Жүз жылдық жылнама
Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынов «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп алғаш өздері ұстын болып қазығын қадаған қазақ баспасөзінің болашағына осылай баға берген екен. Бастауын «Ұшқыннан» алып «Егемен Қазақстанға» дейін талай тағдырлы соқпақтардан өткен газет тарихына биыл жүз жыл толады екен. Газеттің әр жылдардағы басылымы сарғайған қағазға айналса да өз заманының сырлы шежіресі іспетті қамқор қолда қаттаулы тұр. Ұлттық кітапхананың қорында газеттің электрондық үлгілері де толықтырылып келеді. Бұдан газеттің сөзі мың күндік қана емес, ғасырлық шежіреге татитын танымдық та, тағылымдық та тарихи мұра екенін мойындауға тура келеді.
Баспасөз – қоғамның үні, жаршысы ретінде оның жауынгерлері – жазарман қауымның саясаттың нағыз сарбаздары болғанына тұтас тарих куә.
Социалистік жүйеге бет бұрып, жаппай коллективтендіру науқаны жүріп жатқан кезеңдегі қазақ газеттерінің бет-бейнесі әрине осы талаптан табылды.
Сонымен бірге қоғамда болып жатқан ақпараттарды бұқараға жеткізуде көп назарын аударатын фактілерді сол күйінде баяндап көрсете білу тұрғысынан келгенде газет – қоғам айнасы, «көзі, құлағы һәм тілі» қызметінен жаңылған емес.
«Социалистік Қазақстан» газеті Қазақстан Коммунистік партиясының органы ретінде жетпіс жыл бойы кеңестік идеологияның насихатшысы болғанынын жоққа шығаруға болмайды. Уақыт талабы сондай болды. Партиялық бақылау тегеурінділігі журналист еркіндігіне де тұсау қойып, күндіз мақала өңдеп, таңертең ол басылым үлкен үйдегі «қырағы көздердің» сүзгісінен сүрінбай өтіп, басылуға қол қойылғанша жаны қыл үстінде, тырнағына ілініп жүрер тәуелділіктен бас көтере алмады. «Социалистік Қазақстанды» парақтап, парықтай алғанға 73-ші жылдардан бастап қасаң ережелермен қатталған басылымның бет ажарын самал желпіп, санаға сәуле себер салмақты дүниелер сыналап ене бастағанын аңғарар еді. Бұл осындай тақырыптарды батыл қолға ала білген қарымды қаламгерлердің қайтпас қажырлығының жемісі еді. Бұл жылдары газетке редакторлыққа Сапар Байжанов келді. Газеттің түрі, мазмұны трафаретке айналған, «Казахстанская правдада» не жарияланса соны көшіріп басып, одан қалғанына КазТАГ-тан түскен материалдар салынып, оқырман хаттарын қорытып, еңбек адамдарын сөйлетуден басқаға рұқсат берілмей қаламгер қауым да қанаттарын жазудан қалған кез. Басылымның осындай үйреншікті бағытына тыңнан түрен салу, тың тақырып табу табандылықты қажет етті.
Еңбек жолының он жеті жылын ел газетінің дамуына арнаған газет ардагері, жазушы Сарбас Ақтаев нақ осы кезеңдері газетте түбегейлі өзгерістер өркен жайғанын баяндайды. Бұған дейін басылым бетінде Партияның кезекті съездері мен Үкіметтің қаулы-қарарлары басылып, басқа шығармашылық бағыттағы туындыларға тұсау салынып келсе, енді газет бетінде оқырман қызығушылығын оятатын түрлі тақырыптарға талпыныс басталды. Бір бетке тұтас берілетін очерк-эсселер, сұхбат-сырласулар, түрлі тақырыпқа арналған дөңгелек үстелдер – сол кездің тумалары.
Басылымға жаңа леп, соны серпін әкелетін тұлпар тұяқты, жез қанат журналистер. Осыны ескерген газет редакциясы басшылығы кадр құрамын қайта жасақтауға мән берді. Әбден сарықаптал болған, үйреншікті жазу техникасын меңгеріп, сол таптаурын әдісінен танбайтын тілшілерді басқа жұмыстарға ауыстырып, орнына жанып тұрған, ұлтқа жаны ашитын, ұрпаққа қамқор, қара сөздің киесін бойына сіңірген биік болмыс иелерін таңдап-талғап жан-жақтан тауып бастарын бір арнаға тоғыстырды. Облыс орталықтарында, елде жүрген едіге таланттар – Бекболат Әздетов Торғайдан, Болат Бодаубаев Алматыдан. Қостанайдан Қойшығара Салғарин, Қарағандыдан Ақселеу Сейдімбек, КазТАГ-тан Кеңес Юсупов, Атыраудан Нуриддин Муфтах сынды тұғырлы таланттармен толықты.
Газеттің соңғы отыз жылдағы оқырманы ретінде осы аталған қаламгерлердің қарымын, шыққан шың, бағындырған биігін толық мойындаймыз. Олардың арасында газетте жүріп, үздіксіз ізденіп, шығармашылық қуаты шыңдалған, біржолата жазушылыққа ден қойып, халың оқырманды құнды туындылармен сусындатып келе жатқан Болат Бодаубайды, Ақселеу Сейдімбекті әдебиетте өзіндік сүреуі бар сөз зергерлері десек, Нұри Муфтахты осы басылымда тұңғыш фельетон бөлімінің негізін салған тұлға екенін білгеніміз жөн. Бұл кісі күні бүгінге дейін бай білім, батыл қалам қуатымен қаншама әділеттілік іздеп, араша сұраған ағайынға қамқор болып, қоғамдағы түйінді мәселелердің шешілуіне басылым мінберінен мәмілесін жеткізіп, газетке арқа сүйеген адал адамдардың мерейін биік еткені уақыттың еншісінде. Сол жылдарда бас басылымнан тәжірибеден өтуге талап қылып, табаны тигенге жүрегі жарыла қуанған өрімдей жас студенттер - Ержұман Смайыл, Сауытбек Абдрахман бүгінде еліміздің әдебиетінің, мәдениетінің негізін қалаған туғырлы тұлғаларға айналды.
