«Әкеге хат» шығармашылық байқауына 170 үміткер қатысты
Ауданда тұңғыш рет өткен «Әкеге хат» байқауына жалпы саны 170 үміткер өз туындыларын жолдады. Қазылар алқасы барлық шығармамен танысып, зерттеп, бағалап үздік 5 жүлдегер мен 8 ынталандыру иесін анықтады. Әділ бағасын берген қазылар алқасының құрамында: ҚР еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымының кандидаты, айтыскер ақын Леубаева Ақмарал, Филология ғылымының кандидаты Меруерт Медетбекова, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының лауреаты, «Халықаралық айтыс ақындары, жыршы-термешілер одағының» мүшесі, айтыс ақыны Сыздықов Әбілхайыр, Қазақстан журналистер одағының мүшесі, аудандық «Жаңақорғантынысы» газеті бас редакторының орынбасары Үсейінова Баян және Жаңақорған жастарының жанашыры, «Ғани Мұратбаев» атындағы жастар сыйлығының иегері Нұрхан Айдаров бар.
Кеш барысында қазақ эстрадасының жарқын жұлдызы, әнші Серік Ибрагимов туған жер мен ата-ана жайлы әнінен шашу шашып, жұртшылыққа көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Оған қоса, қожакенттік Қуаныш Башаровта әуезді әнін айтып, көпшіліктің қошеметіне бөлінді.
Қазылар алқасының шешімімен бас жүлде қыраштық Ақжүніс Әбдімәлікке бұйырды. І-орын Өмірсерік Батыржан (Қожамберді), ІІ-орын-Қасымбек Асылжан (Жаңақорған), ІІІ-орын Байтемір Арузат (Шалхия), Ақгүлім Темірханова (Қожамберді) иеленді. Ал, 163 орта мектебі «Белсенді мектеп» номинациясымен марапатталды. Сондай-ақ Нәби Зейнеп, Мәден Аружан, Сұлтанбек Гүлназ, Пернебек Арайлым, Сырманқызы Гүлнұр арнайы ынталандыру «Алғыс хатына» ие болды. Оған қоса, «Озат оқу» орталығының сертификаты Сайауышұлы Абдулазиз, Сабырханова Сымбат, Әлаудин Гүлжайнаға берілді. Марапат иелерін айтыскер ақын Ақмарал Леубаева, ауданның бас имамы Садулла Омаров, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әбілғазы Төлегенов пен «Жаңарған Жаңақорған жастары» қоғамдық қорының директоры Еркінбек Айнақожаев құттықтап, бағалы сый-сияпаттар табыстады.
Әбдісамат ӘБДІШ