№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » » Алаштың Айдарханын танисыз ба?

Алаштың Айдарханын танисыз ба?

Менің ғана емес. Қалам ұстаған жаңақорғандық біраз жұрттың ұстазы. Біреулері мұны айтар, біреуі айтпас. Әсіресе Айдархан ағамның өзі бұл туралы тіс жармайды. Бұл – тым қарапайымдылығынан да емес, еңбегін бұлдауды, бітіргенін айтуды ұят санайтын тектілігінен.

Егер бір қатеңді түзеген, бір рет дұрыс жолға салған адамды мұғаліміміз деп білуге тиіс болсақ, ол – бірлер түгіл, кейде көпке, мыңдарға нұрлы білім беріп, жүрегіне жарық жағып, түзеткен, ақ жолға салған ұстаз. «Қазақтың өзге жұрттан сөзі ұзын» деп Абай айтқандай, ас болса, той-жиында бас қосылса, әңгіме-дүкен қызары белгілі. Мұндайда ел тарихы, жер шежіресі, азаматтар беделі айтылады. Әрине, айтушыларда да көп кінә жоқ, біреу оқып-білгенін, біреу көрген-естігенін айтады. Көбіне-көп өздеріне бүйрегі бұрып, мақтап кетері де бар. Мұндайда қоңыраттан асып қожа, сунақ, найман, ұлы-кіші жүз шежірелері де ортаға түседі. Сондайда байқағаным – төреші Айдархан ағам. «Ол – былай» деп, «бұл – былай болған ден түзетіп отырады. Білген соң, жөн айтқан соң, басқалар да айтқанына тоқтап, тоқайласады. Сондықтан одан өз елі, өз жері шежіресін сұраушылар да көп екеніне талай куә болдым.
Бұдан шығатын бір түйін: «Айдархан Бибасарұлы – елдің тірі тарихы даңғыл шежірешісі, көкірегі көмбе, жүрегі жарық қарты». Сол ғана емес, ол ескілікті сөздерді де, шешендік үлгілерді де аса мол біледі. Жасында құймақұлақ болғандықтан да шығар, бір оқығанда жадында сақталып, бір естігенде-ақ жаттап алады екен. Айтпақшы, бұл кісі бұрын классикалық көркем шығармаларды да бір оқығанда-ақ ойына құйып алады екен. Мәселен, бір емес, бірнеше рет көргенім: Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясының талай беттерін шабыттанып, үтір-нүктесін де сол калпында сақтап, жарқырата құйқылжытып, құлпыртып жатқа оқығанда қалайша разы болмайсың. Бұл да белгілі қаламгер ағамыздың бір қайталанбас қыры, жұрттың бәріне бұйыра бермес артыкшылығы ғой.
Осындай айрықша қыры, ақ жаңбырдай ақтарылар сыры бар ағаның басалқалығына, байыптылығына да, кісілігіне де тәнтілік танытсақ орынды. Құдай берген кеңдік, кешірімділік – мінез байлығы болар. Жасы үлкен болған соң бір ақсақал әңгіме бастап, өнегелі сөзге өріс бермейді ме? Бірақ біліміне білігі тең болмаса, жаңылысып, жалған дерекке тізгін береді. Сондайды көп көріп жүргендіктен бе, әлгі шал қате дерек айтса, әдепсіздік ауылынан қайтса, табаламай, жай ғана күлетіні бар. Ол – республикалық деңгейде де ел-жер тарихына келгенде көл-көсір шежірені білетін, бірақ қайсы бір нәрседе де кимелемей, мені көр демей, өзімен-өзі жүретін асыл адам. Жап-жақсы өлеңдер де жазды, аудандық «Жаңақорған тынысы» газетін 20 жыл басқарды. Жіліктің майындай жұғымды қара сөз болып өрілді, әрқашан уақыт биігінен көрінді. Мұнысына асқан да емес, тасқан да емес, басына қиындық-сын түскенде сасқан да емес. «Аққа құдай жақ» екеніне, табиғат берген талант, адамдық талап, тынымсыз еңбек қана көгертеріне сенеді. Сол талпынысы, төккен тері еш кеткен жоқ, әсіресе зейнетке шыққалы шығармашылықпен жемісті шұғылданды.
