№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Бекзат болмыс иесі

Бекзат болмыс иесі

Аудан айнасы саналар «Жаңақорған тынысының» өткен 87 жылдық тарихын ақтарып отырсаңыз, әр кезеңнің кескін- келбетін көз алдыңыздан өткеріп, тарих тынысының тасқа басылған шынайы шежіресімен қауышқандай боласыз.
Жұмыр басты әр пенде- өзі өмір сүрген қоғамның құлақкесті құлындай. Ту сыртынан айнала керілген көзге көрінбейтін бұғауды бұзып өтуіне рұхсат жоқ кешегі жетпіс жыл дәурен құрған коммунистік партияның саясаты тап осындай еді. Мұздай темір құрсанған тоталитарлық режимнің түпкі мақсаты осындай болғанда оның айдарынан жел ескен жалауы – жалынды баспасөзінің бағыт-бағдары қандай болсын? Соның шет – жағасына тоқсаныншы жылдары газет жұмысына келген өзіміз де қанықпыз. Республиқалық бас басылымнан бастап жергілікті жарияланымға дейін жабыла жазып, «Отанға миллиард пұт астық тапсырамыз» немесе « Қазақстанда қой басын 50 миллионға жеткізу- міндет» деген басты ұранымыз болды емес пе? Бұл менің айтып отырғаным жаңалық емес. Бірақ осындай ұлт санасын жосықсыз құрсаулаған қатал қысымнан жол тауып, тың тақырыптарға жасқанбай бара алуымен бұлт арасынан жарқ етіп шыққан күндей туған ұлтының жүрегіне жылу себезгілеген сол кездегі жазарман қауымның талабы мен тәуекелін ерлікке теңесек болады екен-ау
Біздің бүгінгі әңгімелегелі отырған кейіпкеріміз – Өлмесхан Болатбеков «Жаңақорған тынысы» газетіне басшылыққа келген жылдар, бұл еліміз егемендігін алып, барша бағыт-бағдарымыз айқындалған тоқсан жетінші жылдардың кезі болатын.
КазГу-дің журналистика факультетін бітірген түлек бұған дейін аудандық комсомол комитетінде шыңдалып, қайнаған өмірдің нағыз мектебінен өтті. Одан соң «Білім» қоғамын басқарды. Одан кейінгі жылдары аудандық киноландыру жүйесінің директоры болып жұмыс атқарды. Есімі елеулі, елге етене жақын болып кеткен азаматты сондықтан да ұжым аса жатырқай қоймады. Оның үстіне өзінің кіммен болсын тез тіл табысып шүйіркелесе кетер кішіпейіл мінезі тағы бар.
Ол кезде барлық мекеме-ұжымдарда жаппай қысқартулар орын алып, оңтайландыру деген саясаттың айы оңынан туып тұрған кез. Соған орай редакция мен баспахана біріктіріліп, оған бір ғана басшы редактор-директор болу осы Болатбековтың еншісіне бұйырып тұр екен. Алайда ауыр кезеңде қос ұжымның да жұмысын тұралатпай алға жылжыту оңайға соқты дей алмас едік.
Адамды бір үміт алға жетелейді. Дүние мың өзгеріп жатса да журналистің қолындағы бар асылы – қағазы мен қаламы ғана.
Күнкөрісіміздің көзі есептелетін газетіміздің жағдайы тұралап, айлап жалақы ала алмайтын кездер жиіледі. Бірден-бір себебі – газетке жазылу күрт төмендеп кеткен еді. Ел рухани құндылықтан гөрі қарын аштырмаудың қамымен базар жағалап жүр. Бірақ оларды газет оқуға қызықтыру керек. Сол кезде газетке жазылу көрсеткіші артады.Тығырықтан шығудың сан түрлі амалы қатарында тілшілермен ойласып: «Қазірде жұрттың барлығы асығыс, қауырт күнкөріс қамымен жүр. Олардың жайланып отырып газет оқуға уақыты жоқ. Сондықтан ұзын-сонар мақала жазғаннан гөрі қысқа-қысқа, бірақ қызық, оқырман көңілін бірден тартып алатындай мазмұнда жазуға машықтаныңыздар» деген сол кездегі талабы бүгінгі күнгі мастер- класс, тренинг атаулының басты тақырыбына айналғанына қарап біздің Өлмесхан ағамыздың заман ағысын тез аңдай қояр сергек те, сезімталдығын мойындауымызға тура келеді.
«Газетте «Гу-гу» деген жаңа айдар ашайық» деді бір күні. Ол қандай айдар? Осы елдің ішінде болып жатқан дейді-дейді елеулі оқиғалар туралы иелерінің аты-жөнін көрсетпей жаза білсек оқырман газетті іздеп жүріп оқитын болады екен. Бұған дау айтқан ешкім болған жоқ. Басшың қолдап тұрса неден қаймығасың? Осылайша сол кездері сканворд пен қилы-қилы махаббат оқиғаларына құрылған қаптаған жеңіл тілді жеке газеттердің арзан көбігіне көбірек ауып кеткен әлеуметтің қажыңқы көңілін бері бұру үшін тапқан айламыз осы еді. Шынында нәтижесі болды. «Дырдай бір дөкейіміздің нақсүйері бар көрінеді» деп, ары қарай тағы бір нәрселерді сүйректетіп жіберіңіз. Сол үлкен сенсация. Жаңалық. Халыққа өзі іштей білетін нәрсені газеттен оқудың соншалықты әсерлілігіне таң қалмасқа шарамыз қалмады. Қазір мұндай жәйттер жаңалық та емес, бет шымшытар ұят та болмай қалды. Бірақ, «Заманына қарай амалы» дегендей, бір кездері газет тынысын тоқтатпау үшін осындай да тәсілге барған болсақ оны бүгінгінің тілімен демократияның алғашқы лебі десек те болар.
Өзі де тынбайтын, журналистердің де жайбарақат жүруіне мұрша бермейтін редакторымыз газетте сын материалдардың жиі жарық көруіне жол ашты. Барлығы бір-бірімен таныс, құда-жегжат, туыс-бауыр болып тарамдалып кете беретін алақандай ауылда айқайлатып тұрып ащы сын жазып, шындыққа қол жеткізуден бұрын өкпе-наз арқалап, ағайынның қарғысын арқалау жағының басым түсіп жататыны бар Сонда да талай тәуекелге бел буып Өлмесхан Болатбековтың өзінің авторлығымен де бірнеше сын материалдар жарық көргенін көзі қарақты оқырман ұмыта қойған жоқ.
Өлмесхан Болатбеков «Нұр Отан» партиясының облыстағы өкілеттігіне жетекшілік қызметінде де өзіне табиғат тарту еткен көшбасшылық,шешендік қабілетімен таныла білді деуге болады.
Жиырмадан жаңа асқан шағынан бастап комсомол жұмысына жетекшілік етіп, топты бастап үйренген жалынды жастың ата-ана тәрбиесінің тұнығын таза сақтап, өмірлік мақсатын солар армандаған биікке арнай алғандығының астарында таудай аманат жүгі жатыр екен. Ол қандай аманат?

