Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ыстық ықыласты, таза жүректі жаннан ғана әдемі сөздер шығады

Ыстық ықыласты, таза жүректі жаннан ғана әдемі сөздер шығады

– Сүйінші-і-і! Апа, немерелі болдыңыз...
– А-а-а, қарағым рахмет! Айналайын, Алла рахымына бөлесін!

   Бұл Гүлнар апайдың әрдайым еститін жылы сөзі. Жылы сөз жаныңа жігер, көңіліңе қуат берері анық. Ыстық ықыласты, таза жүректі жаннан ғана әдемі сөздер шығады. Айналасына күлімдеп шуақ шашып жүргендер жайлы ойлағанда Гүлнар апай еріксіз еске түсті. Тағдырдың бұралаң жолы мен қым – қиғаш өмірдің сан тарауын артқа тастап, бүгінде зейнет демалысына шыққалы отырған денсаулық сақшысының өмір жолы кім-кімге де үлгі.
   Бірде Аққұмның Қауық елді мекенінен шақырту түседі. Дереу жолға шықан жедел жәрдем көлігі аман-есен діттеген жеріне келіп тоқтайды. Есіктен кіргенде үй ішінің қып-қызыл қанға боялғанын көріп шошып кетеді. Аяғы ауыр ананың халі ауыр екеніне көз жеткізеді. Уақыт жоғалтпай дереу қызметіне кіріскен. Нәтижесінде бала да анасы да аман қалады. Енді оларды қалайда аудандық перзентханаға алып келу керек. Жолай жүргізуші екі бүктеліп одан әрі қарай жүргізе алмайтынын айтады. Не істеу керек? Акушер қолында ағаш қасықтай құндақтаулы нәресте. Жүргізушіге алғашқы көмек көрсетіп, еріксіз рулге өзі отыруға тура келеді. Жүйткіген көлік перзентханаға келіп бір-ақ тоқтайды. Міне, кейде адам өмірі үшін көзсіз ерліктерге барып жатады. Адам өмірін арашалауды мақсат еткен адал жанның бұл бір ғана ерлігі. Сүйікті мамандығына үш мүшелін арнаған аяулы жан кәсібін білген сайын ынтыға түседі.
Гүлнар ападан отыз алты жыл артқа көз тастауын сұрағанда: – Иә, өмір өз ойлағаныңдай бола бермейді. Небір қиын кездер де, қызықты сәттер де өтті. Бірақ мен ақ халат киіп, адам өмірінің арашасы болуды бала кезден армандадым. Сол арман жетегі менің осы кәсіпті меңгеруіме алып келді. Ең алғаш кіндік кескен кезімде небәрі 21 жаста едім. Көңілде аздап қорқыныш болғанымен, өзіме деген сенімділік күші басым болды. Солай бір шаранаға жарық өмір сыйлауына себепкер болғаннан кейін мамандығыма деген қызығушылығым мен құрметім артты. Сәбидің іңгәлап жылап өмірге келгені ең бір бақытты сәттер екен.
   ...Ол кезде бүгінгідей техника, зырғып жатқан көлік, асфальт жолдар жоқ. Жедел жәрдем көлігінің батып қалған кездері де кездесті. Мұндайда жолды тосып, толғатқан ананың есікке қарап, тағаты таусыла сарсыла күткені көз алдыңа келеді. Сондайда көліктің жүруін күтпей түн ішінде діттеген жерге жаяу жеткен кездер де кездесті. Хәл үстінде жатқан ана мен баланың өмірі үшін кейде тәуекелге бел байлауыңа тура келеді. – Бірде бір келіншектің аман есен босанғанын күйеуіне жеткізуге шықсам, сыныптасым марқұм болған Нұрберген Тастаев тұр. Кезінде Қызылорда қаласында ол пединститутта мен училищеде оқып жүргенде ол маған «Сыныпта озат оқушы едің, енді училищеде оқып жүргенің не?» деп әзілдегені бар еді. Сол есіне түсіп, қызарақтап менен сол кездегі айтқаны үшін ұялып «Ең қастерлі мамандық иесі екенсің ғой» деп айтқанын бірнеше жылдан кейін жуып-шайғаны бар, – деді кәсіби маман.
Қалай десек те, бір аяғы көрде, бір аяғы жерде тұрған болашақ ананың Алладан кейінгі бар сенері де дәрігер. Ол қашанда уақытпен санаспай үнемі қызмет орнынан табыла біледі. Ісіне ұқыпты. Жауапкершілік жүгін сезіне алады. Ұжымда құрметке бөленуінің бір себебі осы.
Гүлнар апамен әңгімелесе отырып, тапшылыққа айналып кеткен тазалықты, жан тазалығын байқадық. Өз мамандығына деген шексіз сүйіспеншілік пен ар алдындағы аманатқа қашан да берік ана бейнесі көз алдымнан кетпей қойды. Шіркін, барлық ақ халаттылар осындай болса екен...

Әйгерім МЫРЗАХМЕТОВА.
15 қараша 2018 ж. 1 291 0