№95 (8909) 13

13 желтоқсан 2025 ж.

№94 (8908) 9

09 желтоқсан 2025 ж.

№93 (8907) 6

06 желтоқсан 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031 
» » №293: Келешек мектебінің көкжиегі

№293: Келешек мектебінің көкжиегі


Бүгінде аудан мектептерінде озық ойлы оқушылардың ғылыми жобалар мен байқауларда бәсі биіктеп, жетістіктері артып келеді. Түрлі пәндік олимпиадалар мен шеберлік сабақтардан шәкірттеріміз олжалы оралып, мектеп абыройын арттыруға бар ынта-ықыласын салуда. Осыдан екі жыл бұрын іргетасы қаланған кенттегі №293 мектептің жеткен жетістіктері осының дәлелі. Бүгін соның бірнешеуіне тоқталуды жөн көрдік.


Жалпы білім беретін пәндер бойынша өткен республикалық ғылыми жобалар конкурсының облыстық кезеңіне осы аталған мектептен қатысқан жеті оқушының үшеуі жүлделі оралып, жақсы нәтиже көрсетті.
Иә, ғылымға деген қызығушылығы мен табанды еңбегінің арқасында биік белестерді бағындырған бұл оқушылар – мектептің мақтанышы. Мәселен, Фариза Құлымбетова жетекшілік ететін 9-сынып оқушысы Ақнұр Базарбай биология пәнінен 2-орынмен оралды. Меруерт Турабаева жетекшілік ететін Арман Нұрмаханбет физика пәнінен 3-орынға ие болса, математика пәнінен сынға түскен Ұлас Әділхан да екінші орынды қанағат тұтты.
«Junior Skills-2025» республика­лық кәсіби байқауында 9-сынып оқушысы Бердібек Ғалымжан алтын жүлделі болды. Дінмұхамед Дүйсенбаев жетекшілік ететін жас дарынның бұл жетістігі тек мектептің ғана емес, аудан білім саласының бір белесі деуге болады. Білім беру ұйымдарының 8-11 сынып оқушылары арасында ұйымдастырылған республикалық «Маралтай оқулары» шығармашылық байқауының облыстық кезеңінде «Тарпаң мінезді Маралтай» номинациясы бойынша 8-сынып оқушысы Аружан Берікқызы жүлделі III орынды иеленді. Оқушының шығармашылық қабілетін шыңдап, шабыт берген жетекшісі – Жұлдызай Мұхамбетқали.
Жасөспірімдер арасында өткен республикалық тоғызқұмалақ жарысында Серік Альқари жүлделі 1-орынды иеленіп, «Спорт шеберіне үміткер» атағына ие болды. Ұлттық ойынымыз тоғызқұмалақ – ақылдың, логиканың, төзім мен парасаттың нағыз мектебі. Осы қасиеттерді бойына сіңірген оқушыларымыз, өз еңбегі мен табандылығының арқасында талай додадан оза шауып келуде. Бұл жеңіс – жас спортшымыздың қажырлы еңбегінің, талмай ізденіп, үнемі дамуға ұмтылғанының нәтижесі. Ол тек мектебіміздің ғана емес, өңіріміздің, тіпті еліміздің намысын қорғап жүрген талант иесі. Оқушыны жарысқа дайындап, бағыт-бағдар беріп жүрген бапкері Мұрат Аймахановтың еңбегіне ерекше алғыс айтамыз.
Жүлдемен оралған оқушыларды мектеп директоры Нұрымжан Сәбитұлы мен мен дирекция мүшелері құттықтап, алғыстарын білдіріп отырады. Бұл – ортақ еңбектің жемісі.

Келешек мектебі – білім мен руханияттың, спорт пен өнердің ордасы

Тағы айта кететіні, жуырда «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен өткен «Педагогикалық идеялар фестивалі» республикалық конкурсының облыстық іріктеу кезеңі өз мәресіне жеткен болатын. Шығармашыл толқын бағыты бойынша мектебіміздің бастауыш сынып мұғалімі Гулфайруз Исмайлова ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Гулфайруз Ерланқызының бұл жеңісі талмай ізденудің, шәкірттерге деген сүйіспеншіліктің және өз ісіне берілгендіктің жарқын жемісі деп білеміз.
Қысқаша айтқанда, жаңа білім ордасының жеткен жетістіктерінің бір парасы осылай түйінделді. 2025-2026 оқу жылы аяқталғанға дейін ұстаздар мен шәкірттер республикалық жарыстарда оза шауып, аудан, аймақ абройын асырады деп санаймыз. Ең бастысы, жігер мен құштарлық бар жерде білімнің биігіне шығуға деген күш бар ұмытпаймыз.

Жасұлан СЕЙДЕМЕТОВ
13 желтоқсан 2025 ж. 89 0