«Бәйтеректің қос бұтағы», «Дала перзенттері», «Батырдың ұрпағы». «Жылдың соңғы кешінде», «Қожамберді мешіті», т.с.с. Түгелге жуық толымды туындылар. Көркем де келісті хикаялар, әрлі де нәрлі әңгімелер топтасқан кітаптар. Деректі болғандықтан ол барлығында да тарихи- өмірлік шындық шеңберінен аспаған. Жазып отырған уақытының тынысы жақсы сезіледі. Көшкен жұрттың күлінде өшпей қалған шоқты үрлеп, қоздатып, лаулап жанған отқа ұластырғандай – басты кейіпкері адамды тірілтеді, заман кескінін қалпына келтіреді. Тіл, діл, сол кездердегі дін ахуалы нанымды бедер-бейне байқатып, қоғам қақтығыстары мен тұлға қайшылықтары шиыршық атады. Мен сондықтан да Айдархан Бибасарұлын бүгінгі әдебиетіміздің нағыз еңбеқ торысы, деректі прозамыздың шау тартпаған – шаршамаған, шынайы шебері деп танимын.
Жалпы, өткеннің бүгінге беріп-ұсынар басты сабағы, негізгі сыйы: танымдық білімінен де бұрын тәрбиелік тағылым-тәлімі болса керек. Алланы жаңадан танымау үшін, арбаны жаңадан жасап, амал-ақылды тақыр жерден қайта таппау үшін. Осындай ұлы сабақтастық, ұлық жандас-қандас кіндіктестігі болмаса, ата-бабасы алпыс жыл жүрген жүрген жолды баласы тең туса – қайтадан тауып-танып, алпыс жыл адымдары, ал кем туса алпыс жыл жүрері ақиқат.
Нақ осы тұрғыдан келгенде жазушы Айдархан Бибасарұлының сол өткенді осы бүгінгідей біліп, өзі сол ортада, қоғамда жүргендей нанымды да қарымды, жүрегін соқтырып, ыстық қанын басыңа тептіріп жаза білуі – таланттылығы ғана емес, өзгелерде ұшыраса бермес төл ерекшелігі десек әділдік. Әсіресе ол сол замандардың, адамдардың әлеуметтік тыныс- тіршілігін шиыршық атқыза суреттеп, ақыл-ой орамын, сана-сезім сорабын, арман-аңсарын, сөз саптасын, қазақы қарапайым дәстүр-даналығын шынайы жеткізгенде тәнтілік танытпасқа әддің жоқ.
Міне, осыны айқын аңдап, қалтқысыз байқау үшін жазушының «Жылдың соңғы кешінде» атты хиқаясына біраз көз жүгіртіп, қөркемдігіне, өре-өркеніне көңіл тоқтаталықшы.
– «Арқа адамдарының ішінде бірен сараны болмаса, көпшілігі жазу-сызуды біле бермеген, – деді ол. – Бабаларының тарихы бірден-бірге ұрпақтары арқылы тараған. Мысалы, бір ғасырға жуық жасаған Бабас әкесінің және өзінің қөрген-білгендері мен басынан қешкендерін Айтбайға, Айтбай Палуанға, Палуан Кішібайға, Кішібай өз балаларының зердесіне құйып, керек десеңіз, жаттатып: «Осыны өз ұрпағыңа жеткіз!» деп аманат етіп тапсырған. Әкем Досмырза да сол дәстүрді жалғастырғанын көзіммен көріп, құлағыммен естідім. Ол кісі ұл-қыздарының бәріне: «Қандай қиындыққа душар болсаң да, ақылға сал, жеңіл көшпе, көргеніңді көкірек көзімен өлше. Таразы-безбенің – парасатың, демеп дем берушің – Алла болсын. Алланың жаратушы екенін біл. Таңда мақшарда әрбір істеген ісіңе жауап беретініңді ұқ. Бақи, Пәни атты екі дүниеде де жүзің жарқын болуы үшін тағат-ғибадатыңды үзбе. Сонда ғана істерің алға басады,» – деп үйретті». («Жылдың соңғы кешінде», 51-52-беттер).
