№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Асық ойынының бала денсаулығына пайдасы орасан

Асық ойынының бала денсаулығына пайдасы орасан

 Ұлттық ойындар – жасөспірімді батырлыққа, батылдыққа баулып, ептілігі мен мергендігін шыңдап, өмірді тануға маңызды рөл атқарады. Бұған асықпен ойналатын ұлттық ойын түрлерін де қосуға болады. Соңғы жылдары Ұлттық мектеп лигасына асық ату мен бас асық еніп, екінші тынысы ашыла түсті. Жаңғырған ұлттық ойын жөнінде білім бөлімінің дене шынықтыру және алғашқы әскери дайындық пәнінің әдіскері Қайрат Оралбековтен білдік.

  Бүгінде қала түгілі ауыл баласының асық атысып ойнағанын көре бермейміз. ХХІ ғасырда компьютерлік ойындарға сұраныс жоғары. Оған планшет, смартфон арқылы онлайн ойнайтын ойын түрлерін қосыңыз. Мұның бәрі жасөспірімнің психо­логиясына кері әсер етіп, денсаулығына зиян келтіреді. Сондықтан икемділікті, ептілікті дамытатын ұлттық ойындар, оның ішінде, асық ойынын мектепте насихаттау маңызды.
– Асық ойынының бала денсаулығына пайдасы орасан. Әсіресе баланың қан айналым жүйесі мен есте сақтау қабілетінің жақсаруына ықпалы жоғары. Дене жаттығуларының аздығы ұрпағымыздың физикалық, психологиялық дамуын тежеуде. Міне осының алдын алу мақсатында мектеп лигасы бағдарламасына асық ату, бес асық ойындары енгізілді. Енді бұрынғыдай оқушылар асық жинап, ұлттық ойынның дамуына атсалысады деген ойдамын. Асық ойынының бірнеше түрлері бар. Құмар, тәйке, омпы, хан алшы. Ойын барысында көздеу,  дәлдеу, лақтыру, иіру, жүгіріп, секіру арқылы баланың бұлшық еттері қозғалысқа түседі, – деді әдіскер.
Білім және ғылым министрлігімен Ұлттық мектеп лигасы бекітіліп, 2019-2020 оқу жылынан бастап енгізілді. Бұл – «Ұлттық ғылыми – практикалық дене тәрбиесі орталығының» директоры, ұлттық спорт жанашыры Садық Мұста­фаевтың бастамасымен қолға алынғанын айту керек. Мұның тиімді тұстары көп. Бұрындары мектепте оқушыға спорттың әліппесін үйреткен пән мұғалімінің еңбегі ескерілусіз қалатын. Енді дене шынықтыру пән мұғалімі оқушысын баптап, жарысқа шығаруға мүмкіндік алды. Бұл – мұғалімнің еңбегін бағалауда және аттестациялауда септігі мол. Қайрат Пәйізұлының айтуынша, аудан мектептерінде ұлдар арасында асық ату, қыздар бес асық ойынынан түрлі мазмұнда шаралар өтуде.
Бес асықтан Өзгент ауылындағы №245 мектептің 5-6-шы және 9-11-ші сынып оқушылары облыстық лигада аудан намысын қорғайды. Сондай-ақ Жаңақорған кентіндегі №110 мектеп-лицейінің 7-8-ші сынып білімпаздары да дайындық үстінде. Асық атудан Біржан Иманбаев пен Нұрлан Тұрабай, бес асықтан Нұрлан Шәменов пен Индира  Манасбайқызы аудандық лигаларда төрешілік етеді екен.
Асық ойыны ұлттық мектеп лигасына енгенімен білім ордаларында әлі үйірмелер жұмысын басталмағанын айтты жауапты маман. Қазірше дене шынықтыру пән мұғалімдеріне сыныптан тыс жүктелген. Сондықтан мектеп директорлары ұлттық спорт ойындарының дамуына мүдделілік танытқаны абзал.
Әр ұлттың өз дәстүрі мен өзгеге ұқсамайтын құндылықтары бар. Осы ұлттық құндылықтарды өзіміз дамыт­пасақ, өзгенің жаны ашымасы анық. Ел арасында дарынды, қабілетті жастар көп. Олардың дарынын ашып, қабілетін шыңдауда ұлттық тәрбиенің маңызы зор.
– Бүгінде ұлттық ойындарымыз қам­қорлық пен жауапкершілікті талап етіп отыр. Асық ойынына баланы жастайынан баулу ұлт алдындағы міндет. Ұлттық ойын түрлерінен мектеп оқушыларының білімдерін қосымша үйірмелерде терең­детіп оқыту маңызды. Сонда ғана ұлттық тәрбиені болашақ ұрпағымыздың бойына сіңіре аламыз, – дейді.
Ұлттық мектеп лигасына 10 спорт түрі енгізілген. Әрине кез-келген спорт түрін қолдаушылар болмаса дамуы қиын. Бұл ретте, білім бөлімінің қолдауын айта кету керек. «Жаңғырған Жаңақорған жастары» қорының демеуі де көпке үлгі. Олар бұған дейін өткен жарыстарға демеушілік жасаған екен.
Ұлттық ойын түрлерін одан әрі жетіл­діруде осындай игі бастамалардың берері мол. Ендеше асығымыз алшысынан түсе берсің, ағайын!
Майра ҒАНИЕВА
22 наурыз 2020 ж. 1 873 0