағы көкөрім балаларымен 46 жасында жесір қалған. Он бір баланың алды ер жетіп оны-мұны жасауға жетіліп қалған кез. Ал кейінгілері тым жас. Айлық болса да жетпейді. Сондай сәттері ержетіп қалған балалары әжептеуір сүйеу болып, күкөрісін жеңілдетіп тоғайдан  отын, жантақ шауып әкеп            Еңбекке ерте араласқан балалар бүгінде бір-бір кәсіпті меңгерген,  шаңырақтарының түтінін түзу ұшырып, берекенің бастауы бірлікте екенін мықтап ұстанған жандар.
  Мінуір әже соғыс оты тұтанған 1941 жылы небәрі 5 жаста болатын. Елге қаралы хабар келіп, үйдегі ер азаматтар соғысқа аттанғанда анасының етегіне жармасып, еңбекке араласып қолқанат болуға жарап қалған. Қорадағы аз-кем малын жайғауға барған анасына шелекпен су тасып, қырман басына да барып жүрді...Кейін 1954 жылы Мәмбет Әшірбаевпен шаңырақ құрып, аудандық су шаруашылығы мекемесінде су реттеуші жұмысын зейнет жасына дейін істеген. Кеңес Одағы президумының «Батыр ана» медальімен марапатталған. Қазір Еркін, Күләш, Оразбек, Асқар, Нұрғали, Мейрам, Гүлмира, Мұхтар, Сбит, Айнұр, Ғабиттен яғни 11 перзентінен 48 немере, 70 шөбере көріп отырған әзиз ана. Ал дүйім жұрттың жақсылығына қолғабыс қылып, ортақ пейілде жүретін Мәмбет атаның ұрпағы ұстын ұлағатымен елге сыйлы.    
Бүгінде ұрпақтары бір ауыл болып отырған осы әулетке ел қызығып  қарайды. Балаларының қуанышынан қуат алатын Мінуар әжейдің қолындағы келіні Хадиша ананың да келін болып түскеніне аттай 35 жыл болған екен.
– Ұлдарым аяқтанып, шүкір, төрт келін түсірдім. Өзім келін алсам да апам үшін әрдайым келінмін. Ақылына жүгініп, әрдайым кеңесіп отырамын. Бар жақсылығын, тәрбиесін көрдім. Жолдасым ерте кеткенде жаныма жалау бола білді. Анамдай ақылшым, қамыққанда қадір тұтар жанашырым болды, – деп ағынан жарылды.
Бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербеген абзал әже сырбаз мінезінен танбай батасын алу бізге де бұйырды. Тұғырлы Туелсіздіктің туы мәңгі көкте қалықтап, елдің амандығын тілеп, өзінің бағын берсін деп бата берген асыл әжейдің ақжарма тілегімен оралдық.
                                        
           
Әйгерім МЫРЗАХМЕТОВА
04 қазан 2020 ж. 700 0