Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ЕЛ ҮШІН ИГІЛІК – ЕҢ ҮЛКЕН БАЙЛЫҚ

ЕЛ ҮШІН ИГІЛІК – ЕҢ ҮЛКЕН БАЙЛЫҚ

Қай заманда да қайнаған тіршіліктің қазығын құрылыссыз елестету мүмкін емес. Адамзат өркениетінің бағасы да сонымен өлшенеді. Осы ретте өңірімізде жетпісінші жылдары желкенін кеңге жайған қанатты жобаларды еске алсақ, соның басы-қасында елдің қамын ойлаған, қара – орынға қазық байлаған, жалын жүрек, құрыш білек, қажырлы қайратының арқасында туған жер төсіне өз қолтаңбасын қалдырып «Қазақстанның Құрметті құрылысшысы» марапатын иеленген тұлға Алшынбай Тұртановтың еңбегі айрықша. Бұлай деуіміздің мәнісіне ол кісінің еңбек жолы толық дәлел.
Озық ойлы – ортасының бағы
Орта мектептен соң Ташкенттегі Орта Азия политехникалық институтының құрылыс факультетіне оқуға түсті. Сабақ өте қиын еді. Күрделі пәндерді меңгеріп кету кім-кімге де оңай болмасы анық. Жан-жақтан кеп, білімге бас қойған 33 талапкердің 17-сі ғана осы мамандықты игеріп шықты. Достығы жарасқан түрлі ұлт өкілдерінің 5-уі қазақтың балалары еді. Ұстаздардың да көбі қазақ зиялылары болды. Өте білімді, әсіресе сопроматтан (сопротивление материалов) беретін ағайларының талабы өте қатал еді. Қазақ баласын математиканың бесігінде туған түлектер, Әл-Фарабидің ізбасарлары, дарынды халықтың көзі деп бағалап көп үміт артты. Бұлар да намысқа тырысып, ұстаздар сенімін ақтауға жандарын сала тырысты. Жандарбек Мәлібеков те осы оқу орнының архитектура бөлімінде қатар білім алды. Жетімдікті бейнетіне иек артқан батыл болмысымен жаныштап, өз-өзіне жар болған жалын  тілек-Жандарбектің жолына ешнәрсе кедергі бола алмады. Алдына асқар міндет қойып, соған талпынған мұратқа жетпей қоймайды екен. Екеуі де өз биігін тапты. Бірі, егеменді мемлекетіміздің қасиетті Елтаңбасын дүниеге келтіріп, сәулет өнерінің самұрығы саналса, бірі туған жердің ғажайып келбетіне қолтаңбасын қалдырған құрылыстың қаранарына айналды.
Қолтаңбасы бар тұлға –
елге пана нар тұлға
Біздің кейіпкеріміз Алшынбай Тұртанов жоғары оқу орнын 1969 жылы тәмамдаған соң жолдамамен «Байқоңыр» ғарыш айлағына жұмысқа жіберіледі. Осындағы «Түркістан әскери округі құрылыс заводында» бас инженер қызметін атқарады. Әскери тәртіп солай, көптеген құпияларды өзің ғана біліп, тырс етіп сыртқа шығаруға құқың жоқ. Социализмнің басқа болмаса да сондай әскери арсеналы жағынан мықтылығы сондай, сол кездің өзінде әлемнің алпауыт нүктелеріне бағытталған жойқын қондырғылардың сақадай-сай қаз-қатар тұрғанын көз көрді. Жас маман әскери аймақта капитан шенін алып, 1973 жылы елге оралды. Алғашында аудандық су шаруашылығы мекемесінде аға инженер болып істеді. Одан әрі «Өзгент» кеңшарына жіберіліп, түгелдей елді мекеннің құрылысын қолдан өткізді. Шаруашылықта бірінен соң бірі тұрғын үйлер қанат жайды. Ол кездегі талап бойынша әр отбасына 8 соттықтан артық иелікке рұхсат жоқ. Осы кездері обкомның бірінші хатшысы Исатай Әбдікәрімов туған елге  бір сапарында бұл күрмеулі мәселенің түйінін тарқатып кетті.
