Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Мемлекет мүддесі – ел мүддесі

Мемлекет мүддесі – ел мүддесі

Мемлкетқұрушы ұлт ел тізгініне берік бекем болған еркін елде ең басты құндылық – мүдделер бірлігі болуы тиіс. Мүдде бірлігі – қоғамды алға бастырудың тиімді тетігі. Еліміз егемендік алғанға дейін одақтас республикалар арасында атымыз озып, артық дәріптеліп, Отанға миллиард пұт астық тапсырып, елу миллионға жуық төл өргізген алып елміз деп мақтанғанымыз болмаса бұл телегей теңіз маңдай термен суарылған енапат табыс мемлекетімізге ешқандай мәртебе әперген жоқ. Өйткені мемлекеттік мүдде қарынның тоқтығымен ғана өлшенбейді. Өз жерінде өмір сүріп ұлттық руханиятын өркендете алмаған халықтың өспесі, қайта бірте-бірте тарих сахнасынан ысырылып, баз кешіп, босағада өгейдің күнін кешері анық.

  Тәуелсіздігін алғанға дейін қазақ елі осындай қасіретті күйді басынан өткергені жасырын емес. Еліміз егемендік алған күннен бастап етек-жеңін жинап, ең алдымен мемлекеттік тіл мәртебесін бекемдеді. Туған тілді тұғырға қондыратын ана тілін қаны мен жанына сіңірген, жүрегі ұлтым деп соққан қазақтың қайсар ұлдары мен қыздары. Бірақ, неге екенін әлі де қуатына мініп, қасиет-қайнарымен қауыша алмай отырған қазақ тілінің қазіргі жағдайына қарап мемлекеттігіміздің қанатын қатайтып, мерейін асқақтатады деген азаматтарымыздың ана тілінде анық сөйлеп, айбалтаның жүзіндей жарқырап тұрмайтын тұрлаусыздығына налисың. Кезінде туған тілді қажет етпей, «ұлы» ұлттың шұлғауына жабысып, қатардан қалмауды мұрат тұтқан «көзі ашық, көкірегі ояу» деген ата-ананың сол кезгі саясат пәрменінен шыға алмаған жасықтығының нәтижесі бұл. Тек жасықтық қана емес, өз ұлтын менсінбеу, көзге ілмеу, келешегіне сенбеудің де сипатын танытатын құбылыс бұл.
Мемлекеттік мүдде салтанат құруы үшін қоғамды алға бастайтын төрт таған - білім мен ғылым әлеуеті, ұлттың тілі мен мәдениеті, азаматтардың жеке басы құқы мен мемлекеттік меншіктің қылмыстық қолсұғушылықтан қорғалып, әділдіктің орнығуы маңызды. Әрине, бұл құндылықтарды қалыптастырып, болмысымыздың бір бүтін бұлжымас қағидаларына айналдыруда адам факторы алдыңғы орында тұр.
Бізді тәуекелге мінгізетін екі күш – табиғи байлығымыздың молдығы мен мәдени рухани құндылықтарымыздың салауаттылығы деуге болады.
Кез-келген қоғамның қандай өзгеріс орын алса да тапжылмайтын, сөйтіп дәуірдің келесі сатысында негізгі рухани тірекке айнала алатын өзекті қасиеттері болады. Сондай рухани діңгекті қазық еткен ұлттық ұпайы түгел.
Өзіне жаны ашымағанның елге жаны ашымайды. Президент бастамасын қолдап, алға қойған стратегиялық міндеттерді әр қилы дәрежедегі мүдделі топтардың, әр адамның өз-шама шарқына қарай шақтап, өз қабілет-қарымына лайықты кесіп-пішілген өз бағдарламаларын жасауларына ұйытқы болу- саяси кемелділіктің белгісі. Қандай жоспар, бағдарлама болмасын осылай нақтыланғанда ғана іске аса алады.
Жапондар жаңару кезеңінде дәстүрлі салт-сананы ескі деп ысырып тастамай, отбасылық деңгейде де, ұжымдық, корпоративтік деңгейде де, тіпті бүкіл ұлттық деңгейде ұйымшылдық ұйытқысына айналдырып, қоғамның экономикалық гүлденуіне жемісті қызмет еткізе алды.