Анасының өзінен бұрын дүниедегі екі перзенті де шетінеп, уайым жеп жүрген кезінде бұл шаңыраққа Қыдыр болып қиялаған Мақсұм ишан атамыз “Алла қаласа дүниеге ұл бала келер, есімі Өлмесхан болсын” деп батасын берген екен.
Ықылас-қалас дегендей, шын пейілмен берілген бата қабыл болып, дүниеге келген перзент Өлмесхан “болып тұра қалған екен”.

Сол таза тілек, жомарт жүрек өтеуін өмірінің мәніне айналдырған абзал жанды қандай қызметте, қандай лауазымда жүрсе де сан сынақтан сүріндірмей, желеп-жебеп келе жатқан тылсым күштің сыры осында жатыр, бәлкім.

Өлмесхан Мәтенұлы біздің газетімізді бір жарым жылға уақыт басқарып, облысқа қызметке ауысатын болды. Сонда отбасында дастархан жайып, басымызды жинап, қоштасу шәйін беріп отырғанда айтқан: “Бұдан кейін қандай қызметте, қандай биіктен таныларым бір Аллаға аян ғой. Бірақ қандай жерде жүрсем де осы қасиетті шаңырақта өткен санаулы күндерім маған үлкен сабақ болды деп есептеймін. Бұл сәттер менің өмірімдегі ең қымбат та аяулы кезең болып қаларына шүбәм жоқ. Сіздерді ешуақытта ұмытпаймын” деген жүрек тебірентерлік сөздері біздің көкейімізде дәл кешегідей сайрап тұр.

Бүгін алпыстың асқарына толған ағаның ең үлкен бақыты – жан жарының амандығы және өмірін жалғар ұлы мен қызының кемел келешегі. Асыл ойлы, айнымас мінезді қоғам қайраткерінің өмірлік кредосын бекемдеп тұрған да осы бір бекзат болмысы болар.


Баян ҮСЕЙІНОВА
16 маусым 2020 ж. 667 0