№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » «ТІЛІМ БАРДА АЙТЫЛАР СЫР ОЙДАҒЫ»

«ТІЛІМ БАРДА АЙТЫЛАР СЫР ОЙДАҒЫ»

Тіл қай ұлтта, қай елде болмасын қастерлі, құдіретті. Осы орайда аудан орталығындағы № 169 орта мектебінде №2 кенттік кітапхана ұжымы мен осы білім ошағының 8 сынып оқушылары қатысуымен «Тілім барда айтылар сыр ойдағы» атты танымдық сағаты өтті.
Туған тілім – тірлігімнің айғағы,
Тілім барда айтылар сыр ойдағы.
Өссе тілім мен де бірге өсемін,
Өшсе тілім мен де бірге өшемін, – деп Әбділда Тәжібаев жырлағандай, туған тілдің мәртебесін білімгерлер көңіліне орнықтыру – болашақ ұлтжанды тұлға тәрбиелеудің басты ұстанымы болса керек.
Қазақстан халқы тілдері күніне орай ұйымдастырылған игі шараны мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Күләйша Жантелова жүргізіп, оқушыларға танымдық сағаттың мақсатын түсіндіріп өтті.
– Бүгінгі өтіп жатқан мазмұнды шарада оқушылар көптеген керекті ақпаратқа қанығады. Өз ана тілінің қадір-қасиетін біліп, өз ана тілінің көркемдігін сезініп, сөз құдіретін түсіне білген түлек биік шыңнан көрінетіні сөзсіз. Ұжым болып осы бағытта жұмыс жасаудамыз. Білім ордасы екі тілді сыныптан тұратындықтан мұндай шаралар көптеп өткізілетіні заңды. Тіліміздің болашағы жарқын болуы үшін, мәдениет, салт-дәстүріміз үстемдік құруы үшін мемлекеттік тілімізді құрметтеуге баулу – ұстаздық парызымыз, – дейді мұғалім.
Түрлі ұлт өкілдерінен құралған аталмыш сыныптың оқушылары қазақ тілінде өлең оқып, мақал-мәтел жарыстырып, қанатты сөздерді жатқа айтты.
Бір шаңырақ астында білім алып, келешек кемел тәрбиенің ұясында ұлттың тілін ғана емес, қадір-қасиетін бойға тоқып, зердесін байытқан жас ұрпаққа мұндай шаралардың берері көп.

Жасұлан Сейдеметов




11 қыркүйек 2019 ж. 1 237 0