№97 (8808) 7

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (8806) 30

30 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» ЖАСАЙ БЕР, ЖАҢАҚОРҒАННЫҢ ЖАРШЫСЫ!

ЖАСАЙ БЕР, ЖАҢАҚОРҒАННЫҢ ЖАРШЫСЫ!

«Алғашқы мақалаң «Жаңақорған тынысы» газетіне шыққан еді ғой?! Сол газетке биыл 85 жыл» деп телефон шалды досым Ерубай Қалдыбек.
Ет-жүрек елжірей түсті. Көз алдыма «Есеп 3:2» деген тақырыппен шыққан шағын хабарламам сурет болып тұра қалғаны. 1968 жылы Қосүйеңкідегі №161 Ынтымақ сегіз жылдық мектебінің 6-сыныбында оқып жүргенімде жолдаған қысқа ғана хабарламам еді. Сондағы жазғаным мектепішілік жарыста 7-сынып оқушылары 8-сыныппен волейбол ойнап, 3:2 есебімен жеңгені туралы еді. Басқаны білмеймін осы ақпарат мен үшін осы күнге дейін аса ыстық.
Осылайша бір-ақ күнде ауылда «тілші бала» атанып шыға келдім. Енді ақын болғым келді. Қиялданып отырып «Біздің ауылдың адамдары» деп айқайлатып тақырып қойдым да, өлең жолдадым. Оның бастапқы шумағы əлі есімде: Барлық тірлік таңмен бірге атқандай, Біздің ауыл адамдары бəйгеге түсер аттардай. Асыға басып барады олар жұмысқа, Еңбекте озған Жақаевшы жастардай...
Міне, осыдан кейін «ақындық» жолға бекіндім. Өлең сымағыма «Коммунизм жолының» «Күлдібадам» деген бұрышында Ынтымақ мектебінің оқушысы Е.Б-ға: «Сонда қалай, сіздің ауылдың адамдары шетінен сəйгүлік болып кеткені ме?» деген тілдей жауап хат жарияланды. Сөйтіп бəрі осымен бітті ғой деп жүргенімде ойламаған жерден қолыма жазушы ретінде таныла бастаған Дүкенбай Досжановтың мектепте еркін тақырыпта жазған шығарма дəптері қолыма түсе қалғаны. Дәптерді жазғы демалыс кезінде мектепте жиналып қалған көп қағаздармен бірге далаға шығарып тастаған екен. Үйге əкеліп оқысам, сондай керемет жазылған. Қарт Қаратау қойнауындағы Ынтымақ пен Талдысуды, Ақүйікті, Қосүйеңкіні керемет суреттеп, еңбекқор адамдарын барынша мақтапты. Астында мұғалімнің «5» деп қызыл сиямен қойған бағасы мені қатты қызықтырды. Осы күннен бастап қолға қаламды қайта алып, санадағы сансыз ойды қағазға түсіре бастадым.
Ақын емес, журналист болғым келді. Сосын ауылдағы Шəрипа апайдың кітапханасынан журналистер жайлы қызықты кітаптар оқи бас­тадым. Түнделетіп ауыл, мектеп, мəдениет жаңалықтарын аудандық газетке жазып жіберуді дағдыға айналдырдым. Бірі шықса, бірі шықпайтын.
Бұл əуестік Бірліктегі мектеп-интернатта оқып жүргенде одан əрі жалғасты. Бір бөлмеде алты бала жаттық. Алтаумыз жата қалып мақала жазып жарысатынбыз. Күнде поштаға барып Сауранбай ағайдан «Коммунизм жолын» алып, кімдікі шықты екен деп таласа оқитынбыз. Сол кезде газетке басылған «Баянист Байғон», «Қыз есімі Мейрамкүл» деп аталған мақалаларым жадымда әлі жаңғырады. Ал «Ауыл мəдениетіне кімнің жаны ашиды?» деген сын мақала жазып, клуб меңгерушісі Есенгелді ағамыздың кемшілігін көрсеткенім үшін əкесі Əлібек көкемнен оңбай «таяқ жегенім» де есімде.
Міне, содан бері жылдар жылжып жарты ғасыр өте шығыпты. Ал, мені журналистика əлеміне алып келіп, қауырсындай қаламымды ұштап, сарғайған беттерінде қаршадай баланың қолтаңбасын қалдырған сүйікті газетім «Жаңақорған тынысы» торқалы тойға дайындық үстінде екен. Талай-талай таланттың ұшқан ұясы, аудан халқының өмір айнасы, жағымды жаңалықтар жаршысы бола білген үнжарияның жүз жылдығында жолығуды жазғай.
Жасай бер, Жаңақорғанның жаршысы!
Ертай БЕКҚҰЛОВ,
ҚР ақпарат саласының үздігі,
ҚР мəдениет қайраткері.
---
16 тамыз 2018 ж. 1 192 0