№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Ене мен келін жарасса

Ене мен келін жарасса


«Жаңа түскен келінін қабылдап тұрып, маңдайынан сүйіп, қызымдай көремін, келінім демеймін, қызым деймін» деп ағынан жарылатын аналар үміті ақталып жүр ме? Қазақтың салтында әу бастан-ақ «келіннің аяғынан» деп жаңа түскен келінге сыни көзбен қараған. Сынның үлкені – ененің сыны, одан абыроймен өткені ардақты келінге айналған.
Ертедегі ана-әжелеріміз қыз баласына берілер бірінші тәрбие оның мансабы емес, ибалы келін, иманды ана екенін сәби күнінен бойына сіңіріп өсірген. Салт-дәстүр мен әдеп-ғұрыптың үлкен мектебінен өткізіп, қызға қырық үйден тыйым жасаған. Әрбір ана қызын ұсақ-түйектен бастап тұрмыстағы бар тірліктің бодауына жарауға баулу керек.
Ұядан ұшып, жатжұрттық болған қаршадай қыздың парызы сол әулеттің түтінін түтетіп, ұрпағын өрбіту. Өскен отбасында имандылық пен көрегенді тәрбиені бойына сіңірген қыз баласы барған жерінде сыйлы келін болып бағы ашылады. Қазақ ұзатылар қызға «Барған жеріңе тастай батып, судай сің» деп текке айтпаған. Сол әулетке сыпайылығымен сіңіскен келін ғана ауыл-аймаққа қадірі артатынын меңзеген. Қыз баласына ең қыйыны да осы – өзге үй, өзге ортаға үйрену. Әрине бауырына тартып жатсынбаса құп-ақ, алайда өзге жұртты өзіндей көріп қайын ата, қайын ене, қайын сіңлі, қайын інілерімен бірдей тіл табысып кету де оңай емес екені анық.
Ене мен келін мектебі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан көне дәстүр. Ене мектебінде жас келін сол үйдің тыныс-тіршілігімен етене болуға тиіс. Отбасы берекесі екі жақты сыйластықты талап етеді. Келіннің жақсы болуы біріншіден өз анасына, екіншіден енесіне тікелей байланысты. Ене бар білгенін бөлісіп, жәрдемін аямай қолқабыс етсе, есті келін үйренісе келе бар шаруаға өзі иелік етеді.
Келін әдебі енеге қарап қалыптасады. Ене ақ жаулығын тастамай, тұрмысқа қатысты әдеп-ғұрыпты ұстанса келін де сол қағидаға мойынсұнады. «Келіні жақсының керегесі алтын» дегендей ене мен келін арасындағы қарым-қатынастың жақсы болуы келінге де байланысты. Ол ата-ана алдындағы еркелігін ысырып тастап, сол отбасы заңдылықтарымен санаса білуі керек. Келін ене алдындағы шәкірт іспетті.
Ислам дінінде де отбасы беріктігі – ене мен келін татулығында екені айтылған. Сүттей ұйыған отбасының ырыс-ынтымағын тасытып отыратын да осы жандар. Ежелде қазақтың дәстүрлі отбасында ене мен келін арасындағы қарым-қатынаста ешқандай кикілжің болмағаны белгілі.
Алайда қазіргі уақытта ене мен келін арасында түсініспеушілік жиілеп бара жатқаны байқалады. Ол жайында даңқты батыр бабамыз Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова сырлы бір сұхбатында көркемдеп жеткізген. «Әсілі келін болу оңай емес. Оның өзі бір өнер. Қазақ келіндерінің жазылмаған тек өзіне тән салты, ұстанымы, көркем әдебі бар. Қыз бала туған үйіндегі қызық дәуренімен қоштасып, басқа шаңыраққа келін болып босаға аттағаннан бастап міндет парыздары көбейеді. Тұрмысқа шыққан қыз жолдасынсыз төркініне жалғыз келсе, босаға дірілдейді. Бұл қосағыңмен бірге өмірдің ыстық-суығын көтеру керек деген сөз.
Өкінішке орай бүгінде қыздың тәрбиесін қолдан шығарып алдық. Батыстан келгеннің бәрін өркениет деп түсіну бізді осындай жағдайға жеткізді. Осы жаһандануға қалқан болатын жүрек тазалығы мен сеніміміз. Сондықтан болар қазіргі келіндер емін-еркін үлкеннің алдындағы әдебін ұмытқан. Әрине бұған жастарды кінәлауға болмайды. Алдымен өзіміз кеңестік кезеңде қалыптасқан атеизмнен ада болуымыз керек. Сонда ғана біз жас ұрпаққа дұрыс тәрбие бере аламыз».
Иә, расында қазіргі кезде енелер мен келіндер арасында сыйластық азая түскендей. Көпке топырақ шашудан аулақпыз. Ауызбіршілікті басты ұстаным етіп, отбасы татулығын ту еткен жандар да жетерлік. Мұндайда қазақ «келін ененің топырағынан жаралған» деп ене мен келін байланысын нығайта түскен. Тағы бір тұсымыз, отбасына келген келінді имандылыққа тәрбиелеудің маңыздылығы да өте зор. Жүрегінде иман нұры бар адамның бір-біріне жамандық ойламайтыны анық.
ТҮЙІН. Қыз баласы бір үйдің үкілеген үмітін арқалаған жатжұрттық жан. Оны барған жерінде жақсы келін етіп шығару ене мектебінің еншісінде. Сондықтан да келін ене тәрбиесіне бағынып, болашақта сол жанның орнын басар ізбасары екенін ұмытпағаны абзал.   

Майра ҒАНИЕВА


07 наурыз 2020 ж. 1 235 0