Жаңа таңба – жаңа танымның бастауы
Латын негізді қазақ әліпбиіне көшу туралы қаулы қабылдағалы бері алғашқы қарқын басылып, тіпті қарсы пікірлер айтыла бастағандай. Бұл әліпбидің ертеңіне сенімсіздікпен қарайтындар қарасы да көрініп жүр. Неліктен? Біріншіден, латыннегізді қазақ әліпбиіне көшудің мерзімі тым ұзарып кеткендей. Екіншіден, әуел баста латын тіліндегі атауын ауыстырғандар енді қай нұсқаға көшетінін бағамдамағандықтан, қандай шара қолданарын түсінбей қалған оқиғалар да кездеседі.
Қалай десек те, латын негізді қазақ әліпбиін қабылдау – ұлт тарихындағы тағдыр шешті кезең. Бұл мәселеде, біріншіден, төл дыбыстарымызды таңбалайтын әріптердің бірігіп кетпеуін қатаң қадағалаған дұрыс. Себебі, дыбыстың өзгеруі – тағдырдың өзгеруіне әкеледі. Бұл тұрғыда Ахмет Байтұрсынның араб жазуына негізделген әліпбиді ұсынғанда фонетикалық ұстанымды мақұл көргенін мысалға алуға болады. Ол: «Хасыл кәләм ойым: сөз жазылу керек айтылатұғын түрінше, яғни сөз ішінде қай дыбыс естілсе, сол дыбыстың әрпін жазу, естілген дыбыстың әріпі жазылмай басқа әріп жазу керек болса, не үшін ол керекті ғылым наху не сарф жолыменен ыспат етілсін», – дейді. Сондықтан, қазақы үніміздің, болмысымыздың сақталуын толық қадағалайтын әліппелік тұзілім жасамай әліпбиге қатысты дау-дамай да, тіпті латын негізгі қазақ әліпбиіне қарсылық та тоқтамайды. Тағы да қайталап айтайық, әріп пен дыбыстың өзгеруі ұлт тағдырының өзгеруі екенін ұмытпаған жөн. Бұл орайда неміс ғалымы Йоханн Вайсгербердің: «Біз өз тағдырымызбен өмір сүріп жатырмыз деп ойлаймыз. Шын мәнінде олай емес. Қай тілде сөйлесек сол тіл арқылы ғана дүниені танимыз. Ендеше әр тілдің өзіндік тағдыры бар. Біз бар болғаны сол тағдырдың ішінде ғанамыз», – деген сөзін келтіре кеткен абзал. Екіншіден, латын әліпбиіне көшу туралы сөз көп қозғалғанымен, нақты зерттеу нәтижелері мен өзге елдердің тәжірибесі туралы аз айтылып жүр. Өзгелердің тәжірибесінен алынған қателіктердің алдын-алғанымызды дәлелдей алмаған жағдайда, қоғам ондай әліпби туралы естігісі де, қабылдағысы да келмейді. Үшіншіден, латын негізді қазақ әліпбиіне қатысты нұсқаны ұсынушылар тым көбейіп кетті де, әркім әліпбиге көшуді өз мүддесіне айналдырып алды. Ұлттың тағдыры шешілетіндіктен, бұл орайда бәріміз ортақ мүдде төңірегінде біріге білгеніміз жөн. Біріге алмасақ, әр топ өзі ұсынған әліпбиді мадақтап, өзгенікінің кемшілігін іздеп, осылайша латынға көшу уақытын созып аламыз. Төртіншіден, «жаңа әліпби тіліміздегі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік аламыз» деген пікір өзге пиғылдағы жұрттың көңіліне жақпайтын сияқты. Жалпы, әлемдегі IT–технологиялар, әлемдік деңгейдегі бизнес операциялары және көптеген инвестициялық жобалар латын әріптерімен тығыз байланысты екені белгілі. Бұл тұрғыдан алғанда да Қазақстанның латын графикасын таңдауы – мемлекеттік деңгейдегі маңызды шешім. Латын әліпбиіне көшу – ана тіліміздің жаһандық ғылым мен білімге еркін араласуын қамтамасыз етіп қана қоймай, сондай-ақ, дүниежүзіндегі қазақтардың рухани тұтастығына жол ашады.
Жанарбек ӘШІМЖАН,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
республикалық "Ана тілі" газетінің Бас редакторы.