№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » » Қаратаудың қайсар ұлы

Қаратаудың қайсар ұлы


Тарлан тарихтың өсиетін де, кепиетін де кемерінен кем өткермеген кәрі Қаратау бауырында туып, тылсыммен тіл табысқан талай тастүлектің тұсауын кесіп, жарылқап-жебеп, маңдайына жұлдыз тақты. Өткен күн еншісінде есімдері жаттаулы, жаңа дәуірде жарқ етіп қайта жаңғырып, туған халқымен бірге жасап келе жатқан жайсаң жампоздар өз алдына, соңғы жарты ғасырда бір Жаңақорғанның топырағынан 12 Академик, 50 ғылым докторы түлеп ұшыпты.


Міне, осы алыптар шоғырында ғалым, физик, аэродинамик, тех­ника ғылымдарының докторы, про­фессор, халықаралық энергетика Академиясының академигі, Мемле­кет­тік Сыйлықтың лауреаты Бірлесбек Алияровтың шоқтығы бір төбе.
Қаниұлы Бірлесбек ағамыздың тағдыр талайына зер сала үңілсеңіз, қарғадай кезінен қармаққа ілген қатал тағдыр сынағынан қайыспай алып шыққан ана тілегінің қуатына қайран қаласыз.
Анасы Раба мұны «бір туғанда екі тудым» дегеніндей, басыбүтін бейнеттен бел жазбай, алақанынан сап аялап, арқасынан тастамай жетілдірді. Дерексіз дендеген дерт­тен бойын тік жаза алмай, қатарынан кейіндеп қалған үлпіршекті үпілеп, ешкімнен кем етпеу үшін, үйде өзі оқытып, сауатын ашып, санауды алғаш жаттатқан да анасы еді.
Көркіне ақылы сай, адуынды, бетіне қарсы тұруға ешкімнің батылы жетпес, әділ, ішкі қуаты ерен, ерекше жанды сәби де зор сүйеу тұтып өсті. Жігерін жанып, өзін қорғансыз сезініп көрген емес. Тек мына бір кеселі ... он жасқа дейін омыртқадан жабысып ... адымын тұсап ...
Есімін ұмытыпты, ел-жұрт Қайназардың кемпірі атандырған кейуана мұның емін тапты. Бұл баланың ішінде суық бар деді ол. Осы кейуананың кеңесімен анасы оны екі-үш жыл қатарынан Жаңақорғанның батпағына үш рет, одан соң құмға үш рет құндақтағанда денесін тесіп шыққан артық судан арылып, құлындай шауып кетті.
Жанұяда өзінен кейін екі інісі, бір қарындасы желкілдеп өсіп келе жатты. Бірақ анасы неге екенін, бұған келгенде аса қатал, тым талапшыл. Анау он екі мүшесі сау, аяқ-қолы балғадай бауырларынан гөрі бұдан күтер үміті де үлкен. Бірде он екі жасар жеткіншегін жанына шақырып алып, тосын талабын жеткізді: – Балам, қазір ғой жасың он екіде, он жетіңде мектепті бітіресің. Сосын үлкен жерде жоғары оқу орнын тауысасың. Ал енді қатардан озып кәрамат ғалым болу үшін, менің білуімше, қорғауың керек. Айтарым сол, қатарыңның алды боп оқы. Жалқауланбаласаң, жарып шығасың. Жиырма бесінде кәндидат наук, отыз бесіңде доқтыр наук, одан кейін Академик атануың қажет, – деп қалқанқұлақ қара баласына қаранар тілекті сеніммен арқалатқанда ана жүрек нені сезіп, нені аңғарды?
Бірлесбек ана үмітін ақтап, орта мектепті алтын медальға тәмамдағалы тұрған. Бір сабақтан – әдебиеттен 4-ке шығып, алтынды қолдан шығарып алды. Соған запыстанып, үш күн нәр татпай, тас бүркеніп жатып алған. Анасының: «Мұныңмен ешкімді мұқата алмайсың. Ер екеніңді білейін, оқуға түсіп, біліміңді дәлелдеп шық» деген сөзі жігерін қайрағандай болды. Содан буынып-түйініп, Алматыға аттанды. Бағыты – физик болу, оған да анасы ақыл қосты. Негізінде тарихшы ма, философ па болсам деген арманы бар еді, анасы айтты: бұл таңдауың да дұрыс шығар, бірақ онда деңгейіңді дәлелдеуің күрделірек, саясат дегенің сыбыр-сыбырмен шешіледі, ал мынау физикада көрсеткішті қолмен ұстап, көзге дәлелдеуге мүмкіндік мол. Мойындалуың да оңай.
