"Дарынның" танымдық кеші
Қазақ үшін Шаңырақ қасиетті ұғым. Одан ортақ тілек, ортақ тіршілік, тіпті ортақ тағдыр тамыр тартады. Бір ұяның ұлағатына кенелтіп, тынысымен тербеп, сан болмысты бір арнаға тоғыстыратын қуатты тәрбиенің темірқазығы саналар шаңырақ ұғымын қасиетті білім ордасына орнықтырудағы мақсат та осы. Білімгерлер ортақ шаңырақ астында бір үйдің баласындай тату-тәтті, ұйымшыл, ізгілікке құштар жақсылыққа іңкәр болып өссін деген ізгі ниетпен аудан орталығындағы №110 мектебі 7, 8, 10 сынып оқушыларынан құрылған "Дарын" шаңырағын құрыпты. Біз осы ұжым ұйымдастырған танымдық кештің куәсі болдық.
Осы кезеңдерде әрбір оқушының жүрегін «Кім болам?» деген сұрақ терең мазалайтыны рас. Қандай кәсіптің болмасын адам өмірінде алар орны үлкен. Ол тұлғаның тұтас өмірінің өзегі. Осы орайда өрендерге тура жол, адаспас бағыт сілтер барлық құндылық маңызды.
Осы инициативаны басшылыққа алған «Дарын» шаңырағы – 10б, 8а, 7в сыныптарының оқушылары, осы бірлестіктің жетекшісі, ұстаз Маржан Айдарова, мүшелері мектеп мұғалімдері Бағила Рүстемова, АйнұрШәдібекованың ұйымдастыруымен «Тұлға тану» айдары бойынша сыр-сұхбат алаңында өздерінің жүректеріне жақын қаламгер – Баян Үсейіновамен емен-жарқын кездесуді ұйғарыпты.
Кешті мектеп директоры Әділмырза Тәждинов ашты.Өрендер алдымен қалам иесі туралы өздері алдын-ала түсіріп әзірлеген бейнесюжетті экран арқылы тамашалап, кеш иесінің өмір жолы және өнегелік тағылымдарынан тереңірек сыр түйді. Өздері күнделікті баспасөзден туындыларын оқып жүрген сырттай танымал тұлғаның шығармашылық қыр-сырын одан әрі бағамдай түсті.
Кеш барысында келешек журналистика мамандығын таңдап, сөз өнерін меңгеруге талпынып жүрген талай жас кеудесінде жүрген сұрақтарын қойып, оған тұшымды жауаптар алды. «Сіз үшін өмірдің мәні неде?», «Қоғамдағы қандай мәселе сізді толғандырады?» деген сауалдармен қатар шығармашылық иесімен емен-жарқын әңгімеге көшіп, «Өзіңіздің бойыңыздағы бес жақсы қасиет, бес жаман қасиетті атап бере аласыз ба?». «Осы қасиеттердің қайсысы бүгінгі жастар бойында басым?» деген риясыз сыр-сұхбат кеш ажарын шынайылық ашықтық мазмұнымен байытқандай.
Әрбір адамның өмірге өзіндік көзқарасын қалыптастырып, өсу, есею, белгілі бір сүрлеумен өз биігіне ұмтылу кезеңі болады. Осы орайда Баян апай өзін тәрбиелеген, осы жолға бағыттаған, әдебиет атты ғажайып әлемге ынтықтырған қасиетті құндылық – кітап екенін, сол үшін де ата-анасына қарыздар екенін айтты.
