» » » Нағыз келін осындай болса керек

Нағыз келін осындай болса керек

Бар өмірін құдай қосқан қосағы Қайырбай екеуі өсіріп отырған екі ұлы мен бір қызының жолына арнаған Гүлби есін білгелі еңбек етіп келеді. Әрі ұл-қыздарының жоғарғы білім алуына қолқанат жасап, үйлендіріп, үйлі етіп, өмірдің ең қызықты күндерін бастан кешіп жатқан кездері еді бұл...
Үлкен келіннің әкесі өмірден өткелі құдағи тез өкпелегіш, аяқ астынан құбылып, ренжісе біраз уақытқа дейін қатыспай, хабарласпай қалатын әдетіне Гүлби түсіністікпен қарап келеді. «Құдамның жоқтығы құдағайымның жанына қатты батып жүр-ау байғұс, Құдайдың өзі есіркесін» деп аяп та қояды. Осылай зымырап күндер өтіп, құданың жылы да келіп жетті. Қайырбай мен Гүлби құдасының жылына сойысын беріп, қаражатын дастарханымен қоса беріп, бірге атқарысты.
Әкесінің құдайы асына Алматыдан екі күн бұрын келіп жеткен келіндері поездан түсе салып Қайырбай мен Гүлбиге келіп сәлемін берместен тура әкесінің үйіне өтіп кетеді. Сөйтіп телефон шалып: «Мен ауылға келдім, мені поездан ағам күтіп алды, менің осы үйге көмегім керек екен» – деп келген хабарын береді.
Жарайды, деп оған да түсіністікпен қарап үндемей қоя салады. Атасының құдайы асы болатын күнгі таңертең поездан баласы Нұркен түседі. Ол алдымен үйіне келіп, әке-шешесінің амандық-саулығын біледі. Әңгіме үстінде анасынан ауыстыратын киімін сұрайды. Гүлби апа үйдегі қалған киімдерін алып шыққанда, бұл емес, Мариям алып кеткен сөмкедегі киімдерді беріңіз дейді.
Сол кезде қариялар келіндерінің әлі көрмегенін айтады.
Мұны естіген Нұркен: – Қалай сонда үйге кіріп те шықпады ма? – деп сұрайды.
Әңгіменің аяғы ұрысқа ұласып кетпесіне алаңдаған анасы: «Қолы тимей жатқан шығар. Қыз деген жанашыр ғой! Мынадай үлкен тірлік жасағалы отырғанда, ештеңе етпейді. Мына киімдерді киіп бара сал», – деп жуып-шайып, баласымен бірге құдасының үйіне шығады.
Есік алдында ата-енесі мен күйеуін көрген келіні Мариям иіліп сәлемін салып, үйіне кіргізеді. Нұркеннің қабағындағы салқындықты, үстіне киген киімін байқаған Мариям зыпылдап күйеуін басқа бөлмеге кіргізіп, киімін ауыстыртады.
Бөлмеден шыққанда Гүлби апа келіні мен баласының ұрысып шыққанын реңдерінен байқайды. Асты аяқтап Қайырбай мен Гүлби үйлеріне қайтады.
Сол күні кешке Нұркен досы Ғабитпен бірге шай ішіп отырып, Ержан досының келіншегі босанып, шілдехана беріп жатқанын, сонда барып отырып қайтатынын ескертіп, шығып кетеді. Мариям келіннен сол күйі хабар жоқ...
Түннің қай мезгілі екені белгісіз, Гүлби апа Нұркеннің үйге кіріп келе жатқанын естіп, оянады. «Келдің бе, балам?» деп басын көтеріп сөйлеген анасының қасына келіп, «таңертең мені ерте оятпай-ақ қойыңыз, ұйықтайын. Түске тұрармын, түс қайта пойызға шығамыз», – дейді.
– Өзің қайта бересің бе?
– Жоқ, Мариям да бірге қайтады.
– Әкең ренжіп, менен алды ақысын. Оныкі де жөн. Сонда келін үйге келместен қайта Алматыға кете бере ме? Ел-жұрттан ұят емес пе? Кеше кешке сенімен бірге келе ме деп күтсек, онда жоқ. Түнде бірге келе ме десек тағы жоқ. Келіп сәлемдесу жоқ, – деп ренішін білдірді анасы.