Шынында да, солай болды...
Кенерінен шыққан келешегіне пат­ша көңілмен атақ атаулыны аямай еншілеткен асыл тілек жерде қалмады. Алдымен кейіпкеріміздің мәртебелі биігі – Мемлекеттік Сыйлыққа ұсынылған жаңалығы туралы тоқталып өтейік.
Екібастұз көмірі ең арзан көмір. Бірақ оны жаққанда жартысынан астамы күлге айналып, жарамсызданады. Осы күлдің өзін энергияға айналдырып пайдаға жаратудың ғалым тапқан әдісі Қазақстан экономикасына миллиардтаған пайда әкелді. Мемлекеттік сыйлық осы еңбегі үшін берілді.
Ұлының осы жетістігін анасы көріп кетті. Ауырып, төсек тартып жатқан ана мұның қолын қысып, даусы шықпай қалған екен, «саған рахмет» деді сыбырлап. Қайран ана алпыс тоғыз жасында кенеттен келмес сапарға аттанып кетті. Анасының алдында әлі талай жеңісін дәлелдеп, қуантамын деген құштар тілек іште тұншығып қала берген. Ата-анаға дүниеден озған соң да сауабы жетер амал – Жаңақорғанның қақ ортасындағы қараорында әр жылда бір бас қосып ата-ана рухына арнап ас беріп, құран бағыштау – қырық жылдан үзілмей келе жатқан қасиетті үрдіске айналды.
Қазақта “Алтын шыққан жерді белден қаз” деген нақыл тегін айтылмаса керек. Бірлесбектің өзінен кейінгі бауырлары Есенжол да, Аманжол да энергетиктер, техника ғылымының майталмандары. Қарындасы Гүлжан экономика саласында абыройлы еңбек етті. Бірлесбек ағаның перзенттері Әлімжан мен Мадина, екеуі де энергетика институтының түлектері, әке жолымен оқытушылық қызметті жалғастырды. Екеуі де ағылшын тілін жетік меңгерген.
Аға туралы сыр шерткен Есенжол ағамыз былай деп толғанады:
– “Алдыңғы арба қайда жүрсе, соңғысы сонда домалайды” демекші, алдымыздағы сүйенішіміз, тірегіміз бола білген бауырымыздың бүгінгі биікке қол артуына ата-ана тағылымы ғана емес, айнала дос-жолдас, жақын-жуықтың көп қалтқысыз демеуін, ықыласты қамқорлығын айтпай кетуге болмайды. Айрықша жанындағы қосағының жанын терең түсініп, жағдайын жасай білуі шығармашыл тұлғаға таудай тірек. Осы ретте тағы да анамыздың көрегендігіне көзіміз жетіп отыр, ол Күланда жеңгемізді өзі таңдап, саған лайығы осы жан, басыңды жерге қаратпайды, қадіріңді асырады, деп сыртынан нұсқаған алты қыздың ішінде ағамыздың да көңілі сол қызға ауғанына ерекше қуанып еді. Сол жеңгеміздің рухы алдында да риясыз тағзым етеміз.
Атамыз Алияр жүз жыл ғұмыр сүрген жан. Немересінің есімін өзі қойып, кешегі күндері қуғын-сүргінмен ауып кеткен ағайынның атамекенге қайта көш басын бұруына тілектес ниетпен ел біріксе деп “Бірлесбек” болсын деген екен. Жүрегінің тазалығымен ел-жұртқа зәредей болсын жақсылық жасауға ұмтылып, бізге де соны насихат еткен әке өсиеті, үнемі жолымызға бағыт-бағдар беріп, айнымас ақыл, асыл қағидасын қазық еткен Сұлтан Сартаев сынды ағамыздың тағлымы – бір бүтін мектеп. Біз осы кісілердің барлығына бірдей қарыздармыз, – дейді ағынан жарыла.
