2020 ӘЛЕУМЕТТІҢ ӘЛЕУЕТІ АРТА МА?
Елімізде қай салада болмасын дамудың, өркениетке жетудің игі қадамдары жасалды. Жыл басында Президент әлеуметтің әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстарды басты назарға алып, зейнетақы, жәрдемақы сынды мемлекеттік төлемдердің көлемін ұлғайтуға пәрмен берген болатын. Енді міне, санаулы күннен кейін, яғни 2020 жылдың 1-қаңтарынан бастап Қазақстанда бірқатар Заңдар күшіне енеді. Осы тұста, келер жылы қазақстандықтардың өмірінде болатын елеулі өзгерістерді тізбектеп көрсек. Аталмыш заңдардың халықтың тұрмыс сапасының артуына қаншалықты әсері бар? Біз осыны зерттедік. Белгілісі, әлеуметтік төлемдердің басым бөлігінің көлемі ұлғаяды.
ЖӘРДЕМАҚЫНЫҢ ЖАҢАРТЫЛҒАН ТҮРІ
Әуелі әлеуметтің әлеуетін арттыратын өзгерістерден бастасақ. Бұл жөнінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Қызылорда облысы бойынша филиалы әлеуметтік қамсыздандыру жөніндегі Жаңақорған аудандық бөлімінің басшысы Әлия Аблаевадан білдік. Оның айтуынша, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап еліміздегі барлық көпбалалы отбасыға табысына қарамастан мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Ай сайынғыжәрдемақы кәмелетке толмаған төрт және одан көп немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студенттері бар көпбалалы отбасыларға беріледі. Мемлекеттік жәрдемақы бала санына қарай сараланады: 4 баласы бар отбасыларға – 42 496 теңге; 5 балаға – 53 127 теңге; 6 балаға – 63 757 теңге; 7 және одан да көп балаларға – 74 388 теңге. Сонымен қатар, жаңа жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмекті төлеу жүйесі өзгереді. Атаулы әлеуметтік көмек бұрынғыдай алты немесе он екі айға емес, тоқсан сайын тағайындалады. Егер отбасының еңбекке жарамды мүшесі мемлекет ұсынған жұмыстан бас тартса, атаулы әлеуметтік көмек бүкіл отбасыға тоқтатылады.
Сондай-ақ Президент Жолдауында мүмкіндігі шектеулі жандарға кедергісіз орта қалыптастыруға пәрмен берген болатын. Олардың құқықтарын қамтамасыз етіп, өмір сүру сапасын жақсарту – күн тәртібінде. Жақсартып қана қоймай, әлеуметтік төлемнің көлемін ұлғайтуды да басты назарда. Мүгедектік бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері күнкөріс деңгейінің мөлшеріне, мүге дектіктің тобы мен себебіне, асыраушысынан айырылған жағдайда – асырауындағы адамдар санына және тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшеріне байланысты болады. Мәселен, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша Мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің өзгеруіне байланысты 5 процентке арттырылатын болады. Мысалға, келесі жылдан бастап жалпы аурудан мүгедектікке берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мөлшері мүгедектік тобына байланысты 32 431 теңгеден 59 872 теңгеге дейін болады. Асыраушысынан айрылғандарға берілетін жәрдемақы асырауындағы адамдар санына байланысты 26 818 теңгеден 65797 теңгеге дейін болады. Сонымен бірге жетім балаларға әрқайсысы үшін 36 796 теңгеден беріледі, бірақ отбасының барлық мүгедек мүшелері үшін 79 829 теңгеден аспайды.
ЖАЛАҚЫ ЖОҒАРЫЛАЙДЫ
Жалақының өсуі тұрмыстық жағдайды жақсартумен қоса әр азаматтың еңбек етудегі жауапкершілігінің өсуіне оң әсер етеді. Айлықтың жоғарылауы кез келген жұмысшының еңбекке деген құлшынысын арттыра түседі. Жұмысшылардың еңбегін бағалау, айлығын көтеру, олардың алаңсыз қызмет етуіне жағдай жасау – күн тәртібінен түскен емес. 2020 жылдан бастап Қазақстанның еңбек заңнамасы бойынша, елімізде тек ең төменгі жалақының мөлшері ғана реттеледі. Қалғаны – жұмыс берушінің қалауына қарай. Мәселен, 2019 жылдың басынан бері әлеуметтік жауапкершілік аясында 203 мың кәсіпорын 1,2 миллион жұмысшының жалақысын 32%-ке – 46 мың теңгеден 61 мың теңгеге дейін көтерді. Ал 1 шілдеден бюджет қызметкерлерінің айлығы 30%-ке ұлғайды.