Ал біздің халық өз дәстүрлерімізді өткен ұрпақтың пайдалы не өнегелі тәжірибесі деп емес, керітартпа ескіліктің қалдығы деп түсінуге дағдыланғанбыз. Жапондар да оған өз ұлттық дамуын ешқашан үзбестен келді. Сондықтан олардың қоғамдық санасындағы сабақтастық тіні өте мықты. Ал біздің халықты патшалы Ресей мемлекеттіліктен, өз билеу үрдісінен, тарихи қалыптасқан ұйымшылдық ұйытқысынан айырды. Жер реформасы деген жергілікті елдің шаруашылық жүйесін тас-талқан етті. Алаш қозғалысы өз ұлтының жалпы адамзаттық прогресс саласында дамуға бет бұруына мұрындық болатындай өз мемлекеттік жүйесін қалыптастырғысы келді. Бірақ коммунистік режим, бұған мүмкіндік бермеді. Көбіміз өз қағымыздан жеріп, жат болып кете жаздадық. Осындай саясат кесірінен ғасыр басында даму жағынан бізден әлдеқайда кейін қалып жатқан аңшы, балықшы, терімші, жартылай егін егумен шұғылданған «шаруа қауымдар» басқа тарихи жағдайда нарықтық қатынастарға әбден бейімделіп, іскерлік пен кәсіпкерлікте бізден әлдеқайда озып кетті. Соның кесірінен енді бүгін не шаруа, не кәсіпкер бола алмаған әрі-сәрі қауым нарыққа бейімделудің парқына жете алмауда.
Осыншама тығырыққа тірелген қоғамды түзетпейінше Қазақстан реформасы қарыштап кете алмасы анық. Ал ол үшін ауыл тұрғындары, әсіресе жастарды осы заманғы нарық экономикасына, индустрияға, инфрақұрылым мен қызмет көрсету сапасына көптеп тартудан басқа амал жоқ. Ауыл – біздің реформамыздың ең маңызды, ең басты басымдығы болып табылады. Ал реформаға отаншылдық сипат қажет.
Нақ бүгінгі күндері мемлекеттік мүдде ой еңбегі мен шығармашылық адамдарының шынайы қуат қолдауымен мінберіне нық бекіп, саяси аренада салмақты беделімен бәсі биік тұр. Өмірлік қарекеттері өнегеге құрылған, адамдарды жан тазалығына тәрбиелейтін қаламгерлер қауымы әлеуметті жақсылық пен ізгілікке құрылған бақытты қоғам орнатуға насихаттаған том-том еңбектерімен танылса, Тәнірі таңдайына төзімі түгесілмес таңғажайып табиғатты тарту еткен ерекше таланттарымыз әлемді шарлаған әсем әуезімен шағын ғана мемлекетіміздің атын шартарапқа танытып жүр. Осындай мемлекетшілдік көзқарас, елдік мүдде барлық мамандықтың иесінің бойынан табылуы тиіс.
«У ішсең руыңмен» дегенді, алдыға тартып жақын-жуыққа ғана бүйректі бұрып, бұрмалауға жол беруде мемлекеттік мүддеге қарама-қайшы.
Мемлекеттік мүдде сыбайлас жемқорлыққа жол бермейтін, адамдары өз ақыл ойы мен ерік жігерлерін үстем еткен егеменді елде нағыз табиғатын табады. Қандай істе болмасын мемлекеттік мүдде мен жеке мүддені шатастырып алмау маңызды. Көбімізде осы қасиет ақсап жатыр. Қарауымызға қандай іс сеніп тапсырылса да «бұдан өзіме түсетін пайда қаншалықты» деген азғырынды ойдың араласуы қаншама ізгі нәтижелердің жолын кесіп, қарақан басымызға да қатерін төндіріп жүрген жайлар аз емес. Ал жауапкершілігіндегі істі барынша таза атқарып, елдің алғысын арқалай білген жан мемлекеттің алдында да, өз ары алдында да жүзі жарық, еліне адал қызметші ретінде лайықты бағаланатынынан зерек көңіл зерделі ой түйсе керек.
Тәуелсіз жас мемлекетіміздің ұлттық қауіпсіздігі – азаматтарымыздың көгеріп-көр­кеюі мен жүргізіліп жатқан реформалардың табысқа жетуінің басты кепілі болып табылады. Оны қамтамасыз етудің алғы шарты – қоғамның ынтымағы мен саяси тұрақтылығы.
Елдегі бірлік пен тұрақтылық қоғам мүшелерінің терең білім-мен қаруланған ішкі мәдениетіне де көп байланысты. Ел тарихын терең тани білетін, өткеннің өнегесін жадында ұстаған ұлағатты ұрпақ қоғамда болып жатқан саяси өзгерістерді санадан өткізіп, өзінше талдап-таразылап қана қоймайды. Оның жақсаруына, жандануына азаматтық үлесін қосуға да ұмтылады.
Бүгінде мемлекеттің басты басымдығы – «Қазақстан-2030» Стратегиясы адам факторын дамудың ең мықты басымдығы ретінде ең жоғарғы орынға қояды. Сойтіп, адамдарды өздеріне сенуге шақырады. Өз-өзіне сенімді адам ғана мықты қоғамның темірқазығына айналады. Сонда ғана жалқының ғана емес жалпының келешегімізге деген сенімі нығайып, күллі ел болып, іске жұмыла аламыз. Бұл арада Елбасы өз парызын абыроймен атқарып шықты. Ендігісі – әрқайсымыздың өз қолымызда. Ең бастысы, осы заманғы саясат тек ұлттық мүдделерді ғана емес, ең алдымен адамзаттық мүдделерді қапысыз ескеруді талап етеді.

Баян ҮСЕЙІНОВА.
13 шілде 2019 ж. 1 231 0