Жас пророб жігітке: «Әр жанұяға екі үйлік жер қалдырып кете бер, сұрағандарға «екі тұрғын үйге кезегімен орын қалдырып отырмыз» дейсің, деп бір «айланың» ұшын ұстатып кетті. Айналып келгенде, бұл ақыл халықтың мүддесіне бағытталған мәжбүрліктен туды. Оның жемісін бүгінгілер әлі көріп отыр. Әр шаңырақтың диқаншылық жасауына, мал өсіруіне лайықты 24 соттық иелігі бар. Сол жылдары шаруашылыққа Исекеңнің қолдауымен астық сақтайтын қырман салынып, оған баратын тас жол түсті. Соған дейінгі астық тасымалын жеңілдету үшін 26 самосвал көлігінбөлдіргені өз алдына ерен қамқорлығы еді деп еске алады Алшынбай аға.
1978 жылы білікті маман алдына Кейденді көтеру талабы қойылды. Кішігірім елді мекенде 18 үй ғана бар еді. Тұрғын үй саны 150-ге жетті. Сонымен қатар арнайы шаруашылық үшін 1,5 мың бас сиятын мал комплексі салынып бітті. Бұл аймақта да бес жыл абыройлы еңбек еткен маман одан әрі аудандағы  РАПО мекемесінде инженер болып жұмыс атқарды. 1987 жылдан «Тұрғын үй-91» бағдарламасы қолға алынған болатын. Мақсаты аймақтар бойынша Ұлы Отан соғысы ардагерлері және тыл ардагерлерін баспанамен қамтамасыз ету еді. Сол жылдары 500-ге тарта үй салыныпты, әйтеуір біздің ауданның облыста «Тұрғын үй-91» жөнінен 1-орын алғаны әлі есте.
Жараулы ер жарға
қазық байлайды
Құрылыстың қарқын алуымен ел тұрмысы түзеліп, маң даланың орны сән қалаға айнала берері рас. Оның барлығы материалсыз мүмкін емес, ол дегенің қып-қызыл қаражат. Ауданды Сәмит Далдабаевтың басқарып тұрған кезі, арзан ағаш табыңдар деп жауапты мамандарды Сібірге қуды. Алғаш осы Алшынбай ағамыз, жанында ХХІV партсъездің прорабы Омархан бар, Ханты-Мансиск өлкесі, Советский ауданы, Пионерский қалашығына келіп түскен. Осында Жаңақорғанның күйеу баласы нефтобаздың бастығы дегенді естіп, Петрович Павел Митрофанов деген кісінің есігін қақты. Әйелі Ирина Үсенова (әлгі айтқан Жаңақорғандық қарындастары ғой). Нағыз «Жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан» дегеннің көкесі осы еді. Бұл кісілер леспромхоздың бас экономисі Разваляев Юрий Михайловичпен таныс екен.
- Сендерге не керек?
- Құрылыс материалына қажет ағаштың барлығы қат болып тұр.
-Ал бізге мал азығындық шөп қажет. Табыла ма?
- Табылғанда қандай. Сендердегіндей жәй сабан емес. Таза жоңышқа. Құнары қандай.
- Болды, бітті. Бартер жасаймыз. Келісімшарт осылай басталды. 200 тонна шөпке 500 куб ағаш. Алғашқы артылған 25 вагон тақтай Жаңақорған станциясына келіп тоқтағанда ауданбасшысы әуелінде сенбеді. Жүрегі жарыла қуанбаған адам қалмады. Вагондарға жоңышқа тиеліп, арасына қауын-қарбыз да ұмыт қалмай сәлем-сауқат ретінде салынып, жөнетіліп еді, іле-шала қуанышты хабар келді: «Жоңышқа шөбінен соң сүт өнімділігі 300-ге артты».
Сонымен екі жақтың да есебі түгел, көңілі тоқ. Осы достықтың тіні тоқтамай, ауданда түйіткілді әлеуметтік мәселелерді мамыражай шешуге жағдай туды.
