№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » » Өткеннің ғибраты ұмытылмайды

Өткеннің ғибраты ұмытылмайды


Уақыттың жылдамдығы-ай десейші!..Өткен жылдар қайраңнан сығалаған сұлу сағымдай көз алдымда елестеп тұрады. Өзім жар басында тұрмын дей алмасам да жетпіс деген жастың желкесіне міндім. Мен туған жерім – Жаңақорған ауданының Қызылқұмға шығар жолында орналасқан, «Байкенже» елді мекені. Төртінші сыныптан бастап ауылдан сырт жақтарда, яғни мектеп-интернатта оқыдым. Соңғы 1968 жылы Шиелі ауданындағы «Ақмая» ауылында тұратын апам Арапгүлдің үйінде оқып, сондағы №49 орта мектепті бітіріп, 1 қыркүйектен бастап Жаңақорғанның №3 мектеп-интернатында аға пионер вожатый болып алғашқы еңбек жолымды бастадым. Маған 6-сынып жетекшісі қызметін қосымша тапсырды. Интернатта бастауыш сынып мұғалимасы, болашақ журналист Бибігүл Мәтеновамен әріптес болған едім.Бұл жұмысқа орналасуыма аудандық «Коммунизм жолы» газетінде ауылшаруашылығы бөлімінің меңгерушісі болып істейтін, шығармашылықтағы қамқоршы ағам Жақсылық Рахматулла көмектесті. Жергілікті газетке «Дос сыры» деген әңгімем жарық көрген. Әлі есімде, шығарманы Файзулла Сахиев оқып көрді де, дереу жазу машинкасына басуға жіберді. Әр кездескен сайын Жақаң жанашырлық танытып: «Уақытша істей бер! Жазуыңды тоқтатпа, жаза түс! Сен біз сияқты журналист болуың керек», – деп мейірлене арқамнан қағып, жігерлендіріп те қоятын.