Қай кезде болмасын қазақ баспасөзінің қарашаңырағынан шыққан, табиғатын танып, көрігінен өткеннің өспесе өшкені жоқ. Оны қазақ журналистикасының мықты ұстаханасы деп ұлықтайтынымыз сондықтан.
Кеңестік кезеңде тар құрсауға түсіп, жаны қысылған қазақтың тілін терминдерден тазартып, тілге жеңіл, жүрекке жақын жатық аудармалармен байытуда да журналист ағайынның еңбегі зор болғанын осы жүз жылдық жылнаманың сарғайған беттері айқындап тұр. Еңселі елге рух дарытқан «Егемен» «Елбасы» сөзі санамызға қашан енді?
Кезінде Абылай хан наймандардың хандығын Қаракерей Қабанбайға ұсынғанда батыр: «Ел бөлінбеуі керек. Елбасы біреу, халқы оған тіреу болуы керек» деген екен. 90-жылдары бас басылымға Тұңғыш Президент туралы жазылған мақаласында журналист осы аңыз ізімен Мемлекет басшысына жоғарыдағы батыр айтқан Елбасы деген теңеуді батылдықпен пайдаланып, оны газеттің бас редакторы Шерхан Мұртаза толық қуаттап, кейін осы тұрақты атауға айналған жоқ па? Егемен сөзі ше? Ол кезде мықты журналистер Парламент тілшісі ретінде Мәскеуде өтетін Мемлекеттер Халық Депутаттары съезінен репортаж беретін. Балтық республикаларының суверенді ел боламыз деп Одақтан шығып жатқан тұсы Осыны баяндаған «Социалистік Қазақстанның» тілшісі «Алтыншы бап айналасындағы айтыс» деген мақаласында суверенитет сөзін тұңғыш рет егемендік деп қолданған еді. Жаңа сөзге жаны құмар газет басшысы Шерхан аға «Егеменді» мақұлдады. Бұл бас басылымның болашақ айшықты атауына да, мәнерлі мазмұнына да айналды. Коллективті – ұжым, совхозды – кеңшар, пляжды – жағажай деп жалтақтамай жалпақ тілмен қолданып, сөздік қорымызға сіңіріп жіберген де сол кездегі санасы сергек, қаламы жүрдек жүректі журналистер десек болады.
Бас басылымға 100 жылдық тарихында 42 редактор басшылық жасапты. Әрқайсысының өзіндік үні, қолтаңбасы қалды. «Егеменнің» тұрақты оқырмандарына соңғы жарты ғасырда үнжарияның жалына жан бітірген журналистиканың саңлақтары – Балғабек Қыдырбекұлы, Шерхан Мұртаза, Уалихан Қалижан, Жанболат Аупбаев, Ержұман Смаиылов, Сауытбек Абрахмановтың есімдері жақын.
Егемендік атауын алған елдік басылым тарихта есесі кеткен ұлттың жоғын түгендеп, тағдырын таразылауда «Тарих толқынында» айдарымен Ұлы даланың мың жылдық мұрасы саналар ауыз әдебиетін зерделеуді тұрақты назарға алды. Батыс пен Шығыстың арасын жалғаған шайырлардың ғұмыры, ғұлама ғалымдар, әйгілі хандар мен билер жөнінде танымдық деректерге толы қоғам қайраткерлері, ғалым, жазушы, әдебиет зерттеушілерінің еңбектеріне еркін есік ашты. Аға басылым Ақтаңдақтар ақиқатына, Алаш ардақтыларының арман-мұратына айнымас адалдығынан танбай келеді.
Елдік мәселелерді көтеріп, ұлттың жанашыры болу бас-басылымның бүгінде басты бағдаршамы. Мезгіл мінберіндегі, уақыт көшіндегі тағдырлы талаптарды табандылықпен іске асыру Қазақстан халқының біртұтас бірлігіне байланысты Басылымдағы «Барымыз да бағымыз да – Тәуелсіздік» «Туыстық туы» айдарымен берілетін «Бірлігіміз жарасқан», «Бейбітшілік пен келісім-тұтастырар елі үшін» атты тақырыптар халықтар достығының жаймашуақ тынысын насихаттаудан таңған емес.
«Егемен» арқылы ел жүрегінен орын алған, әрқайсысы өзіндік стилімен ерекшеленген еркін ойлы аға ұрпақтың ізін басып келе жатқан көзқарастары айқын, ерік-жігері мықты, осы заманғы біліммен қаруланған жаңа толқын масс-медиаға жаңа тыныс, жаңа леп әкелуі заңды. Ойлы оқырман, интеллектуал әлеуетке арқа сүйеп айдарынан жел ескен асқақ рухты 100 жылдық жылнаманың келешегі бұдан да кемел. Қазірдің өзінде Ресей, Маңғолия, Қырғызстан, Өзбекстан секілді мемлекеттерде тұрып жатқан қандастарымызға қолжетімді құнды басылымның электронды архиві жасақталуда. «Нью-Йорк Таймс» газетінде жарияланған үздік материалдарды «Егеменге» аударып басуға қадам жасалып жатыр. Газеттің әлеуметтік желідегі сайтында 3 миллионға жуық тұрақты көрілім қалыптасты. «Егемен -ТВ» сайтына жүктелген видео көрсетілім контенті барлық жастарды қамтып отыр.
Баян ҮСЕЙІНОВА.