№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » » Қанжарбек Әжібековтің қасиеті қандай?

Қанжарбек Әжібековтің қасиеті қандай?

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, Қанжарбек Әжібековтің адамдық, адалдық қасиеттері әлі күнге жұрт есінде. Қанжекең рухани бай, мәдениетті кісі болатын. Жастайынан ауыл үлкендерінен ескінің сөзін сіңіріп, ұлттық таным-түсінікті терең меңгерді. Кітапқа құмар болды. Кітапханаға жаңадан түскен кітаптар оның қолында жүретін және оқыған туындысының мазмұнын майын тамызып айтатын. Содан болар, Қанжекең табан астында ұтымды сөз тауып, көптің көңілінен шығатын сөз саптайтын. Осы ретте, оның еңбек жолы, қайраткерлік істері мен айтқан ұтымды сөздерін еске алып, ішкі сағынышымызды басамыз.

Алматы ауылшаруашылығы инсти­тутын инженер-механик мамандығы бойынша бітіріп келіп, еңбек жолын ПМК-34 мекемесінде инженер болып бастады. 1970-1973 жылдары аудандық ауылшаруашылық бөлімінде механизация бөлімшесінің бастығы, сосын Бірлік кеңшарында бас инженер, бөлімше меңгерушісі болды.
Қанжекеңмен жұмыс барысында сыйлас, рухтас болдық. Сондай мазмұнды дидарласудың бірінде ол кісінің толғаныспен: «әке-шешеме қарыздармын, одан кейін Зәкеңнің (бөлім басшысы Зұлпыхар Мұсаханов) ағалық қамқорлығын көп көрдім. Аудандық ауылшаруашылық бөлімі үлкен өмір мектебім болды» дегенін естіген едім.
Жас маман табандылығымен, еңбекқорлығымен, мақсаткерлігімен басшылар көзіне тез түседі. 1973 жылы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Шәймерден Бәкіров оны Бірлік асыл тұқымды қаракөл қой кеңшарына бас инженерлік қызметке ұсынады. Мал шаруашылығының мехнаты ауыр, жауапкершілігі зор жұмыс. Қысы-жазы аянбай еңбек етуді талап етеді. Ал шаруашылыққа қажетті техника сақадай сай тұруы тиіс. Содан болар, Қанжекең техникалар тұрған гаражда күнделікті болып, техниканың жағдайын жіті бақылауды әдетке айналдырады.
Ол инженер ретінде кеңшардың автопаркін тәртіпке келтірді. Бұл тұрғыда оның аудандық ауылшаруашылығы бөлімінде тер төге жүріп жинақтаған ол тәжірибесінің көп көмегі тиеді. Кеңшарға қажетті қосалқы бөлшектерді алуға қол жеткізеді. Нәтижесінде бірнеше жылдан бері гаражда қаңтарылып тұрған техникалары қатарға қосылды. Санаулы жылда кеңшардың автопаркінде күнделікті 80-90 техника жұмысқа шығатын дәрежеге жетті. Мұның барлығына іскерлік, ұйымдастырушылық қабілет-қарымының арқасында қол жеткізді.
Арада тоғыз жыл өткенде Қыраш ауылының бөлімше меңгерушілігіне ауысты. Бұл жұмысты да дөңгелетіп алып кетті. Қоғам малының амандығын жеке мүддеден жоғары қойып, шаруашылықтың жұмысын өркендетуге үлес қосты. Күнұзақ еңбек даласында басшылық жасаса да өзіне дүние жимады. Оның тазалығын, адалдығын көпшілік жоғары бағалайтын. Қарапайымдылығынан болар қажетті етті базардан сатып алатын. Осы орайда мына оқиға еске түседі.
Бірде қонақ келетін болды ма, әлде үйде ет таусылған ба, әйтеуір Қанжекең базарға барып 4-5 келі ет алады. Мұны көрген аумақтық басқарма басшысы Сейтхан Үсенбаев:
– Оу, Қанжеке, Сіз де етті сатып алып жейтін болғансыз ба, – деп таңдана сауал қояды.
Асып-саспаған Қанжекең:
– Ә, Сәке, етті сатып алмағанда, итке де мал сояйын ба? – деп сөз тауып кетіпті.
Қанжекең парасатты, сөзі жүйелі, ойы тұщымды болды. Кез-келген сәтте сөз тауып кететін.
Қанжарбек бөлімше меңгерушісі болып қызмет еткен жылдары өнімді еңбек етті. Бөлімше малшылары бұл жылдары мал басын аман сақтау мен төл алудан, мемлекетке жүн өткізуден үздік көрсеткіштерге қол жеткізді. Осы кездері бөлімшенің майталман еңбек адамдары Өскенбай Әбілов, Омар Нәлібаев, Мәден Мырзахметов, Жәлен Мәуленқұлов аудан, облыс көлемінде оза шауып, жеңімпаз атанды. Соның құрметіне шопандардың қысқы-жазғы қоныстарына еңселі үйлер салынды.
Аудандық партия комитеті мен Халық депутаттары аудандық Кеңесі атқару комитеті озық бөлімшесінің тәжірибесін өзге шаруашылықтарға үлгі ретінде таратты. Бірнеше рет «Бесжылдықтың озаты», «Социалистік жарыс жеңімпазы» төсбелгісімен марапатталды.
Ісі тыңдырымды азаматты аудан басшылары Алматы және Ленинград қаласындағы басшы кадрлар дайындау курстарына оқуға жіберді. Қанжекеңнің кемелді шағында Кеңестер одағы тарап, Тәуелсіздік алдық. Баяғы шаруашылық 30-40 қожалыққа бөлінді.
Абайша айтқанда, «бас-басына би болған өңкей қиқымға», «Өзі білмейтін, білмегенге ақыл айтқан білгенге көнбейтін» шаруа қожалықтар көбейгені белгілі. Осы қаптаған ауыл шаруашылық құрылымдары шаруашылықтарына дұрыс ат таңдай алмай жүреді. Бірде өз еншісіне «Ақ жол» деп ат қойдым деп қайта-қайта мақтанып, жұрттың мазасын алған бір кісіні Қанжекең қағытып:
– Япырай, ә-ә. Бұл өзі біздің үйдің күшігімен аттас екен ғой, – депт. Мына теңеуді естіген әлгі жігіт саппа басылып, орнынан тұрып, үнсіз кетіп қалыпты.
Көп ұзамай Қанжекең Ақүйік ауылдық округі әкімдігінде бас маман болды. Сосын Жаңақорған кенті әкімінің орынбасары қызметіне ауысты.
2009 жылы зейнетке шықты. Ол осы жылдары кент тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсаруына өзіндік үлесін қосты. Осындай қызметі жоғары бағаланып аудан және облыс әкімінің «Алғыс хаттарын» иеленді.
Қанжекең бүкіл саналы ғұмырын ауылының, ауданның экономикасы мен әл-ауқатын көтеріп, арттыруға өзінің бар білімі мен тәжірибесін, ұйымдастырушылық қабілетін жұм­сай білген азамат­тығымен, қайырым­дылығымен есте қалды. Төтеннен келген ауыр науқас оны біздің арамыздан 73 жасында мезгілсіз алып кетті.

Ерубай ҚАЛДЫБЕК

09 қазан 2019 ж. 749 0