Енді 2020 жылдың 1 қаңтарынан мұғалімдердің жалақысы 25%-ке, мәдениет саласы қызметкерлерінің айлығы 35-50%, әлеуметтік сала қызметкерлерінікі 30-60%-ке өседі деп жоспарланып отыр.
МӘМС КҮШІНЕ ЕНЕДІ
2020 жылдан бастап елімізде пациенттерді қабылдау мен емдеу жаңаша жүргізіледі. Оған себеп – Қазақстан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне көшкелі жатыр. МӘМС аясында мемлекет тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін сақтайды. 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс берушілер мен өзін-өзі жұмыспен қамтушылар медициналық сақтандыру қорына жарна аударуға міндеттеледі. Біріншіден, жұмыс берушілер үшін – жалақы қорының 2%-і; екіншіден, жұмысшылар үшін – еңбекақының 1%-і; үшіншіден, жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалықтары, жеке практикамен айналысатын тұлғалар – 1,4 ЕТЖ-нің (ең төменгі жалақы) 5%-і; төртіншіден, азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшартпен жұмыс істейтіндер – табысының 1%-і; бесіншіден, өздігінен төлеушілер – 1 ЕТЖ-нің (ең төменгі жалақы) 5%-і. Ал жеңілдікке ие азаматтардың 15 санатына мемлекет жарнаны қорға өзі аударады.
САЛЫҚТЫҚ ӨЗГЕРІСТЕРДІ БІЛЕ ЖҮРІҢІЗ
2020 жылдан бастап бірқатар салықтық өзгерістер орын алады. Бұл жөнінде бізге Жаңақорған ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Еркеғали Абдрахманов айтып берді. Біріншіден, келесі жылы Қазақстанда салық әмиянының жаңа құралы іске қосылады, ол бюджетке төлемдерді автоматты түрде бөлуді жүргізуге мүмкіндік береді. Салық төлеу деректемелері автоматты түрде толтырылатын болады.
Екіншіден, шағын бизнес Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша 2020 жылдан 2022 жылға дейін КТС, ЖТС, әлеуметтік салық және бірыңғай жер салығын төлеуден босатылады. Тексеруге мораторий енгізіледі.
Үшіншіден, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жеке кәсіпкерлердің патент негізінде арнаулы салық режимін қолдануы бойынша жаңа талаптар күшіне енеді.
Төртіншіден, салық органдары 2020 жылдан бастап ЭЦҚ бермейді. Ұлттық куәландырушы орталық берген сандық қолтаңба ғана жарамды болады. Кабинетке кіру ҰКО ЭЦҚ немесе СМС-пароль арқылы жүргізіледі.
Бесіншіден, Бақылау-касса машинасын (БКМ) қолдану тәртібін бұзғаны үшін жаза қатаңдатылады. Егер бұрын фискалдық органдар тек ескертулермен шектелсе, 2020 жылдан бастап БКМ қолдануға байланысты бұзушылықтар 7-ден 25 АЕК-ке дейін (18,6 мың теңге-66,3 мың теңге) айыппұлға ауыстырылады. Бұзылған болып: чек беру мерзімдерін бұзу тіркеуге өтініш БКМ болмауы, POS-терминалдың болмауы, төлем карталарын қабылдамау жатады.
ШӘКІРТАҚЫ ҰЛҒАЯДЫ
Соңғысы, степендия көтеріледі. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың 1 қаңтарынан студенттердің шәкіртақысын 25%-ке ұлғайтуды тапсырды. Мемлекет басшысы бұл туралы Жастар жылының жабылу салтанатында мәлімдеген еді. Келер жылдан бастап студенттердің стипендиясы былай өзгереді: бакалавриатта – 20 949 теңгеден 26 186 теңгеге дейін; магистратурада – 53 530 теңгеден 66 913 теңгеге дейін; докторантурада – 81 998 теңгеден 102 498 теңгеге дейін.
Түйіндей айтқанда, Президент пәрмені көптеген өзекті мәселелердің оңтайлы шешілуіне ұйытқы бола бермек. Жаңақорғандықтардың жаңа жылдан күтері көп. Бастысы, құнды құжатта айтылған мәселелер 2020 жылы оң шешімін тауып, игілікті іс-шаралар жүйелі түрде жүзеге асса, қазақстандықтардың әл-ауқаты өсіп, табысы мен тұрмыс сапасы да арта түсері айқын.
Иә, өткен жылға өкпеміз жоқ, келер жылдан күтер үмітіміз көп. Жаңа жылда жұртшылық үшін жағымды жаңалықтар көп болғай...