Былайша қарағанда оқымаған, қарапайым көптің бірі Раушан әженің сөздері қандай ғажап. Ұл-қыздары құлағына қазақтың керемет дағды-дәстүрін құйып отыр. Ал, оның өз басының осындай ұлы, зерделі болуы – әкесі Досмырзаның арқасы. Көк етіктіміз бай, көбіміз бағлан, халқымыз түгелге жуық білімді бүгінгі таңда арамыздан ақылы жетіп, Раушан әженің осы сөзін ұрпағына айтар, үлгісін ұсынар адамдар табылар ма?! Әй, қайдам. Ендеше біреулер ұқпас, біраз жұрт ұғар, Раушан әже әңгімесінің ең нәрлі-мәйекті жерлерін, қалың қауым білсе – қазына болар тұстарын ортаға салып көрелікші.
«1840 жылдың қысының кірісінде қар жерге мол түсті. Ұйытқи соққан боран мен үскірік аяз бір күннен екінші күнге ұласты. Адамдар үшін бір ауылдан екінші ауылға қатынау мұң болды. Оның есесіне келер Барыс жылының көктемі игі жақсылығын ала келді.
Кеңгір өзенінің бойы, онымен жалғасып жатқан Ұлытау айналасы. Жезқазған, Қарсақпай даласы – Алты арыс Орта жүздің бір тармағы Найманнан тарайтын Бағаналы атты рулар бірлестігінің ежелгі қонысы. Осы мекеннің оты мол, шұрайлы өңіріне бұдан бір жеті бұрын бүкіл Арқа жұртына белгілі, болыстыққа жаңадан сайланған Сандыбайдын Ерденінің Ақордасы келіп қоныс тепкен. Жан-жағы – шашырай қонған шағын ауылдар...».
Бұдан 1974 жыл бұрын Арқадағы Ұлытау өңірінде, Кеңгір өзені бойында қандай қыс болғанын білгіңіз келсе, А.Бибасарұлының «Жылдың соңғы кешінде» атты қос тармақты хиқаясын оқыңыз. Ал мына Сандыбайдың Ердені – кім? Санаңыз саңылаулы, құлағыңыз түрік болса, осы атақты Ерденді естіп-білгеніңіз хақ. Жастайынан атқа мінген, Шоң, Шорман, Досбол, Шоқай, Торайғыр секілді танымал билермен дауға түсіп, Терісаққан өзені бойындағы елдерге би болып атағы шыққан, екі орыс солдатын зорлап сүндеттетіп, жазықты адамды шешіндіріп, отқа қақтап өлтіріп, қаталдық-жаманатымен қатар елге жақсылық та жасаған, аға сұлтан да болған Ерден. Үш жүзге сауын айтып, атақты бай, батыр әкесі Сандыбайға мыңдаған қой, жүздеген жылқы сойып, ұланасыр ас берген Ерден.
Автор осы жайларды жалаң хабарламай, өзі хабарлап жадағай айта салмай, Ерденнің аса ақылды да айлакер, билігі асқан, мейманасы тасқан жан болғанмен, кісілігі де кемел, кемеңгер адам болғанын – заманынан озып туған, жұрты қоштар, көшті бастар тұлға болғанын оның күрделі де ірі, қатпарлы да халықтық қам-қарекеттерімен қанын тамыза дәлелдеп, жіліктің майындай жұғымды жетқізеді.
