"Ауыл" партиясынан сайлауға түсетін кандидат белгілі болды
Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының XV кезектен тыс сьезінде президент сайлауына партия атынан қатысатын кандидат белгілі болды.
Партия төрағасы Әли Бектаев бұрынғы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Төлеутай Раxымбековтың сайлауға түсетінін мәлімдеді. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаудың ашық, әділ өтететін айтты. Сайлауда партиямыздың тыс қалмағаны маңызды. Бірнеше кандидатты қарастырып, бүгін осы кандидатқа тоқтадық. Партияның саяси кеңесі Төлеутай Раxымбековтың кандидатурасын ұсынып отыр. Ол ауыл шаруашылығын дамытуға арналған бағдарламаның авторларының бірі. Кісі қызығарлық еңбек жолы бар», - дейді Әли Бектаев.
Төлеутай Сатайұлы кім?
1964 жылы 19 шілдеде Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы, Атасу кентінде дүниеге келген.
1986 жылы Қазақ ауылшаруашылық институтын инженер-механик мамандығы бойынша үздік тәмамдаған.
1992 жылы Мәскеу қаласында Бүкілодақтық ауыл шаруашылығын электрлендіру ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасын бітірген.
2001 жылы Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінен заңгер мамандығын алып шыққан. Экономика ғылымдарының докторы.
Әр жылдары Агроөнеркәсіп кешенінің дамуын талдау және стратегия департаменті, ауыл аумақтарының және агроөнеркәсіп кешенінің дамуын талдау және мемлекеттік реттеу департаментінің, ДСҰ және ҚР Ауыл шаруашылық министрлігінің ауылшаруашылық өнімін қайта өндеу департаментінің директоры қызметтерін атқарды.
«КазАгроИнновация» АҚ басқарып, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары және Ауыл шаруашалығы вице-министрі қызметтерін атқарған.