№95 (8909) 13

13 желтоқсан 2025 ж.

№94 (8908) 9

09 желтоқсан 2025 ж.

№93 (8907) 6

06 желтоқсан 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031 
» » Ұстаздың сара жолы

Ұстаздың сара жолы


Жаңақорғандағы екі келешек мектептің бірі – Жаңарықтағы №167 білім ордасы. Заманауи жабдықтармен жабдықталған білім ошағында оқушылардың жан-жақты білім алуына үлкен мүмкіндіктер қарастырылған. Теориялық қана емес, практикалық негізге бейімделген мектептің бұған дейінгі жетістігі де аз емес еді. Енді шәкірттер білім бәсекесінде көштің алдыңғы қатарынан көрініп келеді. Бұл ең алдымен ұстаз еңбегінің жемісі десек болады. Ширек ғасырдан бері ұстаздық ететін Ақмарал Мұхамедханқызының шәкірттерінің бағындырған белесі бір төбе. Біз бүгін ұстаз өнегесіне тоқталып, маңдай терінің жемісі туралы жазуды жөн көрдік.


Қаншама мемлекет және қоғам қайраткерлері білім алып, қанат қақққан бұл ыстық ұядан әлі талай дарын­ды, талантты балалар шығатынына сенімдіміз. Өйткені мұнда Ақмарал апай сынды білікті мұғалімдер аз емес. Педагог-зерттеуші Ақмарал Қаржаубаеваның бір ғана жетістігін тілге тиек етсек, оның авторлық бағдарламасы өңірдегі үш бірдей ауданға таратылды. Яғни, сабақ беру әдіс-тәсілінің қыр-сырын меңгерген ұстаздың озық тәжірибесі өзге ұстаздарға үлгі, әрі оқулық ретінде ұсынылған.
Әңгімемізді ұстаздың еңбек жолынан бастайық.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін бітіргеннен кейін кейіпкеріміз еңбек жолын облыс орталығындағы №235 мектепте бастайды. Жаңарық ауылына келін болып түсіп, ұстаздық жолын осында жалғастырады. Екі жыл Қыркеңседегі №213 мектепте ұстаздық етеді.
– Әрбір мамандық иесі өзінің жұмысын шынайы сүйгенде ғана білікті ұстаз, қабілетті оқытушы, талантты тәрбиеші бола алады. Мен жастайымнан ұстаз болуды мұрат еткен жанмын. Өзімнің атам мен әпкем осы салада еңбек сіңірген жандар. Сондықтан ұстаздықты текпен келген дей аламын, – деп бастады ол әңгімесін.
Ұстаздың жеткен жетістігі бір төбе. 2010 жылы «Аудандағы үздік сынып жетекші» атанды. Одан бөлек, облыс әкімі және салалық кәсіподақтан алған марапаттары жетерлік. Оның басты ерекшелігі – үш тілді еркін меңгерген маман. Қазір ол биология пәнін ағылшын тілінде оқытады. Бұл пәннен дәріс алатын оқушыға барлық жағдай жасалынғанын көрдік. Цифрландырылған зертханалық кабинеттер материалдық-техникалық құралдармен толық қамтылған.
Орыстың белгілі педагогы Антон Макаренко: «Адамды тәрбиелеу – демек оның ертеңгі қуанышқа ие болатын келешек жолын тәрбиелеу» дейді. Біздің кейіпкеріміз де қаншама шәкірттің ертеңіне жол салды. Оқушыларының көбі медицина саласында тер төгіп келеді екен. Олардың қатарында Мерей Жұмаш, Жансая және Самал Әшімовалардың есімін бөліп-жарып атау керек. Түркістан шаһарында тұратын дәрігер-терапевт Тәттігүл Тұрмановны да айтуға болады. Әсіресе, ҰБТ кезінде шәкірттері жоғары балл жинап, көбі «Алтын белгі» иегері атанып келеді. Басқа да шәкірттерінің жетістіктері бір төбе.
– Ізімді жалғап, ұстаз боламын деген шәкірттерім аз емес. Солардың бірі – Қалдыбай Жүсіпбек. Ол Қазақ ұлттық аграрлық университетінде білім алуда. Химия пәнінен де оқушыларым ҰБТ-дан жоғары балл жинап, жоғары оқу орындарына түсіп, қазір әр салада қызмет атқаруда. Ветеринария саласында Әуелбек Бағдат, Жалғас Арынғазиев, Жұмаш Шапағат сынды шәкірттерім оқиды. Сондай-ақ Астана, Алматы және Ақтөбе медициналық университетінде болашақ дәрігер шәкірттерім бар, – деп мақтанышпен жеткізді.
«Шеше көрген тон пішер» демекші, өзінің қызы да осы саланың тізгінін ұстауға бет бұрыпты. Ол тек білім саласында ғана емес, өзін қоғамның белсендісі ретінде де көрсетіп келеді екен. 2011-2015 жылдары әлеуметтік педагог өз жұмысын абыройлы атқарды. Яғни қайырымдылық акцияларын жиі ұйымдастырып, оқушылардың алаңсыз білім алуына қол үшін беретін азаматтардың басын біріктірді.
Қорыта айтқанда, Ұланбек Бейімбетов басқаратын келешек мектебінің келешегі зор деп білеміз. Бүгінгі көкжиегінің өзі бір тарих, енді заманауи ұстаздардың бұдан да биіктен көріне беретіні анық. Сол жас ұстаздарға жол сілтеп, жөн көрсете алатын қабілет-қарымы жоғары Ақмарал Мұхамедханқызы секілді педагогтер тұрғанда мектеп шәкірттерінен күтеріміз көп.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
13 желтоқсан 2025 ж. 87 0