№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » » Абайға тоймен емес, оймен жақындасақ

Абайға тоймен емес, оймен жақындасақ


Адамзат бағы үшін артық туған тұлғаның қазақтың маңдайына жазылуы әлем алдында ұлт жауапкершілігінің аласармай, қайта жан-жақты толығып, жақсы үрдіс-үлгімен жаңара түсуін талап етеді. Осы бір асқақ міндеттілікті біз әсіресе Абайдың тойы алдында анық сезініп отырмыз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Семей жұртшылығымен кездесуде «Алдағы жылы Абай Құнанбаевтың туғанына 175 жыл толады. Осы айтулы датаны біз тұтас ел болып, мемлекеттік деңгейде атап өтуіміз керек. Біз үшін бұл мерейтойдың маңызы ерекше. Тарихи датаны ақыл-парасатпен, салиқалы деңгейде өткізуге баса мән беруіміз керек. Негізгі мақсат – дана Абайдың тағылымын жастардың санасына сіңіру, ұлы тұлғаның ой-толғамдарын кеңінен дәріптеу», – деп қадап айтқан еді.
Міне, енді 2020 жылдың табалдырығынан енгеннен елге сүйіншіленген сындарлы міндет салтанатты сәнімен әр қазақтың жүрегіне жол тауып, саналарға сәулесін төккелі тұр.


Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қоғамдық сананы қайта түлетудің маңыздылығы туралы айтқанда Абай мұрасының тигізер пайдасы зор екеніне көп назарын аударған. Өйткені ұлы ақынның шығармалары бүгін де өзектілігін жойған жоқ.
Күні кеше, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты еңбегінде ұлтымызды жаңғырту ісінде ақын шығармаларын тағы бір зерделеп, ой көзінен өткізіп, ұтымды пайдалану жағын ұсынып, одан халқымыздың қандай тағылым алуға тиіс екендігі жөнінде жұртшылықпен ой бөлісуі бүкіл ел жұртшылығына үлкен міндет жүктеп отыр.
Әл-Фараби мен Абайға арналған жыл барысында бүкіл түрік әлемі ғылымы философиясы «бір ауыз сөзбен бітіспесті бітістіретін қазақ сөзінің құдыреті неде?» деген сұрақтарға жауап іздейтіні анық.
Кез келген даналық ой – бүкіл әлемнің ортақ қазынасы «Атымды адам қойған соң қайтіп надан болайын» деп тереңнен толғанған ұлы ақынның жүрек сөзінде тұнып тұр.
Жалпы, атам қазақтың әрбір сөзі – қастерлі, қасиетті.
«Еріксіз түскен ылдидан,
Еркіңмен шығар өр артық.
Қорлықпен өткен өмірден,
Көсіліп жатар көр артық»
деген даналықта «Өлімнен ұят күшті» дегенді сүйекке сіңірген арлы халықтың асқақ болмысына дақ түсірмеуіне ұмтылған асқақ арманы жатыр.
Қазақ философиясында, билердің, шешендердің, Асан қайғының, Абайдың сөздерінде өмірдің өзінен екшеп алынған ақыл-өсиет бүгінгі күн болмысының басты қаруы болуы тиіс. Майқы биде: «Естіге айтар тура сөз, шыңға тіккен тумен тең. Езге айтқан тура сөз, құмға сіңген сумен тең» деген тәмсіл бар.
Абай ақын адамдарды адал еңбекке үндеп, «Есектің артын жусаң да мал тап» деді. Ал өнерді бағалауы, алтыннан асыл сөзді жоғары қоюын мына ғажап ой өрнегі дәлелдеп тұр:
«Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы.
Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,
Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы».

