Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Жексенбіден дүйсенбіге қараған түнгі оқиға немесе империя щабуылына тойтарыс берген Нұрмахан Оразбекұлын білесіз бе?

Жексенбіден дүйсенбіге қараған түнгі оқиға немесе империя щабуылына тойтарыс берген Нұрмахан Оразбекұлын білесіз бе?

Батыр қаламгер ағамыз Нұрмахан Оразбекұлы дүние есігін ашқан шақ Голощекиннің қылышының қаны сорғалап тұрған 1937 жылғы қыстың алғашқы күні еді. Сырдың күнбатыс бетіндегі Қызылқұмға иек сүйеген шағын ғана Қандөз деген ауылдағы қара шаруаның суық үйі сәбидің іңгәсімен жылынғандай болған. Елдің сұры кеткен суық күндерінде қайбір шілдехана болып жарытсын. Әйтеуір, ағайын-туыс «Соңынан ат ұстар ерді», деп қуанысып қалған. «Көрген жерден көз кетпейді» атты естелік кітабында автор:
«Журналисттің кіндік қаны тамған жер – Қандөз.

Әкесі бұл туғанда Орынбор-Ташкент темір жолының Шорнақ тұсындағы №31 разъезінде қара жұмысшы болып істейді екен. Содан отыз сегізінші жылы үйін сол Шорнаққа көшіріп әкетіпті. Сонда өскен, сонда мектеп бітіріп шалғайға аттанған. Туған жерін тек алпыс алтыншы жылдың күзінде, «Лениншіл жастағы» бір жыл жұмысынан кейін еңбек демалысына шыққанда ғана көрді. Алпыс бесінші жылы сол жерде түйе совхозы ұйымдастырылып жатыр екен дегенді естіген. Әкесі алпыс сегізінде пенсияға шығып, Шорнақтан туған жеріне 1966 жылдың көктемінде көшіп кеткенін білген. Демалысын сол Қандөзде өткізген». Деп жазады. Жоғарыда көрсетілгендей, орта мектепті Түркістан қаласына жақын Шорнақ елді мекенінде оқып бітіреді де, үлкен өмірге сол жерден жолдама алады. Сондықтан да ол кісіні жұрт Оңтүстік Қазақстан облысының азаматы деп түсінеді. Шындығында Нұрмахан Оразбек Сыр бойының тумасы. Әкесінің қарашаңырағы Қандөзде әлі орнында тұр.
Өткен күндерге тағы бір ой жүгіртелікші. Жортпаш баланың ағаш атпен шапқылап жүрген бір күні сұм соғыс басталды да, әкесі майданға аттанды. Сол 1942 жылдың күзінде анасы ауыр науқастан жиырма тоғыз жасында дүние салды...
Шешесіз жетім-шерлі жетім. Оны әкесінің ағасы қолына алды. Немере ағасы Түзелбай Шорнақтағы мектепке ілестіріп апарды. Ол сұм соғыс біткен 1945 жылдың күзі болатын. Талаптың тайы оқудан шапқан ба, ол сабақты тәуір оқыды. Өжеттілігі тағы бар, өз тұрғыластарының алдында жүрді. Жөнсіз шаруаға араласу болса да қанында жоқ. Алайда, қиянатты іске шарт сынады. Бетің бар, жүзің бар демей айтып салады. Мұнысы батылдығы ма, әлді жүрек лүпілінің бұйрығы солай ма, кім білсін. Әйтеуір, жасандылық емес­тігі ақиқат!
«Лениншіл жас» газетінде әдеби қызметкер кезінде қоғам­дағы кей көз бояушылықты әшке­релеп «Өткінші» деген мақала жазды. Талай басшының жонына қамшы болып тиген журналистің бұл сынының соңы ЦК-да қаралып, кердең, керенеаудың көбі онымен байқап сөйлесетін болған.
Жетпісінші жылдары «Қа­зақс­тан­да қой басын 50 млн-ға жеткіземіз» деген дау­рық­­памен облыстардың әр ау­да­нында ком­сомол жастар бри­гадалары құрылып, мектеп бі­тір­ген боз­балалар мен өрімдей қыз­дарды күштеп қой бағуға жіберген зорлық әрекет жаппай өріс алған. Өмірі ата-анасының маңынан ұзамаған балалар айдалада мал бағып жүріп, талай қиыншылыққа ұшыраған-ды. Оларға қой бақтырмақ түгілі үйден ұзап шықпаған көзсіз көбелектерді үлкендердің қарауынсыз тастау өшпенді өктемдік еді. Міне, сол саяси науқанға Оразбекұлы қар­сы шықты. Кейіннен бри­гадалар тарап, мал иелігі білікті мамандарға берілді.
Оның Қарағанды облысындағы «Орталық Қазақстан» газетіне бас редактор кезінде обкомның бірінші хатшысы Лагутинмен ілінісіп қалғаны бар. Себеп сол – баяғы шындықты бетке ұстайтын, тіке айтатын әдет. Әйтпесе, Мәскеуден келген шенеуінікте алты аласы, бес бересі жоқ қой. Сол шамада Теміртау қаласында бірінен соң бірін сегіз қазақ жігітін асып өлтірген жантүршігерлік оқиға болған-тын. Обкомның бюросында бас редактор тұрып: – Бұл қалай, қазақтарды қорлау ма? – дейді. – Құқық қорғау органдары ай қарап отыр ма, бақылайтын обком қайда?