Мына атақты жайлауға қону, шұбырып келіп жатқан кісілер Ерденнің жаңадан болыстыққа сайлануын құттықтаушылар ғана емес, оның әкесінің асы алдындағы кеңеске келушілер де екен. Бірақ Ерденнің арманы – әйгілі әке алдындағы парызды өтеуге қоса атын шығарып, беделін өсіре түсу болғандықтан ол оқыс тірлікке барып, көкпарға серке емес, адамды тартуды ұсынады.
Алайда ел емес пе, көптің ішінен Ерденге мұның ерсілік, асқандық, «көп қорқытады, терең батырады, адам тағдырымен ойнама» деп айта алған ақсақалдар табылды. Ерден де ел бар екенін, артық кеткенін мойындап, кешірім сұрады.
Сонымен, не керек, атақты ас басталды. «Кеңгір өзгенің бойы қан сасыды. Өкпе-бауыр, терілер иен далада тау болып үйіліп жатты. Алыс Семей, Қарқаралы, Қабырға бойынан келгендер бұл көрініске таңырқап, жағаларын ұстады. Бірақ ас қызығы бәрін де ұмыттырып жіберді... Айқай-шудан дала жаңғырды» (59-бет). Елу шақырымдық аламан бәйгеге 150 жүйріқ ат жіберілді. Сол жүздеген жүйріктен де озған Телікөлдін Тәңкесінің Торқасқасы келіп, бас бәйгені жеңіп алды.
Бұл – ұлы ас қызығынын бірі ғана. Ендігі бір керемет, ұлы қызық – балуандар белдесуі.
«...Ортадағы көгалды аланда кеудесін калың түк басқан дәу қара тұр. Жан-жағына паңдана қарайды. Жуық маңда ешкім шыға қоймады. Енді ол алаңды айнала маң-маң басып «Белдесуге тұратын жігіттерің болмаса, бәйгені шаппай аламын», – деп гүжілдеді» (61-бет).
«Ерегіс қызбай-ақ бойы ортадан жоғары, кесек денелі, төртбақ келген жас жігіт ортада төрешімен салғыласып тұрған дәумен ұстаса қетті.
– Мынаны қандай түлен түртті! – деп даурыға шуласып жатқандар «Аруақ!» деген дауыстың шыққанын бір-ақ естіді де, артынша әлгі дәулік екі аяғы көктен келіп жығылып жатқанын көрді. Ол ыңыранған күйі орнынан тұрмай қалды, үш қабырғасы бірдей сынып кетіпті.
– Уай, жыққан - кім?
– Қай балуан?
– Көріп көзіміз қанбай да қалды ғой, – деген үндер даланы жаңғырықтырды. Бірақ жауап берер ешкім болмады. Ортаға палуан жігіттің өзі шығып, қолын көтерді. Гу-гу әңгіме басыла берді.
– Жиналған қауым! – деді әлгі жігіт айқайлай сөйлеп – Біз Сыр бойындағы елдің ішіндегі кіші жүздің Табынымыз. Есімім – Бұхарбай, нағашымның аулынан келе жатып, асқа кездейсоқ кездестім...
Кейін Кенесары көтерілісіне қатысып, қол бастаған әйгілі батыр Бұхарбай сол кезде он тоғыз-жиырма жаста ғана екен» (61-бет).
Бұл екі жарыс та – ел білетін, дәстүрлі қызық-сауықтар. Атағын шығара түсуді көздеген Ерден бұрын болмаған, бәлкім өрескел, сұмдық мынадай қызық-сауықты да ортаға тартыпты. Шықпаған соң, көз көреді, орнында тұрған соң, құлақ естиді. Тірі қалған соң, куә болғандар қалған халыққа айтады.
