№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Мұңлы көңіл күншуақты аңсайды

Мұңлы көңіл күншуақты аңсайды


Қызылорда қаласында «Асыл мирас» қайырымдылық қорының аутизмі бар балаларға арналған орталығы бар. Бұл Қазақстан бойынша Нұр-Сұлтан, Алматы қаласынан кейінгі үшінші емдеу мекемесі. Мұнда психологиялық ауытқуы бар, сыртқы дүниеден оқшауланып жүретін балаларды ортаға бейімдеу мақсатында білікті педагогтар мен психологтар шетелдік тәжірибе бойынша көмек береді. Бұл орталықты Сыр өңірінің тумасы, танымал меценат, Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратов аутизмі бар балалар мен олардың ата-аналарына көмек көрсету мақсатында ашқан.


Біз неге бұл орталық жайлы сөз қозғадық? Оған себеп бар. Өйткені, жаңақорғандық жеті жасар Әділхан Пернебек аптасына 3 күн аталмыш орталыққа барып, дәріске қатысады. Бұл жөнінде бізге Әділханның әкесі Алмас Байдалиев толығырақ айтып берді. Әуелі сүйінші жаңалығымен бөліскен Алмас ағамыз ұлының өткен аптада «Асыл мирас» қоры ұйымдастырған отбасылық «Жүзден жүйрік» атты қысқы спартакиадада жүлделі І-орын алғанын жеткізді.
– Ең бірінші кезекте, Әділханның қоғамдық ортамен байланысына жіті көңіл бөліп, сауығып кетуіне себепкер болып жүрген мамандарға алғысым шексіз. Аудандық емханадағы невропотолог Кенжеқыз Қалыбаева, облыстық балалар емханасының бас психиатры Ләззат Тілепқызы және Шынар Тұрсынбаева басшылық ететін аудандық психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің ұжымына рахмет. Қашанда бізге қол көмегін беруге даяр тұрады. Осы кісілердің кеңесімен өткен жылы облыс орталығындағы «Асыл мирас» орталығына тіркеліп қойған болатынбыз. Шүкір, биылдан бастап, жетісіне 3 күн орталыққа барып, дамыту дәрістеріне қатысудамыз, – дейді Әділханның әкесі.
Сондай-ақ Алмас Байдалиев «Асыл мирас» қайырымдылық қорының аутизмі бар балаларға арналған орталығының басшысы Болатбек Серікбайұлы мен ұжымына алғаусыз алғысын жеткізді. Заманауи орталықта аутизм диагностикасы, сенсорлық интеграция тағы басқа шетелдік алдыңғы қатарлы технологиялары бойынша біліктілігін арттырған психолог, дефектолог, логопедтер жұмыс істейді екен. Барлық оңалту қызметтері тегін жүргізіледі.
Бұл орталықтан бөлек, Әділхан екі жылдан бері аудан орталығындағы психологиялық-педагогикалық түзету кабинетіндегі психолог, дефектолог, логопед мамандардың дәрісіне қатысады. Яғни, аптасына үш рет Қызылорда қаласына барса, қалған екі күн осы орталықта өзін-өзі дамыту сабағына қатысады. Біз мұнда Әділханның дефектолог ұстазы Әйкерім Салмабаеваны сөзге тарттық.
– Әділхан біздің екі жылдан бергі шәкіртіміз. Шынында, ең алғаш осы орталыққа келгенде ол өте қызуқанды болды. Ортаға бейімделу процесі ұзақ жүрді. Бүгінге дейін біз Әділханға логопедиялық массаж, құм терапиясы, ұсақ-қол маторикасын дамытуға жұмыс істеудеміз. Салыстырмалы түрде қарағанда нәтиже көп. Алғаш алып келгенде балада дыбыс жоқ еді. Қазір аз-кем сөйлеумен қатар, санауды үйрену үстінде. Әрі лего ойыншықтарды өте тез құрастырады. Әкесі Алмасқа рахмет. Үнемі дәрістен қалдырған емес. Үйінде де қайталау сабақтарына тыңғылықты дайындалдырады, – дейді дефектолог Әйкерім Салмабаева бізбен әңгімесінде.
Расында Алмас Байдалиев ұлы үшін бар жұмысын тастап, уақытын баласының сауығып кетуіне арнап жүр. Жетісіне 3 мәрте Қызылорда қаласына қоғамдық маршрутпен апарса, ауылішінде жеңіл көлігімен тасымалдайды. Тек тасымалдап қана қоймай, интернетті игілігіне икемдеп, аутизмі бар балаларға арналған түрлі роликтерді көріп, жеке бас гигиенасы мен жүріп-тұруына қатысты ақпараттарды оқып отырады. Емдеу курстарында үзбей, тұрақты 10 күндік емін дер кезінде қабылдауына бар жағдайын жасайды. Аудандық редакцияға да өзі хабарласып, бір жағынан аудан абыройын асқақтатып, ұлының жеңімпаз болғанын хабардар ету болса, екінші жағынан, бәлкім аутизмі бар балалары бар ата-аналар болатын болса, білгенімен бөлісу. Қызылорда қаласында ақысыз жүйеде «Асыл мирас» орталығының бар екенін елге жеткізу. Айта кету керек, бүгінде Алмас Байдалиев жары Меруерт Асанова екеуі үш ұлды тәрбиелеп отыр.
Қорыта айтқанда, психолог мамандар аутизм белгілері бар балалармен неғұрлым ертерек айналысса, көп нәрсені түзетуге болатынын, жақсы нәтижеге қол жеткізуге болатынын айтады. Келешекте жеті жасар Әділханның да дертінен құлан таза айығып, ата-анасының мақтап һәм мақтанып отыратын азамат болып өсетініне біз сенеміз. Себебі, бүгінгі күннің өзінде ол зор нәтижелерге жетіп, ұстаздарының сенімін ақтап жүр.

Самат ӘБДІШ
12 ақпан 2020 ж. 541 0