№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » "Әкеге хат": Бас жүлде кімге бұйырды?

"Әкеге хат": Бас жүлде кімге бұйырды?

   Әке – асқар тау, тірек. Сондықтан әке әркімге қымбат. «Әкеге қарап ұл өсер» дейтіні де содан. Алайда қазіргі қоғамда өз отбасына пана бола алмаған ерлер де аз емес. Әкенің жылуы мен махаббатын сезіне алмай жүргендер де көп. Содан болар әкенің болмысы аласарды. Мұны жоққа шығара алмаймыз. Бірақ қазақ қоғамы әкенің болмыс-бітімімен, тәлім-тәрбиесімен биік. Сондықтан әкелер институтын дамыту маңызды. «Жаңарған Жаңақорған Жастары» қоғамдық қоры мен «Жастар ресурстық орталығы» осы бағыттағы бастаманы қолға алып, «ӘКЕГЕ ХАТ» шығармалар байқауын ұйымдастырды.
   Ауданда тұңғыш рет ұйымдастырылған шараны аудан әкімінің орынбасары Ғалымжан Сопбеков ашып:
   – «Әке көрген оқ жонар» деген тәмсіл терең философиялық мәнге ие. Әр шаңырақта әкенің рөлі ерекше. Ол отбасының асыраушысы, бағытын айқындап, тәлімін сіңіретін тұлға. «Әке – асқар тау, ана – баурайындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» деген бір ауыз сөзге қазақ атамыз бүкіл тәрбиенің бастауын сыйғызған. Олай болса адамгершілікті, бауырмашылдықты, сүйіспеншілікті, кешірімді болуды бала өзгеден емес өз әкесінен үйренуі керек. Сондықтан өткелі отырған өткелі отырған байқаудың мақсаты бала тәрбиесіндегі әкенің рөлін арттырып қана қоймай, оларға әке отбасының тірегі екенін ұғындыру, – деді.
   Әке орны әр уақытта биік болған, әрі оның орнын ештеңе де, ешкім де толтыра алмайды. Қазақ ұғымында әке тек бір отбасының тірегі ғана емес, жалпы ұлттық болмыстың, ұлттық мінездің сақтаушысы әрі қорғаушысы ретінде қабылданған. Мұндай ойларды байқауда оқылған хаттардан таныдық. Мәселен, №110 мектеп-лицейінің 11 сынып оқушысы Абдулазиз Сайауышұлының әкеге деген құрметі көпшілікті тәнті етті. Ол өз шығармасында әкесін отбасының генералына теңесе, өздерін жауынгерге теңеген. №163 мектеп оқушысы Асылжан Қасымбек болса тағдыр тәлкегіне түсіп анасы мен өзін тастап кеткен әкесіне еш ренжімейтінін, қайда жүрсе де тек амандығын тілейтінін жеткізгенде көзіне жас алмаған көрермен болмады.
  Әке тәлімі – өмірлік тәжірибесі мен теорияны ұштастыра білуге, қолайсыз жағдайдың, қателіктің алдын алуға, болдырмауға жол аша білетін және еңбексүйгіштікке, өмірдің әртүрлі жағдайларына дұрыс көзқараспен қарауға, үлкендерді сыйлау, құрметтеу керектігін түсінетін тәрбиенің бірден-бір көзі екені анық. Байқауға қатысушылардың осы тұрғыдағы жазбалары көпшілікке ой тастап, қазақ қоғамындағы әке беделінің маңызын ұғындырғандай болды.
   – Бүгінгі әсерлі кеште «Әкелі бала – жаужүрек, жиын тойға барады, төрден орын алады, бітіреді жұмысын, тастан да өткізер жебесін» деп Бұқар жырау бабамыз жырлағандай өзіне қорған болар әкесінің арқасында аяғын алшаң басып, алдында кездескен кез-келген қорғанды бұзуға дайын тұрған ұл мен қызды көрдік. «Әке – асқар тау, ана – баурайындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» деген бір ауыз сөзге де атам қазақ бүкіл тәрбиенің бастауын сыйғыза білген. Демек асқар таудай әкесін қандай жағдадй болмасын  пана тұтқан бала қорқақ болмайды, – дейді №163 мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ақжарқын Бабажанова.
   Алғаш рет өткізілген «Әкеге хат» байқауына жолданған 170-тен аса туындыға ҚР еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымының кандидаты, айтыскер ақын Ақмарал Леубаева, филология ғылымының кандидаты Меруерт Медетбекова, «Халықаралық айтыс ақындары, жыршы-термешілер одағының» мүшесі, айтыскер ақын Әбілхайыр Сыздықов, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, қарымды қаламгер Баян Үсейінова және «Ғани Мұратбаев» атындағы жастар сыйлығының иегері Нұрхан Айдаров төрелік жасады.
  Кеш барысында қазылар алқасы барлық шығармамен танысып, зерттеп, бағалап үздік 5 жүлдегер мен 8 ынталандыру иесін анықтады. Сонымен сарапшылардың шешімімен бас жүлде қыраштық Ақжүніс Әбдімәлікке бұйырды. Бірінші орын қожамберділік Өмірсерік Батыржанға бұйырса, екінші орын жаңақорғандық Қасымбек Асылжанға, ал үздік үштікті шалқиялық Байтемір Арузат пен қожамберділік Ақгүлім Темірханова өзара бөлісті.
    №163 мектебі «Белсенді мектеп» номинациясымен марапатталса, Нәби Зейнеп, Мәден Аружан, Сұлтанбек Гүлназ, Пернебек Арайлым, Сырманқызы Гүлнұр «Алғыс хатқа» ие болды. Оған қоса, «Озат оқу» орталығының сертификаты Абдулазиз Сайауышұлы, Сымбат Сабырханова, Гүлжайна Әлаудинге табыс етілді. Марапат иелерін айтыскер ақын Ақмарал Леубаева, ауданның бас имамы Сайдулла Омаров, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әбілғазы Төлегенов пен «Жаңарған Жаңақорған жастары» қоғамдық қорының директоры Еркінбек Айнақожаев құттықтап, бағалы сый-сияпаттарын табыстады.
   Байқау әке тәрбиесі, әке болмысы бала тәрбиесінде ең құнды дүние екенін ұғындырды, әрі әкелер институтын дамытудың маңызын түсіндіріп берді.
Лаура БИБАСАРОВА

03 қараша 2019 ж. 5 643 0