Анадай жердегі көкпеңбек төбеге екі жігіт жез бұйдалы сүттей аппақ нарды қазыққа апарып байлады. Ендігі қызықтың жүлдесі – осы нар. Шарты ерекше ғана емес, ерсі, тіпті ұят. Анадан туғандай тыр жалаңаш шешінген әйелдер, арулар ғана нарға барып бұйданы тісімен шешіп, тегін ала алады.
«Айқай-шу су сепкендей басылып, ерсілі-қарсылы жүрістер сап тиылды. Мыңдаған көздер Көктөбенің ұшар биігіндегі күмістей жібек жіппен байланып, төңірекке маңқия қарап тұрған ақ нарға қадала қатып қалған. Жуық арада көзге түсер талапкер бола қоймады. Оның есесіне сыбыр-сыбыр сөздерге ерік тиді.
– Әкемнің асында ел қөрмеген қызық көрсетемін деген екен, сондағысы осы болды ғой Ерденнің.
– Е-е-е, барлық-тоқтық не істетпейді?!.
– Байлығы қандай өзінің?
Дүние-малын кім санапты. Бірақ барлардан зекет деп, сыбағам деп, салығым деп ала беретін көрінеді.
– Асқа адал малдан шағырылатын емес пе еді?
– Бұл жөнінде қариялар құлаққағыс қылған екен.
– Оларға Ерденнің өзі: «Тисе – құран, тимесе – ұран» деп бір-ақ айтыпты.
– Онысы дұрыс-ақ делік. Нарды тек әйел баласы ғана жалаңаштанып барып алсын дегені сұмдық қой.
Уақыт деген баяу жылжиды. Күн тас төбеге келді. Қашанғы тұрсын, көпшілік те зерігейін деді. Бір мезгілде: «Ешкім шықпаса, мен шықтым – деген әйел дауысы санқ ете қалды, қалың қауым елең етті. Артынша төбе етегіне орта бойлы, аппақ реңді жас әйел шыға берді. Ол үстіндегі зерлі моншақты киімін шешіп, анадан туғандай жалаңаштанды да, екі қолымен қос анарын жауып, нарға қарай аяңдады. Денесі де аппақ, ашаң екен, төбесінен төмен қарай төгілген қолаң шашы тобығына дейін жетіп, толқындана тербетіліп барады. Қалың топ, бүкіл асқа жиналған қауым демін ішіне тартып, тесіле қарап тұр... Бұл – арқа жұртына «Ақ келін» деген атымен белгілі болған ас иесі Ерденнің кіші тоқалы еді.
– Ұятсыз!
– Жүзі қара!
– Бұл шіркінге не жетпейді?!
– Қолымен қос анарын көлегейлегенше, әуретін жапса болмай ма?
Ақ келін көптің сөзін қалетсіз естіді. Үнсіз кете беруді өзіне ар көрді. Енді ол әлгі сөз шыққан жаққа қарап қайрылып тұрып:
– Кеудемдегі қос анарым – ұятым, абыройым, ал әуретім – өздеріңнің шыққан жерлерің ғой, – деп арман қарай бұрылды да жүре берді. Мына сөзді естіген еркектер қауымы жағасын ұстап, көздерін жұмып, белге соққан жыландай бір сәтке алаңсыз тұрып қалды. Олар өзіне-өзі келіп естерін жиям дегенше Ақкелін сонау биік төбедегі қаққан қазыққа байланған нардың жібек бұйдасын шешіп, жетекке алып, төмен ылдиға қарай түсіп қеле жатты...» (63-бет).
Аңыз ба, жоқ ақиқат. Ақиқат болғанмен, нағыз аңыз. Ердің ері, тек Ерденнің елі ғана жасаған ертегідей шындық. Тек ұлы сахарада бұла өскендіктен – мұсылман үмбеті болса да, тек қазақ елінің ғана қолынан келетін шаруа. Бүгінгі біз неге мұндай оқиғаларды, бабаларымыздың оқшау ерлік-істерін білмеуіміз керек.