«Әуелі өнер ізделік, қолдан келсе»,
«Керекті іс бозбалаға талаптылық» деген тағылымның мән-мазмұны білімге, ғылымға, өнерге үндеген ақыл-өсиетке құрылған.
Асанқайғының: «Арғымақтың аяғы, айдай таға қағылса», немесе «Бағаналы терек жығылса, бақыраш жамап болар ма» деген толғауы немесе ХІХ-ХХ ғасыр аралығында дүниеге келген тағы бір өлең:
«Кеткен бір дәулет келмейді,
Жер таянтып елінтпей.
Бұты-қолың ұзаймас,
Ұлы-қызың ержетпей.
Шөлдеп ішкен қара су,
Пейіштен тапқан шербеттей.
Шаршап мінген арық ат,
Зарығып көрген перзенттей.
Жаман болса алғаның,
Өлсең көрде жатқызбас.
Сүйегіңді тебірентпей!
Бұл – Әбубәкір Кердері! Жүректен шыққан жырының халықтың сүйегіне сіңіп, төлтумасына айналып кеткелі қашан. Осы тәріздес Абай ақынның қай бір туындысы болмасын ұлт табиғатымен әрі үндес, әрі үлгілес екені сөз қадірін түсінер тұлғаға ап-анық көрініп тұр.
«Білім таппай мақтанба,
Өнер таппай баптанба.
Ойнап, босқа күлуге,
Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол.
Адам болам десеңіз.
Тілеуің өмірің алдыңда,
Оған қайғы жесеңіз.
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рахым ойлап қой.
Бес асыл іс көнсеңіз.
Адам баласын екі дүниеде де бақытты ететін асыл қадір-қасиеттің төресі Абайдың осы бір толғанып отырып тербеген назымсөзіне толығымен сыйып кеткендей.
Жалпы, ақын жүрек өз басынан өткеннен, көңілмен шын түйсініп, көзі жеткеннен ғибрат алып, оны өзгеге ұсынбақ-дүр. Әуелі өзің сенбеген нәрсені өзгеге қалай тықпаларсың?
Ақын өзі өмір сүрген қоғамның әділетсіздігіне күйініп, соны қолымен жасап отырған адамдардың надандығына налыды. Соның барлығының түп-тамыры көрсоқыр қараңғылықтан бастау алатынын түсініп, халықты оқу-тоқуға, өнер-білімге шақырды.
«Малға достық мұңы жоқ, малдан басқа,
Аларында шара жоқ, алдамасқа.
Табысына табынып, қалтаң қағып,
Тойғанынан қалғанын берсе алашқа.
Мал жияды мақтанып білдірмекке,
Көзге шұқып, малменен күйдірмекке.
Өзі шошқа, өзгені ит деп ойлар,
Сорпа-сумен, сүйекпен сүйдірмекке.
Осыны оқып, ойлай бер, болсаң зерек,
Еңбекті сат, ар сатып неге керек?
Үш-ақ нәрсе, адамның қасиеті,
Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек»

Дүние де өзі, мал да өзі, ғылымға көңіл бөлсеңіз

Жасында әжесі Зереден қара сөздің қайнарына мейір қандырып, әрнәрсеге ойлы көзбен қарап, парасатты ержеткен ұлан дүниенің кілті – білімде екенін ерте түйсініп өсті. Ахмет Риза медресесінде араб тілін меңгеруі Шығыс әдебиетімен мол сусындауына септігін тигізді. Ол бұнымен шектеліп қалмай орыс тілін еркін меңгерудің де мехнатынан қашпады. Өзгелерді де орыс тілінен үйренуге үндеді. «Өнер – білім орыста» екенін насихаттаумен болды. Ол өзінің талабының арқасында орыс тілі арқылы әлем әдебиетінің түпсіз қайнарына бөленді. «Европаға ашылған терезе» іспетті игіліктің шарапатына кенелді.
19-шы ғасыр орыс әдебиетінің ең бір кемелденген кезеңі еді. Әсіресе аударма жанры бұл шақта әдебиет алқабының балғын балаусасындай өркен жая бастады.
Міне, сол кездері Абайдың Пушкиннен, Лермонтовтан, Крыловтан аударған шығармалары халықтың өз сөзіндей, қалайша көкірегіне қона қалды десеңші? Мұның сырын адам-жұмбақтың мың сан қатпарын ақыл көзімен танып, ойда қорытып, соны өзіндік ақиқатымен айшықтай алған ақын шеберлігінің тереңдігінен іздеген дұрыс.
«Ой» (М.Ю.Лермонтовтан) өлеңінде былай толғанады:
«Қарасам, қайғыртар жұрт бұл заманғы,
Салқын, қуыс, өмірі сұм қараңғы.
Білім де жоқ, білімге сенім де жоқ,
Өнерсіз қартаяр деп біл балаңды»...
В.А.Крыловтан:
«Мен көрдім ұзын қайың құлағанын,
Бас ұрып қара жерге сұлағанын.
Жапырағы сарғайып, өлімсіреп,
Байғұстың кім тыңдайды жылағанын?
Мен көрдім ойнап жүрген қызыл киік,
Кеудесіне мылтықтың оғы тиіп.
Қалжырап, қансыраған, қабақ түскен,
Кімге батар ол байғұс тартқан күйік.
Мен көрдім ғашық жардан уәдесіздік,
Өмірдің қызығынан күдер үздік.
Жылы жүрек суыды, жара түсті,
Шықпаған шыбын жанмен күн өткіздік».
Алла Тағала әр халықтың тілін қандай алуан түрпі қып жаратса олардың мәдениетін де, өнерін де, әдебиетін – асыл сөзін де алуан түрлі етіп жаратқан. Абай поэзиясына шығыстық өлең үлгісі тән. Сондықтан да ақын аудармасындағы мұндай сарынға, мұндай тереңдікке, сөз саптауы мен кестелуі керемет үйлесім тапқандықтан кейде түпнұсқадан да әсерлі өлең үлгісіне қарап өнер құдыретіне еріксіз бас иесіз.
Өз ақылына, ілім мен білімге сүйенгеннің екі дүниеде жүзі жарық болары туралы ақын өсиеті оның өлеңдері мен қарасөзінің өн бойында өріледі де отырады.
«Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,
Әуре етеді ішіне қулық сақтап.
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Еңбегің мен ақылың екі жақтап, – десе, енді бірде:
Адамзат – бүгін адам, ертең топырақ,
Бүгінгі өмір жарқылдап алдар бірақ.
Ертең өзің қайдасың, білемісің,
Өлмек үшін туғансың, ойла шырақ» деп толғанады.
Абай халқының ауыр тағдырын бірдей бөліскен, халқы үшін жаны ауырып қана қоймай, қараңғылықтан шығар жол іздеп, елдің көкірегіне жарық шырақ жаға білген жанашыр тұлға.
Абай – ғажайып ақын ғана емес, суырып салма шешен. Әкесі Құнанбай да дана, көреген, шешен кісі болған. Ол баласын жастайынан сөз саптауға баулыған.
Қазақ философиясы, сонымен қатар асыл діннен де нәр алды. Құдайды тану, адамзат жаратылысының мәні туралы терең біліммен қаруланған ақын Абайдың әрбір сөзінің жүректен берік орын алуында осынау ақиқат діннің айнымас құдыреті де жатыр. Адамды адастырмайтын, түзу жолға салатын даналықтың кілтін тапқан Абайдың сөзі бізге қазір де, болашақта да керек. Сол үшін де Абайды оқу керек, түсіну керек, оқып қана қоймай жүректен өткізе білу керек.
«Алланың өзі де рас, сөзі де рас,
Рас сөз ешуақытта жалған болмас»
немесе
«Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп,
Және хақ жолы осы деп әділетті» деп жырлайды ақын жүрек.
Жер бетіндегі жаратылыс иелерін бәрін бірдей тең тұтып, мейіріммен қарай білуінде, ізгілікті қоғамның басты шарты – адам баласын бауырмалдыққа үндеуінде ақынның бала жастан Ислам дінін сүйегіне сіңіріп, санасына орнықтырған имани кемелдігі куә. Ата-бабасынан дәулетті, бай сұлтанның ұрпағы бола тұра жарлы-жақыбайға болысқыш, хақсыз жерде қайрат қылмай тұра алмас хиқметтің иесі бар саналы ғұмырында ақ пен қара, бар мен жоқ, күшті мен әлсіздің арасындағы мәңгі бітпес майданда маңдайын тауға да соқты, тасқа да соқты, әділдіктің ақ туын асқақтатып өтті.

