№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » ЖАНАРЫНАН ЖЫЛУЛЫҚ ЕСКЕН

ЖАНАРЫНАН ЖЫЛУЛЫҚ ЕСКЕН


Кітапхана – құтхана. Ілім-ғылымның жаршысы. Сондықтан онда қызмет істейтін адамдардың рухы бай, мәдениеті жоғары болады. Мұны саналы өмірін кітапхана қызметіне арнаған Жәмилә Тайымбетоваға қарап айтуға болады. Жақында ғана «Кітапхана ісінің ардагері» төсбелгісін алған апамызды «Сенбілік сұхбат» төріне шығарып, алдымен марапатымен құттықтадық.

– Рақмет! Бұл – ұзақ жылдық еңбегіме берілген баға деп білемін, – деп бастады әңгімесін ол.
– Кітапхана саласына қалай келдіңіз?
– Бала кезімде кітапқа қатты құмар болдым. Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы», Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақ білек» романы, Міржақып Дулатовтың «Бақытсыз Жамал» кітабын жата жастанып оқитынбыз. Кітап өмірімнің бір бөлшегіне айналды. Кітап оқуға деген қызығушылығым осы жолды таңдауға алып келді.
– Өмірдегі ұстанымыңыз қан­дай?
– Басты ұстанымым, Абай атамыз айтпақшы, абайлап жүріп, анық басу. Кез-келген істе адал болу. Оның ішінде, отбасыңа, жұмысыңа, айналаңа.
– Отағасымен бір шаңырақ астында жарасымды өмір сүруіңіз­дің сыры неде?
– Шаңырағымыздағы шаттық сыйластықтың арқасында. Бір-бірімізге деген сый-құрметіміз ерекше. Көкең де мінезге бай адам. Мен де ілтипат көрсетуден бір айныған емеспін. Жарасымды жанұя болу біржақты болмайтынын әу бастан түсінген жандармыз.
– Бала тәрбиелеудегі өз ойыңыз, тәжірибеңіз жайлы айта кетсеңіз...
– Әр баланы жеке тұлға деп қарауымыз керек сияқты. Бір ана, бір әкеден туылса да әр баланың мінезі, болмысы әртүрлі болады. Баланың кез-келген жетістігіне қуана біліп, дер кезінде кейбір олқы қылықтарымен күресіп,болашағына сенім ұялату керекпіз.
– Бүгінде келін түсіріп, немере сүйіп отырған әжесіз. Бала бағудың бақыты қандай?
– Құдайға шүкір, келіндерімді қызым­дай көремін. Олар да сыпайы қалыптарынан айнымай, үлкендерге ізет көрсетіп тұрады. Ал біз кішкентайларын бағудан шаршамаймыз. Үлкенім Нұрханның қыздары кітапхананың тұрақты оқырмандары. Қолымдағы немерелерім де ертегі тыңдағанды ұнатады. Олар келешекте кітапты жандарына серік етсе, өмірлеріне азық болары анық.
Олардың еркеліктері, балдай қылықтары шаршағаныңды ұмыттырып, көңіліңді демейді. 
– Сүйіп істейтін ісіңіз, яғни қазіргі тілмен айтқанда хоббиіңіз?
– Гүл өсіргенді жақсы көрем. Осы іс жаныма тыныштық сыйлайды. Әрбір гүлдің күтімі әрқалай, бірақ бәрі де аялы алақанды, қамқорлықты қажет етеді.Гүл кез-келген ортаның сәнін келтіріп ажар береді. Ол менің екінші тынысым десем де болады. Үйдегі ауа-райы да гүлге тікелей әсер етеді деп ойлаймын.
– Кейінгі буын жастарға айтарыңыз бар ма?
– Бәрі бақытты отбасы құрғысы келеді. Десе де, екі жастың бірін-бірі құрметтеуі, болмашыға ренжіспей, қателіктерге кешіріммен қарауы отбасының іргесінің берік болуына алып келеді. Ең бастысы, әйел ер азаматынан бір саты төмен тұруы тиіс. Сыйластық болмаған үйде береке де, ырыс та болмайды.
– ХХІ ғасырдың 20-жылындамыз. Болашақтың балаларын қалай елестетесіз?
– Еліміз даму үстінде. Технология болса қарыштап қарқынды дамып жатыр. Біздің елдің ұландары техниканы меңгеріп, білімін жетілдіріп, инновациялық үдерістерге дайын болуы қажет деп ойлаймын. Қазіргі жастар өте зерек, ақылды. Тек соны дұрыс жағына бағыттай алсақ. Ол үшін ата-ана, бала, ұстаз арасындағы үш жақты байланыс тығыз болуы тиіс.
– Салаңызға қайта оралсақ, интернеттің дамыған заманында кітапхана оқырманы азайып кетпеді ме?
– Жо-жо-о-қ, қайта кішкентай балаларын жетектеп әкелетін аналар, кітапты іздеп жүріп оқитын балалар жетерлік. Есіктен кіріп келгеннен баланың деңгейін бірден білесің. Содан кейін оған қызығатын кітабын тауып беріп, үздік оқырман етуге тырысасың. Кітап адам жанының азығы, жанына сая, өміріне серік еткен жандар кітаптан бір уақ алыстаған емес.
– Бір сөзбен айтқанда, кітапханашы қандай болуы тиіс?
– Кітапханашы мамандығы халық қызметшісі. Бүгінгі заманның кітапха­нашысы заман талабына сай білімді, технологияны меңгерген, ерекше ынталы болуы шарт. Кітапханашы алдымен патриот болуы керек. Себебі, оқырманға егемендіктің, тәуелсіздіктің бағасын сездіртуге де, рухын оятуға да да кітап керек. Ал кітапханашы осы дүниелердің насихатшысы, дәріптеушісі.
– Оқырмандарыңыздың ішінде осы жолды таңдағандары бар ма?
– Иә, бар. Олар әрдайым хабарласып, жағдайымды біліп тұрады.Тіпті басқа жолды таңдаса да, «Кітапқа қызығушылығымызды оятқан сіз едіңіз» деген жылы лебіздерін естіп тұрамын. Ондай оқырмандар түрлі салада бар.
– Сырлы сұхбатыңызда рахмет.
ТҮЙІН. Қыз ғұмырының керуені ана болу бақытына алып келеді. Ана болу ең жауапты, ең қастерлі ұғым. Перзентінің бақытынан басқаны биік қоймаған ана, кейін аяулы әже болу қызғалдақ өмірдің жалғасы іспетті. Жарасымды жанұя болып, бақытын босағадан күткен қазақ әйелінің тағы бір феномені алдымызда отыр. Әулетіне жанашыр, табалдырығына тәу еткен абзал ананың қай сөзінен де осыны ұқтық. Кездескен қиыншылықтарға мойымай, жарасымды жанұя болуға, ұрпағын ұлтжандылыққа баулуға тырысқанын пейілінен байқадық. Үш баласынан тараған он үш немеренің сүйікті әжесіне айналған Жәмила ананың жүріп өткен жолы – оның жемісті ғұмыры.
Сұхбаттасқан
31 шілде 2020 ж. 399 0