№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Жанұя жарасымы – жақсы келіннен

Жанұя жарасымы – жақсы келіннен

Келіні жақсының керегесі алтын. Себебі шаңырақтың беріктігі мен ынтымағы, отбасындағы ұл-қыздың ұлағатты тәрбиесі келіннің бойындағы жақсы да жағымды қасиеттермен астасып жатады. Демек ибалы келін ортасында сыйлы болуымен қатар ағайын-туыс арасындағы алтын көпір. Міне, осы ұлық дәстүрді насихаттау бағытында Әбдіғаппар ауылдық клуб үйі қызметкерлерінің ұйытқы болуымен «Жас келін» байқауы ұйымдастырылды.
Он саусағынан өнері тамған, қазақтың ұлттық салт-дәстүрін бойына сіңірген Сүттіқұдық, Екпінді, Байкенже, Әбдіғаппар, Машбек ауылының келіндері онлайн форматта бақ сынасты. Күнделікті тіршіліктегі әйел қауымына тән тұрмыстық дәстүр түрлерін ортаға салған байқауға қатысушыларға «Арман» кенттік мәдениет үйінің директоры, «Ақбаян» әйелдер қоғамдық бірлестігінің төрайымы Күлән Әбілтанова, Әбдіғаппар ауылдық кітапханашысы Гүлнар Бабаева мен «Жаңақорған тынысы»газетінің тілшісі Лаура Бибасарова сарапшылық етті.
Ауылда өркен жайып, ата-ене алдында өсіп-өніп жатқан жас келіндер алғашқы сайыста өздерін таныстырып, ұмыт қалып бара жатқан салт-дәстүрді жандандырып, қазақтың  бай дастарханын айшықтауға барын салды.
Онлайн бағытта тартысты өткен сайыс барысында инабаттылық пен парасаттылық қасиеттерді бойына сіңіріп, үлгілі келін, ақылды ана, сүйікті жар атанған, қазақы қалпынан танбаған аяулы келіндерді көрдік. Ақылына көркі сай әр іс-әрекеттерінен ізеттілік байқалатын келіндер сайыс ережесіне сай өнер көрсетумен қатар өздері таңдаған дәстүрдің қыр-сыры мен бағыт-бағдарынан сыр шертіп, жіліктеп, жіктеп айтып өтті. Бейнебаян ретінде түсірілген көріністен жас келіндердің ұлттық үрдісімізден хабардар екенін көріп қуанған жайымыз бар. Осындай тұла бойы сан мың өнерге бай, зейінді келіндер барда қазақтың ұлт ретінде қалыптасуы ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа жалғаса беретіні анық.
– Келешек ұрпаққа ата-бабамыздан қалған бай мұрамызды насихаттап, құнды өмірлік дағдыларымызды жастар санасында жаңғырту мақсатында ұйымдастырылған онлайн жарыстың өзіндік ерекшелігі бар. Мемлекетті шағын отбасы құраса, осы шаңырақтың ұйытқысы нәзік жандылар. Ал жарыстың басты мақсаты қазақтың келіндері қандай болған, қандай болуы керектігін өскелең ұрпақ  санасына сіңіру. Сонымен қатар ата-енеге аянбай қызмет етіп жүрген тәрбиелі келінді үлгі ету, – дейді клуб үйінің меңгерушісі Өмірсерік Бейсенбиев.
Қатысушылар байқаудың әр кезеңінде тапқырлығы мен біліктілігіне, көрсеткен өнеріне қарай әділ бағасын алып, марапат төрінен көрінді. Нәтижесінде Сүттіқұдық ауылы атынан бағын сынаған Жанат Ниязова бас жүлдені жеңіп алды. Бірінші орынды Екпінді  ауылынан қатысқан Бақтыгүл Әзімбаева, екінші орынды байкенжелік Сымбат Дәуренова мен әбдіғаппарлық Ақнұр Дайрабаева лайықты болса, үшінші орынды Сұттықұдықтан қатысқан Бота Байымбетова мен машбектік Жансая Дүкенбаева иеленді. Жеңімпаздарға ұйымдастырушылар тарапынан дайындалған «Алғыс хаттар» мен бағалы сыйлықтар үлестірілді.
– Ұйымдастырылған байқау қазақ келіндерінің мәртебесін көтеріп, абыройын асырып, одан әрі биіктете түскеніне сенімдімін. Өйткені қай қатысушы болмасын өз ауылының үздік келіні екенін дәлелдеп, топ жаруда аянып қалмады.Бірі би билеп, бірі ұлы ақын хакім Абайдың өлең жолдарын оқыса, енді бірі ән айтып, қолдарынан не келетінін дәлелдеп, әділқазылар алқасының көңілінен шығуға мейлінше тырысқан.  Онлайн форматта өткен сайыс болған соң ой-пікірімізді сұрап-білуде әділқазылардың басын қосып, ұйымдастырған клуб үйінің сүйемелдеушісі  Назгүл Оразбековаға да алғыс айтамыз,  – деді «Арман» кенттік үйінің директоры Күлән Әбілтанова.
Жалпы отбасының ынтымағы жайлы көп айтқаннан осындай ел жүрегінен орын алатын тағылымды іс-шаралардың жиі өтуі анағұрлым тиімді екеніне тағы бір көз жеткіздік.
Лаура БИБАСАРОВА
30 тамыз 2020 ж. 1 539 0