№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Еңбек еткенді ел құрметтейді

Еңбек еткенді ел құрметтейді

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын рухани жаңғыруымыздың басты бағыттарын айқындап берген ұлттық тұғырнама. Өйткені, ұмыт бола бастаған ұлттық құндылықтарды қайта жаңғыртып, елге қызмет еткен ұлы тұлғалар есімін өшірмеу үлкен жауапкершілікті жүктейді. Сондай елге өлшеусіз еңбек еткен тұлғалар аз емес.

Солардың қатарында ел дамуына үлес қосқан қайраткер Мейірбек Әбдрейімов туралы ой қозғамақшымыз. Әкесі өмірден ерте озып, артында қалған үш баланы анасы өсіріп, бағады. Орта мектепті бітіріп, арман қуған Мәкең Алматыдағы ауыл шаруашылығы институтының механика факультетін қызыл дипломға бітіреді. Елге келіп, сол кездегі аудандық кәсіптік-техникалық училищеге мұғалім болып орналасады. Қарапайым ұстаздықтан бастап директордың орынбасары, партия комитетінде нұсқаушы қызметін абыройлы атқарады. Одан кейін, аудандық ауылшаруашылық басқармасына орын­басарлық қызметіне тағайындалады. Ал 1977 жылы Сунақата совхозында директор болып, ауыл тұрмысының тіктелуіне аянбай еңбектенеді.
Иә, кеңшардың директорлық қыз­метін алып жүру оңай жүк емес. Мейірбек ағамыз совхоздың әлеуметтік экономикалық жағдайын жақсартуға бар күшін салды. Сол кездерде егін мен мал шаруашылығы саласында қыруар жұмыс атқарылды. Әсіресе, күріштен мол өнім алуға айрықша бетбұрыс жасалынды. Күріш жинау науқанында көш басында Сунақата еңбеккерлері тұрды. Мәселен, 1982 жылы 2500 гектар жерге Сыр маржанын сеуіп, оның әр гектарынан 56 центнерден жоғары өнім алынды. Ал №2 бригада 57 центнер, №4 бригада 61 центнерден өнім жинады. Осы еңбектің арқасында ауыл облыста соцалистік міндеттемесін асыра орындап, жоғары өнім алды. Егін жинау жұмысын 20-25 күнде жинауды қамтамасыз етті.
Осылайша дала диқандары мемлекетке 131 360 центнер күріш сатып, бес жылдық жоспарды мерзімінен бұрын орындады. Сол тұста Кеңес Құдайбергенов, Әуелбек Ибраев басқарған бригадалар 400 гектар егістің әр гектарынан 60-68 центнер Сыр салысын алды. Звено жетекшісі А.Жүсіпов, А.Абдраймов, Б.Жиыновтар 5080 центнер аралығындағы міндеттемелерін артығымен орындады. Егін жинау кезінде жаткашы А.Бахашов, А.Балғабаев, А.Каухамов, А.Жүсіпов, жүк көлігін жүргізуші А.Шегебаев, А.Ергешов, комбайнер А.Орынбасаров, А.Сыздықов, Т.Құрақбаев маусым кезінде 4000-6000 центнер астық бастырды.
Міне, Мәкең 15 жылға жуық директорлық қызметте болғанда осындай тындырымды жұмыс атқарылды. Әр саланың мән-жайын ұғына білетін оның іскерлігі жастарға үлгі болып қалды. Азаматтығы, ауылға деген қамқорлығы ерекше болды. Әсіресе жастардың шаруашылық атынан оқуға түсуіне көмегін аямады. Жас механизаторлар Әзия Қыстаубаева, Әбутәліп Сүйіндіков сынды жалынды жастар есейе келе, Сыр өңірінің ауылшаруашылығы саласының өркендеуіне серпін берді.
Жалпы Мәкең кімге болса да қол ұшын беруге даяр тұратын жан еді. Мінезі жұмсақ болғанымен, адал еңбекті талап ететін тұлға. Халық арасында көңіл кеңдігі мен дархан пейілінің жомарттығымен есте қалды. Оның елге еткен еңбегі еленіп, бірнеше мәрте марапат биігінен көрінді.
Шаруашылықпен қатар отбасында қамқор отағасы бола білді. Жеңгеміз екеуі 3 ұл, 2 қыз тәрбиелеп, өсірді. Бүгінде олардан өрбіген ұрпақ сан салада абыройлы қызмет етуде. Қорыта айтқанда, Мәкең сексен жасында ақтық сапарға аттанғанға дейін табиғат берген ажарынан айрылмай, еңселі өмірден өтті. Адамның ата-даңқын шығаратын адал еңбек қана. Алайда үзіліссіз, үздіксіз абыройлы еңбек ету кез келген жанның қолынан келе бермейді. Өзім сондай жанмен қызметтес болғанымды мақтан тұтамын. Ол кісінің жарқын бейнесі Сунақата тұрғындарының жадында әлі ұзақ сақталады, есімі артында ұрпағы бар да өлмейді деп есептеймін. Қашанда елге еңбек еткенді ел құрметтейді.

Бағдат БЕКЖҰМАНҰЛЫ,
Сунақата ауылы
22 желтоқсан 2019 ж. 553 0