№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Бесік – ерте заманнан қазақ халқы үшін атамекен

Бесік – ерте заманнан қазақ халқы үшін атамекен

Бесік – ерте заманнан қазақ халқы үшін атамекен, туған жер сынды аяулы ұғым ретінде қалыптасқан. «Туған жер – алтын бесік» деген теңеу осыдан туындаса керек. Сондай-ақ «тал бесіктен жер бесікке дейін» дегенде адам ғұмырының шыр етіп дүниеге келіп, бұйырған жасын жасап,
дәм-тұзы таусылған сәтте жер қойнынан мәңгілік жай тауып,
тыныстарын меңзеген.


Талбесік деудің мәніне тоқталсақ, баланың бесігін ағаштан жонып жасайды. Ол ағаштың сапасына қарай ұзақ жылдар бүлінбей, сақталуы мүмкін. Археологиялық қазбалар кезінде қиранды мекендердің орнынан бесіктің де табылуы бұл мүлікті халқымыздың ерте кезден пайдаланып, кәдеге асырғанын дәлелдейді.
Бесіктің қазақ үшін дүниеге жаңа келіп, желкілдеп өсіп-жетілер жас ұрпақтың жанына егіз балап келген символикалық мәні бар. Шарананы туыла сала бесікке салып, «тіл-көз тимесін» деп бетін көлегейлеген қамқор көңілді қазағымның сәбиі шетінеп, жер қойнына бере қалған жағдайда жапан түзде жалғыз қалдырмай, бейітіне бесігін де қоса апарып, зираттың үстіне қалқитып қалап кететін әдет-дағдысы әлі де қалмаған. Бұл бесікті нәресте үшін екі дүниеде бірдей қорғаны, панасы деп сенген сәулелі сенімнің жоралғысы болса керек.
Аудандық тарихи-өлкетану мұражайына барып, көненің көзінен сақталған бесікті ұстап көріп, пішін порымының бүгінгіден айырмашылығы жоқтығын аңғардық. Демек, о бастан баланың жайлы жатуына, дәретін жаймауына ыңғайлы етіп жасалған киелі мүліктің келбетінде кінәрат жоқ екен.
Бірлік ауылында тұрған Темірбек ұстаның қолынан шыққан бұл көне бұйым 1895 жылы жасалыпты. Ғасырдан астам уақыт неше ұрпақ тербеліп өскен тәбәрік мүлік бүгінде көптің көзайымына айналып, тарихи жәдігерлердің қатарын толықтырып тұр. Бесікті тоқсаныншы жылдары мұражай қызметкері Рахима Әбсаттарова ауылдарды аралап, жәдігер жинаған арнайы сапарында қолға түсіріпті.
Бұл бесіктің қазіргіден айырмашылығы, шеге қолданылмаған, бесік бөліктері ағаштың өзімен шегенделіп, бекітілген. Жиде ағашынан жасалған, тербетілуі жеп-жеңіл. Түбек салатын ойығы, төсек, жастық,жергөк жаятын бел ағашы бекем, қолбау, тізебау, екі тартпасы сол күйінде сақталған. Ол кезде шүмекті қойдың асықты жілігінен жасап, айрықша аппақ болу үшін сүтке қайнатқан екен. Бұл да халқымыздың тазалыққа аса қатты ден қойған тектілігін танытады.
Бесік – бүгін де жас босанған аналардың кәдімгідей арқа сүйеп, бел босататын аяулы серігі. Бесікке сүйеніп отырып, бала емізіп болып, соңынан әлди айтқан анасының әуезін бір ырғақпен тыңдап әдеттенген сәбидің ұйқысы да терең, тыныш, әрі бұл шартты рефлекске айналады. Мезгілінде дәрет сындырып, жаялығы құрғақ жатқан нәрестенің денесі таза, сау-сәлемет жетіледі.
Қазақ тұрмысқа ұзатылған қызы тұңғыш нәрестесін дүниеге әкелгенде бесік апару салтын әлі жоғалтпаған. Бұл ананың бұлжымас міндеті саналғандықтан оны барынша сән-салтанатымен атқарып, арқасынан ауыр жүк түскендей сезінері тағы рас. Ата-бабамыздан сақталған қадір-қасиетіміздің бұл да бір мөлдір қайнары, сырлы сарқыты.
Бесіктің қол бесік, жел бесік деген түрлері болған. Екеуінің де жасалу үлгісі бұрынғыша болғанымен заманауи қолданыста механикалық түрден автоматқа көшкендері бар. Токпен тербетілетін бесік түрлері шықты. Жетпісінші жылдар ортасында темір бесіктер де жасалып, саудаға шықты. Бірақ төзімділігі нашар, жыл айналмай бұрандалары босап, шашылып қалатынын көз көрді. Әлеумет қайтып ойланып ағаш бесіктің тиімділігін мойындады. Әрбір отбасы бесікті бала күтіміне пайдалануды ғана көздемей, оны кие тұтса қандай жарасымды.
Бүгінде баланы бесікке бөлеуді қиынсынып, памперске ден қоюдың зияны дүние жүзін дүрліктіріп отыр. Борбайқап киіп өскен бала келешек белсіздікке, бедеулікке ұрынуы мүмкін екен. Бұған қарапайым түрде көз жеткізуге болады. Памперстің сыртқы қабаты жұқа пленка тәріздес суперадсорбентамен қапталған. Бұл химиялық жолмен буландырып жіберетін зат. Бұдан сәбидің жыныс мүшелері аса үлкен зардап шегеді. Бұл химикат адамның иммундық қабілетін төмендетеді. Бейберекет зәр шығарудан шартты рефлекс жойылып, бала шыжың ауруына ұшырайды. Ол үлкейгенде де мазалап, үрей мен ұяттан депрессияға ұшырау фактілері де аз тіркелмей отыр. Осыны біле тұра көзжұмбайлыққа барар аналарды өз баласына қастық тілеген қарекетке ұрынып жүр деп ұрандасақ қате емес.
Басқа-басқа, бесікті қазаққа жарнамалаудың қажеті жоқ. Бесік-қазақтың бойтұмары, ұрпақ жалғаудың, өсіп-өнудің қасиетті қазығы іспеттес құтты байлығы. Кешегі жаугершілік замандарда Жоңғар шапқыншылығынан соң тоз-тоз болып тауға шұбырған мұңлықтардың арасында бос бесікті арқалаған келіншек кетіп барады екен. «Бос бесікті не қылмақшы» деген сауалға Төле би: «Баланың бесігі – кең дүниенің есігі» деп жауап берген екен. Яғни, бесіксіз дүние тұл...

Баян ҮСЕЙІНОВА
20 маусым 2020 ж. 951 0