Бұл сөз жел жағынан адам жүрмейтін біріншінің шамына тиеді.
–Оразбеков, ұлтшылсың!
–Мейлі, қалай ұқсаңыз, солай ұғыңыз, бірақ мына жағдайға шара көріңіз!
Айтпақшы, облыстық газеттің маңдайшасындағы «Бар­лық ел­дер­дің пролетарлары бірігің­дер!» деген ұранды алып тастап, «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деп алғаш жаздыруы да ұлт қайраткерінің батылдығы.
1991 жылғы Мәскеудегі Тамыз оқиғасы көпшіліктің есінде. ГКЧП туралы естісімен Нұрмахан Оразбек өзі басшылық жасайтын «Орталық Қазақстан» газетіне «Жексенбіден дүйсенбіге қараған түні төңкеріс болды» деген бас мақала жазып дайындады. Және де қосымша «Иә, бұл – төңкеріс!» деп мәлімдеме-мақаласында тағы нықтады. Редакциядағы жігіт­тердің зәрелері ұшты. Әлі де империя қылышының қайқы кезі. Бас редакторды бетінен қайыра алмаған соң олар Нұрекеңнің сыйлас ағасы Жайық Бектұровты шақыртады. Ол кісінің сөзін жерге тастамас дегені болар. Оразбеков бәрібір көнбеді. Тек, сөз соңына бір сөйлем қосты. «P.S. Бұл мақалаға тек өзім ғана жауаптымын, өзгелердің қатысы жоқ», деп қол қойды.
Материал 20 тамызда жарық көрді. Шындығында, бұл сол уақыт өлшемімен алғанда көзсіз ерлік еді. Кейіннен бір жаймашуақ кезде жазушы Сапабек Әсіпұлы: «Біздің құлдық психологиядан арылғанымызды Нұрмахан осы мақаласымен сақтап қалды», деп бағалағаны бар. Расында бұл ел тәуелсіздігіне жасаған империяның шабуылы еді. Нұрекең оған қаламымен қасқайып қарсы тұрды.
Қаламгер қаламынан туған «Капитал ордасындағы 18 күн», «Қасиеттісің сен, Отан!», «Қағажу көрген өмірден», «Мұхиттың арғы жағы, бергі жағы...», «Көрген жерден көз кетпес», «Өткенге өкпе жоқ», атты және де басқа кітаптары оқырманына мол рухани дүние сыйлайды.
Нұрекең 1974-1991 жылдар аралығында ҚазТААГ-те бас редактор, директорының орын­басары, Қарағанды облыстық «Орталық Қазастан» газетінін Бас редакторы қызметтерін атқарса, одан кейн Баспасөз министрлігінің мерзімді баспасөз бас басқармасының бастығы, ағылшын тілінде жарық көретін «Қазақстан» газетінің бас редакторы, Ал 1995-жылдан өмірінің соңына дейін «Қазақстан» баспасының директоры болды. Сонымен бір мезгілде 2000-2002 жылдары «Ақиқат» журналының Бас редакторы қызметін қос атқарды. Аяулы ағамыз 1916-жылдың желтоқсанында 79-ға қараған шағында ауыр науқастан бақилық болды. Туған жерге деген сүйіспеншілігін қарасаңшы, өзі ауырып жүрген соңғы күндерінің өзінде жеңіл көлігінің рөліне отырып, елге келіп қайтты.
Нұрмахан Оразбек «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері. Шыңдалған шарболаттай ағаның құнды туындылары өз оқырманына рухани күш береді. Оған біз сенімдіміз.
Ол Журналистикаға барынша адал еді. Жүрген ортасына аса сыйлы болды. Біраз жыл бұрын қарағандылықтар оны «Халық қаһарманы» атағына да ұсынды. 2018 жылы Алматы қаласында 80 жылдығына сай ғылыми-танымдық конференция жоғары дәрежеде өткізілді. Қазақтың маңдайына жүз жылда бір туар асыл азамат өзінің туған жерінде де ескерусіз қалмаса екен. Сөз соңында айтарым, өңір басшылығы Батыр Журналист-баспагер Нұрмахан Оразбекке лайықты құрмет жасауды ойластырса жөн болар еді. Аудан орталығы - Жаңақорған кентінен бір көшеге есімін берсе артық емес. Оның өмірі мен өнегесі кейінгі жастарға үлгі болары анық. Ғылыми-танымдық конференция өткізіп, Ел Тәуелсіздігін қорғаған азаматымызды өзіміз бастап құрметтесек нұр үстіне нұр емес пе. Бұл туралы аудандағы беделді ақсақалдарының да пікірі оң. – Батыр да, әділ кісі ғой, қандай да құрметке лайық, –дейді қадірлі ағамыз Зинабдин Шермағанбетов әңгіме ауаны барысында.

Нұрмахан ЕЛТАЙ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
«Ақпарат саласының Үздігі»

30 қыркүйек 2020 ж. 475 0