Оқушы кезімде ұстазым Айдар Әлиев туралы жазған «Ұстаз мерейі» атты суреттемем республикалық «Қазақстан пионері» газетінде басылған «Таң» және «Мен бүгін» деген өлеңдерім арқылы мектепте жүргенде-ақ әжептеуір бедел жинап алдым.
 Ал, 9-сыныптың күзінде Жаңақорған ауданының орталығында өткен ере­сектер арасындағы қазақша күрес жары­сында өз салмақ дәрежем бойынша екінші орынды жеңіп алып осы жеңісім туралы аудандық радиохабардың жүр­гізушісі, Жақаңның зайыбы Айжамал апай­дың жариялағаны әлі күнге жүрегімде тұр. Осы күзде «Қожамберді» (бұрынғы «Коммунизм») ауылында жас шопан Сәулебек Құлбаевтың үйлену тойы болып, спорт жарыстары өткізілді. Сонда 3 шақырымдық кроссқа ойда жоқта қатысып, бірінші орын алғаныма шаттандым. Өзіме жарасымды сый-сияпатты иеленіп, жалпы сыныбымыз болып сол күні арнайы кеш ұйым­дастырдық.
Мамыр айында 9-сыныпты бітіріп, «Төменарық» кеңшарының №2 фермасы атынан «Орыс қазған» деген жерде бір топ жастар жазғы мал азығын дайындау науқанына қатысып жүрген кезімізде қасымызға аудандық газеттің жауапты хатшысы Айдархан Бибасаров аға келіп, сол кісінің тапсырмасымен репортаж жазып, редакцияға поштамен жібердім. Келесі аптада репортаждың шыққанын газеттен көрдік.
***
1968 жылғы қараша айының соңында маған Шиелі аудандық әскери комиссариатынан шұғыл шақырту қағазы келді. Не керек, үш-төрт күннен кейін әскер қатарына алынып кете бардым.
Азаматтық борышымды екі жыл Мәскеу маңындағы горнизондардың бірінде өтеп, қыш қалаушы кәсібін меңгердім, кіші сержант шені берілді, БЛКЖО-ның рота комсоргы қоғамдық жұмысын атқардым, «Жауынгерлік жетістіктері үшін» медалімен мара­патталдым.
1971 жылдың 15 ақпанынан «Ком­мунизм жолы» газетіне корректор болып қабылдандым.
Редакторымыз, балалар жазушысы атанып қалған Адырбек Сопыбеков, оның орынбасары Қалжан Ысмайылов еді. Журналистер қатарында егде жастағы Мінер Арысбаев аға да бар. Мінер аға бұрын Шиелі аудандық «Өскен өңір» газетінің редакторы болып қызмет атқарғанын білетінмін. Түстік жақтағы санаторий тұрғын үйлерінің бірінде тұратынын естігенмін.
Бірде редакцияға келсем, барлығы бір бөлмеде жиылып, бір түрлі көңілсіз күйде отырғанын сезе қойдым. Өзім сұрақ қоюды ыңғайсыз көрдім. Үнсіздікті құрдас қаламдасым Бақтыбай Айнабеков бұзды. Мінез ағамызды стансаға келіп-тоқтаған жүк вагондарының арасынан тез өтіп кетемін дегенде құлап қалып қарсы жақтағысы қағып кетіпті.
Өлім деген табан астынан деген осы-ау. Сілейіп отырып қалдым.
– Қаламдас әрі ақылшым қайран көкем-ай!.. – деп жылап, көзімнің жасын сығып алдым.
Иә, өкінгенмен не пайда? Кеше ғана арамызда жайраң қағып жүрген бейне енді ғайыпқа айналып кеткені өте өкінішті болды. Бұл ерте ме, кеш пе, бәріміздің маңдайымызға жазылар зауал ғой.
Өкініштісі, жанарын суалтып,жанын салып жүріп жазып бітірген романы бар еді, соны кітап етіп шығара алмай кетті жарықтық! Сол романның басылған, басылмағанынан осы күнге дейін хабарым жоқ.
Арада жарты ай өткенде мен радио хабарларын ұйымдастырушы қызметіне қабылдандым. Газет аптасына үш рет шығады ал, отыз минуттық радио хабарын апта сайын беріп тұрамын. Сол уақытта барлық ауылдар және аудан орталықтарында репродуктор, сондай-ақ, әр үйде, кеңседе де кішкене радиоқабылдағыштар ілулі тұратын.
Жарты сағаттың радио хабарын дайындау ісі шаш-етектен. Жазу машинкасына басылған мақаланы мәнерлеп оқумен қатар бұған магнитофон таспасына жазылып алынған мамандардың жанды дауысын эфирге әзірлеймін. Радио хабарларын бастарда және аяқтарда Құрманғазының «Сарыарқа» күйін беретінім тыңдаушыларға бірден әсерлі естілетін.
Репортер аппараты орнына магнитофонды пайдаландым. Кейде хабар, мақала, суреттеме, репортаж хабарларынан бөлек, ауданның бір апталық тіршілік тынысына, аудандық газеттің жаңа нөміріне шолу жасайтынмын.
Бір жағынан менің қызметім Қызылорда облыстық радио және теледидар комитетіне қарайтын, сондықтан, айлық жалақымды да, қамтамасыз етіп отыратын комитет төрағасы Жақсылық Бекқожаев кейде-кейде нұсқау беретін. Алғашқы жылдардың бірінде облыстық радиода қызмет істейтін, қазіргі белгілі жазушы Тынымбай Нұрмағанбетовпен таныстым. Қызылордаға барған сайын, ол кісіге арнайы соғатынмын. Жазушы әрі сатира жанрының нағыз сарбазы атанған Асқар Тоқмағанбетов ағамен арнайы сұхбаттасып, дидарласуым өмірлік өнеге болып қалды.
Жыл сайын Қаратаудың  сазды да көкмайсалы жайлауында шопандар тойы өтетін. Бір жылы өзім «Төменарық» кеңшарының атынан «Красная звезда» кеңшарының автоклуб меңгерушісі Есіркеп Қоңқабаевпен ақындар айтысына шығуым да мені батылдыққа шыңдады.
1974 жылы КСРО Жуналистер одағының мүшелігіне қабылдандым. Журналистік билетті «Сыр бойы» («Ленин жолы») газетінің бұрынғы редакторы Қалқабай Әбенов тапсырды.
Қызмет бабымен іссапарға шығып, тексерулер мен рейдтер құрамында жүрдім. Жаңақорған аудандық «Комсомол прожекторы» штабының төрағасы қоғамдық жұмысын қоса атқардым. Осы бағытта республикалық «Жас алаш» («Лениншіл жас») газетіне мақалалар беріп тұрдым.
«Сунақата» кеңшарының күрішшілері туралы жазған «Мөлдір шық», әнші, сазгер Бексұлтан Байкенжеев туралы жазған «Арман асқарында» атты очерктерім  оқырмандардан жоғары бағасын алды. Жаңақорғанның түлегі, әдебиет саласының майталманы Мұхамеджан Қаратаевтың 60 жылдығына арнайы келген ақын Сырбай Мәуленовтың сөзінің толық нұсқасын эфирге шығардым. Мұндай шешендік мәнермен сөйлейтін кісіні бұрын-соңды көрмеген едім. Не деген көл дария теңеу, телегей-теңіз білімділік десеңізші.
1975 жылы Жаңақорғаннан Түркістан облысының Киров аудандық газетіне бөлім меңгерушісі болып ауыстым.Одан әрі көршілес Өзбекстандағы «Достық» газетінде редактордың орынбасары әрі жауапты хатшы болып көп жыл қызмет атқардым. 1997-2004 жылдар аралығында Өзбекстандағы республикалық қазақ тілінде шығатын «Нұрлы жол» газетінің меншікті тілшілер қосынын басқардым.Кейін денсаулығыма байланысты жұмыстан қол үзуіме тура келді.
Жетісай қаласына келіп денсаулығым оңалған соң  жергілікті «Саннұр» қоғамдық телеарнасының бас редакторы, кейін республикалық «Жеті сыр» газетінің қызметкері болыпкүні бүгінге дейін өмірлік қағидама қылау түсірмеуге тырысып келемін.
Жан-жарым Айтаңсық екеуміз сегіз ұл-қыз тәрбиелеп өсірдік, олардан жиырма шақты немере және екі шөбереміз бар.

Құдыретілла РАХМЕТУЛЛАЕВ
19 шілде 2020 ж. 450 0