Жә, әйгілі Ерден осылай істепті, өмір сүріпті. Осыны айтып отырған Раушан әженің бабасы – Кішібай ше? Ол да осал емес-ті. Одан да үйреніп, үлгі етеріміз аз емес-ау. Бай десең – бай, бағлан десең – бағлан. Көкірегі – даңғыл, әрбір ісі – өнегелі, көшелі.
Міне, тағы бір бас қосу. Қонақтардан жоғарырақ арнайы салынған мамық көрпеге аға сұлтан Ерден келіп отырды. Сол заман үшін – аға сұлтандық – ең биік мансап, «қарадан шығып хан болу». Алдымен ол сөйледі. Екінші болып Кішібай сөз алды. «Ол аса ірі адам-тын. Бойының биіктігі үш кез, салмағы он сегіз пұттай келетін, ат көтере алмай, тек күймемен, кейде ақ атанын мініп жүретін. Үні Ерденге гүрілдей естілді.
– Жайырақ сөйле!
– Сенің ордаң емес, дала ғой, жұрт тегіс естісін, – деді Кішібай да ерегіскендей...» (65-бет)
Бетіне жан келмейтін, күллі елге иелік етемін деп жүрген Ерденге бұл сөз ауыр тиді. Бірақ оны басындырып қоятын Кішібай да кішкентай жан емес-ті. «Ерден қалшылдап кетті. Ел ағасымыз деп отырғандарға қиын болды». Араға қобыз тартып, Орынбай ақын түсті:
Жақсылар, мәжілісқе жиылғаның,
Сақтапсың артқы жаққа қиындарын.
Не болды Кішібай мен Ерден батыр,
Халқым-ау, осылар ма сиынғаның?!
Тұлпар ең екеуің де баптап жүрген,
Әр сөзін дұғалықтай жаттап жүрген.
Қос найман Ақ ордада ерегіссе,
Күншілдер не демейді қаптап жүрген.
Бірақ екі дәу Орынбай ақынға да тоқтамады. Оларды атақты Оразай ишан тоқтатты. Қалай дейсіз бе? «Оразай ишан басындағы үлкен сәлдесін тарқата жайып, Ерден мен Кішібайдың арасына ұзынынан тастады да, «Тоқтамағаның – тентексің!» – деді сұстана сөйлеп. Екі жақ та жым болды. Өйткені ишанның айтқаны қате кетпейтін кереметі бар екенін мұндағылар тегіс білетін, нала болса екі жақтың біріне кәдіқ... Бір кезде ишан сәлдесін қайта қолға алып, екі ұшын Ерден мен Кішібайға ұстатып, ортасынан бүктеп жинай бастады. Ширай оралған сәлде әп-сәтте-ақ екі қолды бір-біріне тигізді. Түйіскен қолдарын сыртынан сәлдемен ораған ишан көпшілікке қарап: «Бұл – достықтың белгісі, тату болыңдар! – деп екеуін қапсыра құшақтады. Төрелікті қалт жібермей отырғандар мына шешімге риза болды...» (65-66-беттер)
Қандай тапқыр төрелік?! Оразай ишан – қандай зерек, зерделі, ірі кісі. Оның салиқалы сөзін көппен бірге Кішібай мен Ерден де бас изей отырып құптады. 1862 жылы Кеңгір өзінің бойында болған осы оқиға аңыз-ертегі секілденіп ел есінде сақталып қалды.
