№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Абай – дана, Абай – дара

Абай – дана, Абай – дара


Ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО деңгейінде дүркіреп өтті. Көз алдымызда. Оған осы күнгі орта буын ұрпақ куәгерміз. Тәуелсіздікке қолы жеткен халқымыз үшін оның маңызы өте зор болатын. Бұл шара шын мәнінде қазақты әлемге танытуға қызмет етті. Сол тұста ел болып, зиялы қауым болып, Үкімет болып жұмыла атқарылған шаруалар өте ауқымды еді. Дегенмен, оның бәрі жабылып, ұлы тұлғамызды танып білуге жасалған талпыныстар ғана болып қалғандай бұл күнде. Неге олай дейміз? Оның себебі, Абайдың мұрасы мен өнегесінің шексіздігінде.


Ақиқаттың өлшемі – қоғамдық тәжірибе. Өмір шындығы мен қоғам сұранысымен бетпе-бет келгенде ақиқаттың сыннан өтіп, жаңа қырларының ашылуы заңды. Осы жолы да солай болып отыр. Араға жиырма бес жыл салып Абайға қайта оралдық. Осы уақытта не өзгерді?
Ең бастысы қоғам өзгерді, қоғаммен бірге адам өзгерді. Соған сай Абайдың мұрасы мен өнегесіне деген сұраныс өзгерді. Қоғамда ұлықталатын жаңа құндылықтар орнықты. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы реформалық өзгерістердің заманы өтті. Қазіргі кезде етек жеңін жиып, іргесін бекіткен еліміз дамудың даңғыл жолына бағыт алды. Әлемнің дамыған елдерімен тығыз қарым-қатынас орнатты. Бүгінгі қазақ осыдан ширек ғасыр бұрынғы тәуелсіздік буына елтіген, мың сан таңдаудың алдында дағдарған қазақ емес. Бүгінгі қоғам жаһандану үдерісінің нақты шындығымен бетпе-бет келіп отыр. Ендігі жерде қоғамға барға тоқмейілсу, жауырды жаба тоқу, ғайыптан көмек күту деген сияқты өзін-өзі алдарқататын келеңсіз психологияның тіптен де керегі жоқ. Қарапайым адамдардың санасынан асып, үкіметтің саясатына араласып кеткен осы келеңсіздіктерден арылудың жолдарын мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында Ұлы Абайдың мұрасын жаңа көзқараспен пайымдау арқылы көрсетуді мақсат еткен екен. Мақалада қазіргі кезде қоғамда қордаланып қалған көп сауалдың жауабы айқындалғандай әсерде болдым. Әдетте, мемлекет басшысының аузымен айтылатын сөздердің пәрмені қуатты, ықпалы зор болатындығы белгілі ғой.
Елбасымыздың үш жыл бұрынғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы қоғамдық ойда өзінінің бағдарламалық қуатымен үлкен серпіліс туғызған еді. Осы мақала жарық көргеннен кейінгі кездегі атқарылған игі шаралар тәуелсіздік жылдарындағы руханият саласын жаңа биікке көтерген әрекеттерге кең жол ашты. Қазірдің өзінде мемлекеттің саясатына айналған аталған мақаладағы саяси, мәдени ұстанымдар қоғам өміріне өз нәтижесін бере бастады. Сол бастаманың жалғасы болған «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласы туралы да осыны айтуға болады. Ал Қ.Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы ұлттық идеяларды қалыптастырған Елбасы тұжырымдарын толықтырған және ұсынған бағыттарының қисынды жалғасына айналып отыр.
Елбасының мақаласында «алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек» деген тұжырым айтылған болатын. Мемлекет басшысы осы тұжырымды одан әрі өрбітіп, Абайға жүгінеді. Ол «Біз елді, ұлтты Абайша сүюді үйренуіміз керек. Ұлы ақын ұлтының кемшілігін қатты сынаса да, тек бір ғана ойды – қазағын, халқын төрге жетелеуді мақсат тұтты.
Абайдың мол мұрасы қазақ ұлтының жаңа сапасын қалыптастыруға қызмет етеді. Оның шығармаларындағы ой-тұжырымдар әрбір жастың бойында халқына, елі мен жеріне деген патриоттық сезімді орнықтырады» дей келіп, Абай мұрасын өскелең ұрпақтың санасына сіңіру және өмірлік азығына айналдыру – рухани жаңғыру ұлттық идеясын іске асырудың басты тетіктерінің бірі ретінде қарастырылады. Соған байланысты Абайдың «толық адам» формуласын алға тартады. Қожа Ахмет Ясауиден бастау алған Абайдың «толық адам» - камил инсан тұжырымы қоғамның басты бағдарына алынуы керек екендігі туралы ғылыми ой әлдеқашан орныққан болатын. Әйтсе де, оның мемлекеттік деңгейде мән берілген сұранысқа айналуы тек бүгін ғана. Демек, Абайдың мұрасы мен өнегесі ұлттың рухани жаңғыруына өзек болатын сәт туды.
Ендігі мәселе, мемлекет басшысының осы мақалада айтылған саяси тұжырымдарына қатысты. Қ.Тоқаев мақалада «Халықтың билікке деген құрметі болмаса – елдігімізге сын. Сондықтан азаматтарға, әсіресе, жастарға мемлекетті сыйлаудың мән-маңызын түсіндіру қажет» дей отырып, тағы да Абайдың мұрасына зейін қойған абзалдығын атап айтты.
Оның мәні мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» атты тұжырымдасын одан әрі өрбітеді. Қазіргі кезде «билік пен қоғам арасындағы сындарлы диалог мемлекетке деген сенімді нығайта түсетіндігі, үкімет мүшелері, соның ішінде министрлер мен әкімдер мемлекеттік және қоғамдық маңызы бар мәселелерге қатысты шешім қабылдаған кезде азаматтардың ұсыныстары мен тілектерін ескеруі керек екендігін де Абай меңзеген әділетті қоғам қалыптастырудың бірден-бір шарты» деп бағалайды. Қазіргі қазақ қоғамын алаңдатып отырған осындай мәселелердің түйткілін тарқатуда Абайға жүгінген мемлекет басшысының мақаласы көп ойға азық болады.
Рухани жаңғырудың бізге не үшін керек екендігі бәрімізге белгілі сияқты. Әйтсе де, рухани жаңғыру бізге ұлттық тұтастықты орнықтыру үшін керек, ал ұлттың тұтастығы ғаламдастыру толқынына жұтылып кетпей, іргелі ел болуымыз үшін керек екендігін естен шығармауымыз керек. Бұл істе біздің бағдар – Ұлы Абайдың рухани мұрасы, оның ұлылық өнегесі болмақ.
Мақалада Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын атап өтуге қатысты белгіленген республикалық және халықаралық деңгейдегі шаралардың ауқымдылығы және өзектілігі көңіл қуантады. «Абай – дана, Абай – дара қазақта» деген ақиқат әлемдік қауымдастық деңгейінде мойындалуы керек.

Хазретәлі ТҰРСЫН,
тарих ғылымдарының докторы, профессор
14 қаңтар 2020 ж. 1 212 0