Сала саңлағы өмір жолында үш оқу орнын тәмамдады. 1961 жылы Қазақтың политехникалық институтының физика факультетін, 83-ші жылы Алматы энергетикалық институтының жылу-энергия факультетін, 95-те Оксфорд университетінің экология-экономикалық энергия бөлімінде білім алды.
“Қолымды мезгілінен кеш сермедім” деп Абай атасы сынды өкінішке қалса да, тіл үйренуден кенже қалмай, елу үш жасында ағылшын тілін жетік меңгермекке белді бекем буып кірісті. Соның арқасында Оксфорд университетінде лекция оқып, шетелдерге сапарда аудармашының қызметіне жүгінбей, қалаған ортада дербес қарым-қатынас орнатуға өз-өзіне даңғыл мүмкіндікке жол ашты. Міне, қажырлылықтың, өз жанын аямас қайсарлықтың қайтарымы осындай.
Бірлес аға туралы замандастары не дейді?
Андрей Анатольевич Кибарин, техника ғылымдарының докторы, професстор
– Ол өте еңбекқор. Алдына мақсат қоя біледі табанды, ерік-жігері мол.
Энергетиикалық білім ордасын басқарған жылдары оқу процесін ілгерілетуде қаншама жаңашылдықтар ендірді. Елімізде ғылымның, мәдениеттің, техника тілінің дамуына оның қосқан үлесі орасан.
– Мен Бірлеспен 86-дан бері тығыз қарым-қатынастамын. Оның адами болмысы, кәсіби біліктілігі саласына бас иетіндердің бірімін. Ол үнемі шәкірттеріне жан-жақты көмек көрсетіп отырады. Оның адамдармен тіл табысу қабілеті ерекше, сөйлеу мәнері де өте жағымды. Сондықтан талапкерлер жетекшілікке осы кісіге құштар.

Әбдуәлі Баешов, академик, хи­мия ғылымдарының докторы,
– Еңбекқор ғалым тынбай ізденуі нәтижесінде халық тұрмысына аса қажет болып табылатын көмірді толық жағудың мүмкіндігін ғылыми негізде дәлелдеп берді. Ғалым ретіндегі жетістігі өз алдына терминология саласындағы ізденістері бұдан да ұшан теңіз.
Балжан Бахтияр, Алматы энер­го-байланыс университеті, жылу­энергетика инстутының директоры:
– Бірлесбек Алияров бүгінде Алматы энергетика және байланыс универ­ситетінде жылу энергиясы бойынша докторанттарға сабақ береді. Алдындағы талапкерлердің ғылыми тақырыптарын сәтті қорғап шығуына қамқорлығын аяған емес. Әрбіріміз мейірімді жүректі, кішік мінезді ағаның тек қана жылу, тек қана әкелік ілтипатына бөленіп келеміз.

***
Ұлағатты ғұмырының мазмұн-мағы­насын ой елегінен өткізген ұстаздың түйген тұжырымы төмендегідей:
– Ғылымға азды-көпті сіңірген еңбегім ел игілігіне жарап жатқанына, әрине қуанулымын, – дейді ол бізбен әңгімесінде. Дегенмен, менің көңіліме тоқ санайтын үлкен қарекетім, әлі де қартайтпайтын, қажыр-қайратымды еселеп, жазу үстеліне шегелеп, күндіз-түні жұмыстан бас алдырмайтын мәселе – тіл тағдыры. Терминология тақырыбы.