– Кешегі кеңестік кезеңнің бір артықшылығы, қалалық жерлерді былай қойғандай әрбір аудан, тіпті шаруашылық орталықтарының бәрінде кітап дүкендері болды. Әкеміздің осы кітап дүкеніне түскен жаңа әдебиетті, ол қандай салаға арналған болмасын, ол жағын екшеп жатпай, сатып алып, үй сөресіндегі кітап қорын толықтыра берген жақсы әдетінің пайдасы өзінен бұрын балаларына қаншама жақсылық болды десеңізші. Ветеринария саласы маманы үшін қажетті салалық кітаптарды таңдап алатыны өз алдына, әдебиетке, әдебиет сыны мен теориясына қатысты З.Қабдоловтың «Сөз өнері», Т.Ыдырысовтың «Уақыт және қаламгер», Қ.Ергөбектің «Арыстар мен ағыстар», т.б. көптеген осы тектес кітаптарды өзі қызығып оқып, қолынан тастамайтын еді деп айта алмаймын, бірақ соның көл-көсір көмегі өсіп келе жатқан үбірлі-шүбірлі ұл-қыздарының бірі болмаса біріне бір пайдасы тиер деген үмітпен жинай бергені белгілі. Бұл әдебиеттердің маған көп пайдасы тиді. Ал сол кезде қолымызға тиіп, көңілімізде жатталған Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұясы», Әбдіжәміл Нүрпейісовтың «Қан мен тері», Семен Цвигунның «Біз ораламыз», Ғабит Мүсіреповтың «Ұлпан», Қадыр Мырзалиевтің жыр жинақтары, жалпы жаңа кітаптардан дүкенге түскенін құр жібермеуге тырысатын зиялылық қадір-қасиетінің қайтарымы ұрпақ бойына бір-бір ұшқын болып қонақтауын көрудің өзі бір ғанибет қой, – деуі көп сырдың ұшын ұстатқандай.
Елбасының «Компьютерге үңілген баладан кітап оқитын ұланның озатын кезі туады» деген сөзінің түпкі мағынасы да ұлт руханиятының кемелдене келе интеллектуалды келешекке негіз қалайтынын ескертіп тұрғандай.
Айтса айтқандай, орталықтағы ең сәулетті, заманауи білім шаңырағында толыққанды жағдай аясында алаңсыз білім алып жатқан түлектердің ілім-білімге ынтасына, руханиятқа, эстетикалық әдемілікке, зияткерлік әлеуетке деген құштарлығына аудитория аурасы арқылы-ақ көз жеткізген кезкелген көреген көңілдің марқайып, осындай парасатты келешек қалыптасып келе жатқанын мақтаныш етуіне де әбден болатындай.
Қара сөздің қадіріне жетіп қана қоймай, қалам иелеріне қалтқысыз құрмет сезімі балапан жүрегін әлдилеген балаусалардың жазушы апайларына арнауы да бар екен.
«Халық үшін түрулі білегі де,
Үлес қосқан киелі Сыр еліне.
Сырласып ынтызарлы көңілімен,
Жол тапқан туған халық жүрегінен.
Қарапайым халқының қызы болып,
Көркем мінез, пейілі тарылмаған.
Өзінің кішіпейіл әдебімен,
Тура жүріп, жолынан жаңылмаған» деген жыр жолдары сол алғаусыз тілектердің тартуы болса керек.
Кеш шырайын кіргізген жас дарындар Әли Расул мен Тасболат Әзизбек орындауындағы шабытты ән көрермен көңіліне биік рух сыйласа, жас домбырашылар Құрманғазының күйімен тебірентті. «Еркеназ» бишілер тобы «Қазақ биімен» сахнаның әрін аша түсті. Көгембай Жұлдызай, Мәжит Әлішер, Ерзат Нұрмаханұлы сынды жас талаптар арнауларын оқып беріп, ақындық ерекшеліктерімен сыншы көздердің жоғары бағасына ие болды.
Жиынды қорытындылай келе, балалармен мазмұнды басқосу кешіне ұйытқы болған кеш иесіне алғысын жеткізген мектеп директорының тәрбие жөніндегі орынбасары Ақмарал Ерімбетова танымдық іс-шараны өз деңгейінде ұйымдастыра алған бірлестік ұстаздары еңбегіне рахметін айтты.
Жасұлан СЕЙДЕМЕТОВ