№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Сәйгүлік қала


Астана – арғымақ қала. Осыдан 13 жыл бұрын бас қалаға достарыммен барғанда сондай әсер алған едім. Сол ой әлі санамда жаңғырады...
2005 жыл. Павлодар. Педагогикалық институттың студентіміз. Қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытып жүрген достарыммен бірге Астананы бағытқа алдық. Мақсат – Ұлттық академиялық кітапханада өтетін республикалық жиынға қатысу.
Астана мен үшін таңсық емес. Павлодарға жолай соғып, көрнекі жерлерін аралап тұратыным бар. Дегенмен, Астанадағы «Қаз Мұнай Газдың» орталық кеңсесі маңындағы аттар ескерткішінің жанында ұзақ тұрдық. Бір уақытта шауып бара жатқан аттарды бейнелеген ескерткіштің үстіне мініп, суретке түсе бастадық. Одан кейін «Бәйтерек» және т.б жерлерге бардық. Бірақ, әлгі ат ескерткіштер есте сақталды. Достарым «тұлпар мүсіндерден» алған әсерін ұзақ уақыт айтып жүрді. «Жылқы мінезді қазақтың» әдетін-ай, Астанаға барған сайын сол тұлпарлардың қасына тоқтап, студенттік кездерді еске алып тұратын болдық.
Қазақ бітімі бөлек, ең жүйрік жылқы арғымақ деп әспеттейді. Сондықтан, ғасырлар бойы жылқының жүйріктерін, мықтыларын сұрыптап, іріктеп тұлпар өсірген. Сәйгүлікті бәйгеге қосып, мықтылығын сынап отырған.
Болмысы ерек, бітімі бөлек Астананы арғымақша аламанға қосып келеміз. Бас қала бабына келген дүлділдей шаршы топтың арасында дара келуді әдетке айналдырды. «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі, VII Қысқы Азия ойындары және т.б халықаралық маңызды шаралар соның дәлелі. 56 мемлекет басшысы мен жоғары лауазымды тұлғаларының басын қосқан ЕҚЫҰ-ның тарихи саммиті, ШЫҰ мен ИЫҰ-ның мерейтойлық саммиттері елдіктің мерейін асырды.
Алаш алдымен дүлдүлін бабына келтіреді, сосын бәйгеге қосады. Жарыс жолына шыққан тұлпары мәреге бірінші келеуін тілеп, тақымын қысады. Елдіктің айбарына айналған Елорданың өркендеуіне, өрлеуіне, өсуіне қазақстандықтар қашанда тілеулес екенін білдіріп жүр. Оның құрылысына да, рухани-мәдени өміріне де, әлеуметтік-экономикалық кемелденуіне де үлес қосқысы келеді. Тіптен, Астана қаласының құрылысына атсалысқаны үшін мақтанатындар көбейді. Ал, бәйгеге қосылқан Астанада халықаралық маңызды шара өтсе, әрбір қазақстандық атсалысуға мүдделі. Оны «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі кезінде бас қалаға ағылған отандастардың тілеуінен көрдік.
...Тарихтағы қиын-кескі жорықтар, дала үшін қан-төгіс соғыстар, аттың арқасында өтті. Қазақтың «Адам жылқы мінезді» дейтін философиясы содан қалса керек-ті. Адамның мінезін жылқыға теңеуінің тағы бір сыры – ықылым замандардан-ақ Ұлы Дала Елінің байырғы тұрғындары атты қолға үйретіп, өмірінің бір бөлшегіне айналдырды. Дерек көздеріне қарағанда, Солтүстік Қазақстандағы Ботай мәдениеті энеолит дәуірінде (б.з.б. 4-3-мыңжылдық), Арқайым ескерткіштері орта қола дәуірінде (б.з.б. 2-мыңжылдық), Қазақстанның барлық аймақтарынан кездесетін сақ, ғұн кезеңдерінің ескерткіштері (б.з.б. 1-мыңжылдық – б.з. 2 ғ.) ежелгі Қазақстанда жылқының қолға үйретіліп қана қоймай, бұл малдың ерекше қастерленіп, әдет-ғұрыптық рәсімдердің ажырамас бір бөлігіне айналғанын көрсетеді. Содан болса керек, Астанадағы ат мүсіндерді көрген қазақ көзін салмай өтпейді. Тіптен, тамсанып, таңданып өтеді.
Шашасына шаң жуытпайтын сәйгүлікше түрленген Елорда қазақтың ұлттық рухын асқақтататын орталыққа айналды. Мұндағы ономастикалық атаулардан кез-келген елді мекен үлгі алуға болады. Әсіресе, рушылдық санасы озған оңтүстік өңірлерге үлкен тәлімі бар. Ондағы Сығанақ, Сауран, Орынбор сынды елдікке шақыратын көше атауларын ерекше айту қажет. «Қазақ елі» мәдени-архитектуралық монумент, «Мәңгілік Ел» салтанат қақпасы, «Бәйтерек», «Хан шатыр» және т.б. ұлтты рухтандыратын тарихи-сәулеттік нысандарымен де мақтана алады.

ТҮЙІН. Ата-бабамыздың әдет-ғұрыбы бойынша сәйгүлік құрметтелген, қастерленген. Әрі жүйрігінің мықтысымен мақтанып отырған. Біз де сәйгүлік қала – Астанамен мақтанамыз, шаттанамыз. Мұндай мақтаныш сезім «Мәңгілік Елдің» абыройына мәңгі айналсын...

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ.
06 шілде 2018 ж. 1 271 0