Әрбір техникалық атаулардың ана тілінде толық нұсқасын қалыптастыруда тіл маманы болу қажет. Осы тұрғыда филолог болуға айналғаным ақиқат. Қазақ баласы техника тілін түбірімен түсіну үшін халықаралық терминдер түгелдей туған тілге аударылуы керек. Алты жыл осы бағытта еңбектеніп, бүгінге дейін 12 томдық сөздігім оқырманның қолына тиді. Сөздіктерді ағылшын-қазақша-орысша – үш тілде құрастырып шығардым. Әрбір атаудың сөзбе-сөз аудармасымен қоса түсіндірмесін келтіріп отырдым. Қазақтың тілі бай, орысша бір ғана баламадан бірнеше сөз жасамдары туып жатады. Мәселен, “расход” деген сөзді алалық, бұл қаражатқа келгенде “шығын” деп аударылады, ал материалдық құндылыққа келгенде “жұмсалым” деп аударылу керек. Орысша “водоснабжение” деген “сумен қамтамасыз ету” деп емес, “су жеткізу” деп нақты аударылу керек. Халықаралық сөздікте сол күйі қалдырылатын термин де кездеседі. Мәселен, электр, турбина атаулары осы күйінде нақты түсінікке ие. Бұл ретте асыра сілтеуге барудың қажеті жоқ, – дейді ғалым. Бұдан өзге техникалық оқу орындары студенттері үшін қосымша методикалық оқулықтың авторы ретінде 8 мыңдай қоры бар сөздік кітабы жарыққа шықты. Сонда бас-аяғы 20 томдай еңбегі елдің игілігінде.
– Лингвистика саласының майын ішкен тіл маманы емессіз, техникалық ғылымда жүріп, туған тілдің бай құнарын қайдан алдыңыз? – деген сауалымызға ол іркілместен:
– Қаратаудан, – деп жауап берді.
– Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған туған жерімде тал бойыма қонақтаған қара сөздің құнары көзін ашқан бұлақтай бұрқ-сарқ қайнап көкірек түкпірінен құйылып жатқандай, қиналмай, қысы­лып-қымтырылмай, әр сөзге балама табуда бабы жараған тұлпардай тынысым кеңіп, шабыттана түсемін. Осының бар­лығы келер ұрпақтың қамы үшін болғандықтан шаршап-шалдығуды жиып қойып, отырсам да, тұрсам да, көшеде келе жатсам да аласапыран ой теңізінде сөз маржанын сүзіп, көңілге тізіп жүретін әдетке ұшырадым, – дейді ол.
Көкіректегі көрікті ойды кестелі сөзбен жеткізе білер терең кемел ойлы ел ағасының мәмілегерлік болмыс қуатын билік орындары терең бағалап, әсіресе еңбек адамдары арасында кездесулерде ақыл-өсиетіне арқа сүйеп жүр. Өз елімізді былай қойғанда, Бірлесбек аға Манчестер зауытында жұмысшылар алдында сөз сөйледі. Өтпелі кезеңде айлық-жалақылары тоқтап, ереуілге бекінген қаншама еңбек ұжымдары оның түйінді сөз, байыпты бағдарына байыппен құлақ асып, тұтанғалы тұрған толқулар бейбіт жарасымға келді. Неге десеңіз, еңбек адамына әдемі сөз, жылтыр уәде емес, мәселенің ашығы мен ақиқаты қымбат. Шындық айтылған жерде шығар жолды да олар өздері таңдайды.
Осы Жаңақорғанда күкірт қышқылы зауыты жөнінде осындай ахуал аңғарылды. “Зауыттың салдарынан адамға қауіп төнді” деген ақпарат желдей есті. Осы мәселені зерделеген ғалым халыққа мынаны ескертті: Жаңақорғанда 90 мың халық тұратын 15 мың тұрғын үйдің 5 мыңына газ кіргізілді. Сонда көмір жағып отырған 10 мың үйден ауаға әр шаршы километріне 150 кг күкірт тотығы шығады. Жылу электр станциялардан әр шаршы километрге 150 тонна көмір тотығы тарайды. ал мынау Кейдендегі тұрған заводтан әр шаршыға есептегенде 32 кг-нан келетін күкірт тотығы соның барлығынан қауіпті болып тұр деу ақылға сыйымсыз.
Бірлесбек аға 1995 оқу жылынан бері аудан орталығындағы №169 орта мектебіне алғашқы қоңырау соғылған күні арнайы келіп физика пәні бойынша ең таңдаулы ұстазға және үздік шәкіртке өз атынан стипендия ұсынып келеді.
Жас ұрпаққа жанашырлықтың, үміткер талабын үкілеудің жарқын көрінісі осындай-ақ болар!

Баян ҮСЕЙІНОВА
23 қараша 2019 ж. 1 161 0