Ақынның қара сөздері

Ақын соңында қалдырған маржан ойдың мәйегі оның Қара сөздері.
Өзі бұл туралы «Ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім өзіне керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе өз сөзім өзімдікі» деп ақын барынша қарапайым байлам түйгенімен қалың қазақтың ата-бабасынан бергі болмыс-бітімін әділ таразылап, байыпты бағдар берген аталмыш еңбек нақ бүгінгі күннің өзінде де ұлттық мінезімізді дөп басқан, мысқылсыз мінеп, қисықты түзеп, шынайы кемшілігіміздің себебін сипаттап берген құндылығын жойған жоқ.
Ол үшінші қарасөзінде былай дейді: «Қазақтың бірінің біріне қаскүнем болмағының, бірінің жоғын бірі тілеспейтұғынының, рас сөзі аз болатұғынының, иелерінің жалқау болатынының себебі не? Һәмма ғаламға белгілі данышпандар әлдеқашан байқаған: әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады, әрбір қайратсыз қорқақ, мақтаншақ келеді, әрбір мақтаншақ ақылсыз, надан келеді, әрбір ақылсыз арсыз келеді, әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, ешкімге достығы жоқ, жандар шығады» дейді. Отыз тоғызыншы сөзінде атам қазақтың артық екі мінезі жөнінде сыр толғайды: «Ол екі мінез қайсы десең, әуелі ол заманда ел басы, топ басы деген кісілер болған. Көш-қоңды болса, дау-жанжалды болса, билік соларда болады екен. Халықта оны сынамақ болмайды екен. «Басалқыңыз бар болса жанған отқа күймессің» деп мақал айтып, тілеу қылып, екі тізгін, бір шылбырды бердік соған, берген соң қайтып бұзылмақ түгіл, жетпегеніңді жеткіземін деп, жамандығын жасырып, жақсылығын асырамын деп тырысады екен. Оны зор тұтып, онан жақсылары да көп озбайды екен. Бәрі өз бауыры, бәрі өз тумаласы болған соң шыныменен жетесінде жоқ болмаса, солардың қамын жемей қайтеді?
Екінші мінезі – намысқорлық екен. Ат аталып, әруақ шақырылған жерде ағайынға өкпе, араздыққа қарамайды екен. Жанын салысады екен. «Ағайынның азары болса да безері болмайды» деп. Кәнеки, осы екі мінез қайда бар? Бұлар да арлылық, намыстылық, табандылықтан келеді. Бұлардан айырылдық. Ендігілердің достығы – пейіл емес, алдау, дұшпандығы – кейіс емес, не күндестік, не тыныш отыра алмағандық».
Ақынның көңілмен аңдап, көбесін талдап, күйіне жеткізіп, келешекті осындай дерттен сақтандырған сара сөзін санада салмақтап, ойда қорыту аз, соған сәйкес іс қылсақ, етек-жеңімізді жиып, ағайын арасында бейбастық іс-әрекеттерді тыйып, мәмілеге тұрып, айтқанды қылып, тірілтсек дәстүр молынан, жақсының еріп соңынан, кім бізге кедергі? Не нәрсе тосқауыл?
Ақын қарасөздерін қайыра оқып, санада тоқудың хиқметі, қазақтың өзін жете танып, тамырынан нәр алуы үшін, намысын жанып, қайта бір түлеп жаңаруы үшін аса қажет екен. Өз басым осылай түйдім.