Алшекең саусағын бүгіп санап отырса, Задарья, Өзгент, Қожакент, Түгіскен, Келінтөбе,  ХХІV партсъезі бар, барлығына 500 вагон, яғни 8 мың тоннаға жуық құрылыс материалдары жеткізіліпті. Оның барлығын құрылыс үшін ғана емес, жартысын Өзбекстанға жөнелтіп, қант-шай, ас қатық майға айырбастап, ауыл дүкендерін кемеріне келтіріп қойған жағдайға қол жетті.
Осының барлығы істің көзін таба білгеннің көрінісі болса, бір жағынан елге болса деген қалтқысыз ниеттің қайтарымы еді. Халықтың қазынасы ортақ қазанға түсіп, талайдың мұң-мұқтажын қанағаттандырған сайын қайыры артып, еселене түсеріне сол кездің дауылы мен жауынына арқасын төсеген нағыз апайтөс жауынгерлері куә. Сол бастандырылған тірлік елде жекешелендіру жүріп, балапан басымен, тұрымтай тұсымен болып кеткен өтпелі кезеңдерде жарты жолда тоқтап, тоқырап қалды. Кезінде қор жинап, қармап қалуды білмеген Алшекеңнің өзі де қолдан жіберген қазынаға өкінбейді. Қолында тұрғанда қаншама жанға қарасып разылығына қауышты. Соның бәрі текке кетпейді екен, мүмкін, қара жерді тең басып, тірі жүргені сол көптің ақ тілеуінің арқасы. Ия, ел қамын жегенді Тәңірім жебейді.
Келелі іс –
келешекке мұра
Алшынбай аға құрметті зейнет демалысына шыққан мен қоғам тынысынан бір сәт қол үзген кезі жоқ. Туған жердің тал-шыбығына дейін көзіне ыстық. Тәуелсіздік жылдарынан соң тіктеліп, даңғыл дамуға бет алған мемлекетеміздің  ел жағдайын оңалтуға бағытталған көмек-қолдауы ұшан-теңіз. Тірек ауыл санатындағы бір Түгіскенді алайықшы, қос-қос мектебі, балабақшасы, спорт кешені,  стадион, тағы не керек, дәрігерлік нысаны, бәрі жаңадан салынған. Ең бастысы, ауыл таза сумен қамтылған. Әр үйге кіріп тұр. Алматының жағдайынан артық. Осы бағытта аянбай атсалысқан Құттықожа Ыдырысов, Қамбар Әжібеков, Сейтсұлтан Әлімбетов сынды азаматтардың  еңбегін айрықша бағалауымыз керек, – дейді ол. Олар ел үшін ерен еңбек сіңірді. Атамекен мүддесі үшін нақ осындай жанкешті жұмыс жасайтын жас ұрпақ тәрбиелеуді де ұмытпауымыз керек. Қайраткер аға әңгіме ауанын өзінен бұрын аудан халқы үшін өзекті тақырыпқа қарай бұра берді:
– Биыл таза суға бөлінген 4 млрд-қа жуық қаржыны.  қалайда тиімді жұмсап, толықтай нәтижесін көруге тиіспіз. Таза сусыз ұрпақ денсаулығы құрдымға кетеді. Бұл дәрігер Сәулебектің ғана емес барлығымыздың жанайқайымыз. Жақсы тұрмыс қана емес, жарқын көңіл-күй, жарасымды ауызбірлік жолында ағайынның ырысы мен ынтымағы қымбат.
Алшынбай аға осы бағытта өзі де аз тер төгіп жүрген жоқ. Елдің саулығы мен саламаттығына келіп тірелетін сындарлы сәттерде құдайшылығын айтып, халықтың сөзін сөйлеуден танған емес. Мүмкін, сондықтан болар, жұртшылық ол кісіні арқа тұтады. Біз де. Өз саласының майталманының марапаттары көп. Орден-медальдан да  кенде емес болу керек. Ол жағын ежіктеп сұрап, тізбектеп жазуды да қажет деп таппадық. Ең бастысы, ол халыққа керек адам. Елдің бәрі оны аға тұтып, арқа сүйейді. Біздің жоқшымыз, жанашырымыз деп құрмет танытып,  төбелеріне көтереді. Ең бастысы осы, халықтың бағасы ғой!.
11 тамыз 2018 ж. 1 215 0