№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Әке аманаты

Ақын Мұқағали Мақатаевтың «Әке аманаты» өлеңінде: «Аттанарда алыс жолға, Тапсырды әкем аманатын. Серт етіп мен де алдым қолға, Әкемнің берген «асыл затын», демей ме? Осы бір өлең жолдарындағы әке аманатына қаншалықты адалдық танытып жүрміз. Осы ой кейінгі кезде көп мазалайды. Сондықтан ой таразысына кешегі мен бүгінгі күнді салып, ар мен ұлағат тұрғысында сараладым.

Әкем Әуезбек Қалдыбекұлы 1906 жылы Жайылма ауылдық округінде (қазіргі Шалқия кентінің солтүстігіне үш шақырымдай жерде) ауқатты отбасы – Тамғабай қажының шаңырағында дүниеге келді. Тамғабай қажы заманында сыйлы адам болған. Шәкәрім Құдайбердіұлымен Меккеге қатар барып, қажылық парызын орындап, ислам жолын дәріптеп өткен адам.Әкем жастайынан ауыл молдасынан және анасы Зеріп Жұмабайқызынан арабша хат таныды. Әкемнің нағашы әпкесі Өрік Жұмабайқызы атақты мемлекет және қоғам қайраткері Садықбек Сапарбековтың анасы. Текті адамдармен жастайынан аралас-құралас болып, зердесіне ұлттық құндылықтарды тоқиды. Білсем, оқысам деген асыл мұраты ерте есейтіп, ізденуге, еңбектенуге мұрындық болды.
Алғашқы ТОЗ-дар мен колхоздар құрылып жатқан тұста ол төте оқуды өздігінше игеріп алды. Колхоздастыру жұмысына белсене араласып«Мирзоян» колхозын құруда белсенді араласты. Сөйтіп тұңғыш басқарма басшысының бірі болады. Жігерлі жастың бел­сенділігін бағалаған басшылық оны 1935 жылы Қазалы ауылшаруашылық мектебіне оқуға жіберді. 1936 жылы оқуды бітіріп «Мирзоян» колхозының төрағасы болды. Іскерлік қабілеті, шебер ұйымдастырушылық қасиетінің арқасында бірнеше жылда «Мирзоян» маңдайалды колхоздардың біріне айналдырды. Жылдар жылжып, колхоз ісі жүйеленіп, іргелі шаруашылықтың бірінен саналды. Бірақ бейбіт өмірдің шырқын фашистік немістер бұзды. Екінші дүниежүзілік соғыстың оты жанып, қолға қару ұстай алатын азаматтар әскерге аттанды. Ал әйелдер мен жасөспірімдер тылдағы жұмысқа тартылды. Тылдағы еңбек те оңай болған жоқ. Таңның атысы, күннің батысы дала жұмысына басымдық беріліп, отан қорғауға лайықты үлес қосуға күш салды. Кеш түсе соғыстағы сарбаздарға шұлық, қолғап пен жемпір және т.б тоқыды. Бұл жұмыстарды үйлестіру колхоз төрағасы мен ауылдық кеңес төрағаларының негізгі міндеті болды.
1942 жылдың 19 наурызында Жайыл­ма ауылдық кеңесіне қарасты үш колхоздан 13 адам соғыс даласына аттанды. Әскерге алынғандар ішінде 3 колхоздың төрағасы, бригадир, есепші және қоймашы-кассир бар.
Әкем қасындағы жолдастарымен әуелі Ақтөбе қаласындағы әскери базада соғыс өнеріне машықтанды. Бірнеше айдан кейін олар мінген эшалон Ленинград қаласына аттанады. Бұл кезде Ленинградқа барар жолдың басым бөлігі фашистердің қолында қалған-ды. Қалаға қатынас Ладога көлі мен Карел мойнағы арқылы ғана жүзеге асты. Бұл жолдың тарихта «өмір жолы» деген атпен қалғаны белгілі. Жолдың стратегиялық маңыздылығын сезінген екі жақ бар күшті осы жолға салды. Кескілескен ұрысқа №176 атқыштар полкынің сарбазы ретінде түсті. Армия генералы Леонид Говоровтың қарамағында соғысты. Бұлардың негізгі міндеті – негізгі қатынас жолын жау қолына бермеу, сондай-ақ, қалаға азық-түлік жеткізетін көліктің қозғалысын реттеп отыру еді. Стратегиялық маңызды нысанды қорғаудың жауапкершілігі жоғары. Сондықтан немістер үсті-үстіне шабуыл жасайды, ал Кеңес әскері қорғануға күш салды. Осындай жан алып-жан беріскен қақтығыстарда бірнеше рет жеңіл жараланса да алғы шептен кетпеді. Бірнеше ай Ленинградты қорғау үшін өткізілген үлкенді-кішілі шайқастардың бәріне қатысады.
1942 жылы 24 ақпанда қасына түскен снаряд жарықшасынан қатты жараланады. Тіпті із-түссіз жоғалғандар тізіміне енеді. Бірақ көрер жарығы бар екен. Снаряд түскен жерде ес-түссіз жатқан оны тауып алып, Калинин қаласындағы әскери госпитальға жеткізеді. Сонда үш айдан астам емделеді. Медициналық сараптама комиссиясы әскерге жарамсыз деп тауып, ІІ топтағы мүгедектік беріп, маусым айында елге қайтарады. Бұл 1943 жылдың маусымының басы болатын.
Тылдағы жұмыс қыза түскен уақыт. Қол күші жетіспейді. Іскер адамдарға зәру кез. Әкемді аудандық партия комитеті «Ленин» (бұрынғы «Мирзоян»)колхозына басқарма етіп ұсынады.Сонымен жауапты жұмысты екінші рет қолға алып, іске кірісіп кетеді. Ол кезде Қаратау тауының бойындағы колхоздар Сыр бойында егіс егетін. «Ленин» колхозына Сунақата каналы бойынан жер беріледі. Жаздай багараға егілген бидайды жинаса, күз түсе Сырдағы егісті жинауға кірісетін.
Саналы ғұмырын ұжымшарларды ұйымдастыруға, олардың ісін өрге жүргізуге арнаған әкемнің денсаулығы сыр берсе де, басшылық тарап оны қызметтен босатпайды. Әттең, денсаулығын күтіп, жауапкершілігі мол жұмыстан босағанында, жарық дүниенің дидарын әлі де сезінер ме еді?! Алланың ісіне шара бар ма?
1946 жылдың қыркүйек айының ортасында Сунақата каналы бойындағы егісті жинатып жатқанында соғыста алған жарақаты мазасын алады.Ол кезде Жаңақорған шипажайы госпиталь қызметін атқарады. Сондағы Тарасов деген дәрігерге көрсетеді. Бірақ тым кеш еді...
Мен әкеден жалғыз тұяқпын. Анам Тұрғаш Палымбетқызы алты құрсақ көтерді. Содан мен ғана тұрақтаппын.
Анамның айтуынша, әкем соңғы сәтінде: «Айдар, Айдар, Айдар» деп маңдайымнан сыйпап, бақилық болыпты». Әрине әкенің тәлімін алмасам да, әкемнің ұстанған жолынан жаңылмауға тырысып, елге қызмет жасауды міндет санадым.
Ұл-қыздарыма ата жолын ұғын­дыруға күш салдым, өмірден өз орын­дарын табуға бағыт-бағдар көрсеттім.
Әке аманатына адалдық осы емес пе? Алла мұндай игілікті біздің басымызға жазыпты. Шүкір!

Айдар ӘУЕЗБЕКОВ,
Еңбек ардагері
13 маусым 2020 ж. 746 0