Ұлылыққа тағзым

Биыл Абай ақынның 175 жылдық мерейтойын тойлаймыз. «Абайға жақындау арқылы ақынның бүкіл арман-мақсатының сырына үңіліп, жан сарайына тереңдей түсеміз. Абайға той арқылы емес, ой арқылы жақындаймыз.
Бұдан ширек ғасыр бұрын Абайдың 150 жылдығын мерекелеген мерейтойдың куәсі болғандардың бірі қаламгер Мамадияр Жақып ағамыз «Егеменнің» Семейдегі тілшісі болып он жыл қызмет атқарған жан. Ол осы тойдың қарсаңында мынадай идея көтерген екен: Ерте заманда бабаларымыз қасиетті Меккеге, одан қала берді әулие-әнбиелердің басына жаяу-жалпылап барған және сол жолда арып-ашыса да шыдап баққан. Сөйтіп алдына қойған мақсатына жеткен. Ендеше, мынадай дүбірлі той қарсаңында Семейден Жидебайға дейін жаяу барып, Абай әлеміне басқаша көзбен үңіліп, Абай жүрген жерлерді басып барласақ, сол арқылы өзгеге де ой салсақ. Семейдегі Абай қорының президенті бастаған бірнеше белсенді тұлғалар осы мақсатта бас біріктіріп, Семей-Қарауылтөбе бағытын бетке алып, қаладан 150 км қашықтықтағы Жидебайға бес жарым күнде аяқ іліктірген екен. Ұлы ақынға деген іңкәрліктің, сүйіспеншіліктің, адалдықтың, бұдан асқан қандай үлгісі бар?
1940 жылы ұлы ақынның 95 жылдығына орай оның әдеби мемориалдық мұражайы ашылып, «Ұлылыққа тағзым» деп аталатын бұл акцияны бас басылым Абай қорымен бірлесіп өткізген. Ал бүгін қандай шаралар атқарылып жатыр? Семейде Абайдың 175 жылдығына орай сондағы «Абай-Бөрілі» қорық-мұражайының ұйымдастыруымен жеткіншектер қала ішіндегі Абай жүрген ізбенен саяхатқа шығып, тау тұлғаны осылайша ұлықтады.
Абайдың туған жерінен тыс, еліміздің түкпір-түкпірінде тіпті әлемдік аренада ақын мәртебесін асқақтатып, рухын тербеудің тағылымды үлгілері талай таңғажайып бастамаға түрен салмақ. Тойдың өзегі – Абай мұрасын насихаттау. Ұрпақ бойына Абай еңбектерінің тағылымын сіңіру. «Толық адам» негізін қалыптастыру. Біз бір нәрсеге мән беруіміз керек. Абай қазаққа ғана емес, адамзатқа ортақ тұлға! «Бәрін сүй адамзаттың бауырым» деп жырлап, бүкіл өмірін осы жолда сарп еткен жан. Олай болса Абайды тану арқылы түрлі ұлтты ортақ бесігінде ұйыстырған қазақ елінің ынтымағы мен берекесін бекемдей түсетін боламыз. Ұлы ақынның миссиясы да осы болатын. Абайға зор құрмет көрсетіп, хакім сөзін асыл мұрамызға балаған Елбасымыздың да, дана тұлғаның 175 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО көлемінде мерекелеуге пәрмен берген Президентіміздің көздеген мақсаты, басты мұрасы осы.

Баян ҮСЕЙІНОВА
14 қаңтар 2020 ж. 1 053 0