Әрине, ел есінде сақталып қалған жайлар мұнан да қөп. Ерденге орынды қарсы шығып, тайталасқан Кішібай ол қайтыс болғанда қатты қайғырады. «Өкпеге қиса да, өлімге қимайтын» қазақтың ғажайып, халықтық ғұрып-ғадеті бұл. Ерлерінің тектілігі. Мұсылмандық қағидасы: «Періште нұрдан, ібіліс оттан, күллі жан-жануарлар топырақтан жаратылған» деп танып айтатындай, осылардың ішінде періштеден басқаның бәрінде құмарлық бар көрінеді. Құмарлығын жеңіп, нәпсісіне тыйым сала білген адам періште дәрежесіне дейін көтеріледі де, өзіне иелік жасай алмаса, төрт аяқты хайуанмен бірдей болады екен. Кішібай мұны да ескеріп, балаларына жақсы, ғибратты, тура жол көрсететін сөздер айтып қана қоймайды, өлмес өнеге, игілікті іс те көрсетеді. Бабалары Бабас ақылдылығын, оның баласы Айтбайдың өркенді істерін үлгі етеді. «Қара бұлтты қақ жарған» Бабас. Құдық қазып, көл жасаған Айтбай. Өзі қырық мыңдай қойы, екі мыңдай жылқысы – бар малын теңдей үш бөлікке бөлгізіп, екі бөлігін айналадағы кембағал ағайынға, өңірдегі кедей-жарлыларға үлестіріп береді.
Іздейтін ұрпақ, жалғастырып отыратын әулет болса, Кішібайлар ісі, өнегесі, өсиеті өле ме, жоқ, жасай береді.

***
Жазушы Айдархан Бибасарұлының басқа да хиқаялары, әңгімелері, тіпті жазған мақалалары мен көсемсөздері осындай бабалар тағылымына, жақсы адамдар шарапатына, есі барды ақылды етер мәйек-сөздерге, есерді, телі мен тентектерді түзер дәйек-тездерге толы. Мұның бәрі – дау жоқ, өмір-тарих өріс-өңірін өрелі өнер шындығына айналдыра алған мағыналы, маздақ дарын-ділден, жатық та тұнық тілден, ел қамын жеп, ерлердің есесін түгелдеген айқын авторлық аңсар-мүдде: діннен туындап, шынайы да шырайлы болып толықсыры шындық.
Осы тұрғыдан өрсек, А.Бибасарұлының қайсыбір ой-орамдары да, сөз-сөйлемдері де, деталь-дәйектері де, сурет-кестелері де қанағаттандырады, тіпті қанаттандырады. Тәуелсіздік туралы туынды-толғау болып махаббатқа бөлесе, өткенге – салауат, бүгінгі күнге – баға-байып, келешекке – келісті үміт-тірек болып мархабатқа шомылдырады.
Бағанадан бері – байқасаңыз, біз автор-ағамызға, оның қадірлі есімі мен қалың, қазақты қанағаттандырып, қанаттандырарлық еңбектеріне шын көңілімізді білдірдік. Тарих-аңызды сүиіне барладық, бүгінгі күнге тән бітім-ақиқатын барқадарлы талдадық. Өлмес-өшпес, өнегелі кейіпкерлерімен бірге келешекке көз қададық.
Мәңгілік мекенін тапқан ағамыздың болмыс-бітімін, қабілет-қасиетін сөз етіп, артында қалған асыл сөздерін сөз еттік. Жә, енді осы да жетер.
Осындайда ұлттың рухани-мәдени деңгейін көтеруге өмірін арнаған алаштың ардақтыларының еңбегі ойға оралады, әрі Айдархан ағамның ғұмыр жолынан осындай мұраткерлікті байқап, Алаштың Айдарханының рухани өмірі жасай беретініне сенемін.

Бақыт САРБАЛАҰЛЫ,
әдебиет сыншысы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

15 қазан 2019 ж. 1 427 1

Айнур Бекжанова от 17 қазан 2019 00:18
Жасұлан керемет жазыпсың. Дал менің ойымдагыдай, түр сипатые, келбетин айнытпай бейнелепсин. Коп изденсен але де шындалсан нагыз тіл жаршысы болатын тұлға боласын. Керемет. Менің нагашымды сол калпында жазыпсын.