– Ертең таңертең келеді, апа сосын сөйлесеміз, – деп жатып қалды ұлы.
Гүлби апа түнімен дөңбекшіп, ұйықтай алмай, осы келін келгелі өткен күндерді көз алдынан өткізіп жатып, таң ата ұйықтап кетеді.
Қайырбай атаның «намазға тұрмайсың ба, әй кемпір» деген сөзінен шошып оянады.
Қайырбай ата таңертеңгі шайда кемпіріне тағы сөйлеп: «Тұрғызбайсың ба балаңды, не жатыс, келін қайда, бұл не жүрістері екеуінің бетімен лағып, түге! Сөйлесейік те, не армандары бар екенін, – дейді. Гүлби апа болса, «қойшы, анда-санда бір келгенде ұрыспай-ақ қойшы, келеді қазір келін, түнде Нұркен айтқан» – деп түнде сөйлесіп қойғандай боп, тігісін жатқызып қояды.
– Бәрі де сенің кесіріңнен, я келінге, я балаға қаратып сөйлетпейсің, я өзің сөйлемейсің, әбден басыңа шығарып біттің! – деп Қайырбай ата мал қора жаққа бет алады.
Гүлби апа баласының жолға шығамыз дегенін естіген соң, дұрыстап тамақ жеп кетсін деп, қазанға ет салып, асығып жүріп, беріп жіберетін соғымнан сақтаған сыбағасы мен құрт-майы, талқан-сөгін даярлай бастайды. Түсте тамақ дайын болып, дастарханға жайғаса бергенде, есік алдына тоқтаған машинаның сарт етіп жабылған есігінің дыбысы естіліп, Мариям келін келді. Келе сала: «Сәлем бердік !» – деп сәлемін салып болар-болмастан, Гүлби апа: «Кел жаным, мақтап жүреді екенсің, тура тамақтың үстінде келдің» – деп дастарханға шақырады. Үн-түнсіз отырып тамақ желініп болған соң, енесі мен келіні ас үйге, әкесі мен баласы қораға қарай бет алады.
– Қисайып бұзылып, төбесінен су ағып тұрған мал қораның, төбесіне қаңылтыр жапқызайын десем, анау сенің Құрбан досың: «Көке бұл қораны бұзып, қайтып салу керек қой деп» айтып кетті. Оған қаражат та болмай тұр. Сопайып келіп-кетіп жүре бермей, осы кемпір-шал не істеп жатыр деп, жандарың ашып, қарассаңдар қайтеді» – деп ренжиді. Сонда баласы: «Біз қалада ауа жұтып жүреді дейсіз бе, тапқанымыз тамағымыз бен пәтерақыдан артылмайды, кеше осы жаққа келерде жалақымды алдым да, атамның құдайысына бердім, керек десеңіз қайтатын билетім ғана бар менде, ақшам жоқ», деп жауап берді.
Сол кезде ашуы басына шапқан Қайырбай ата, қолына ұстап тұрған күрегін ала көтеріп баласына: «Атаңа нағлет мұңсыз-ау! Сені біреу қуды ма, осы үйден, бес бөлмелі үйге сыймай, ауылда жұмыс жоқ деп кеттіңдер ғой қалаға! Енді жетіскендерің қайсы? Мұндай тірлікте үлкендер бар-ау деп, ақылдассаңдар болмай ма? – деп қаһарын төкті.
Біраз үнсіз тұрып: – Сен не деп айлығыңды беріп, менен ақша сұрап тұрсың? Саған шешең айтқан жоқ па, сойысын көтеріп, қаражаты мен дастархандап барғалы жатқанымызды, ойланып, ақылдасып тірлік жасасаң қайтеді? Көрпеңе қарай көсілмейсің бе? Осынша тірлік жасағанда, соны біліп жатқан келін бар ма? Сәлемі де сатулы болды ғой! Пойызға шығайын деп жатып, тамақ ішіп кетуге келген келінге рахмет, бәрі де сенің ыңжықтығынның арқасы. Сені сыйламаған қатын бізді қайтсін? Бар кетіңдер көзіме көрінбей, ауа жұтып күн көріп үйреніп қалыпсыңдар ғой, солай өмір сүре беріңдер! – деп айқайлап, ұрса жөнелді.
Даладағы шалының дауысын естіген Гүлби апа үйден жүгіріп шығып, «қойсайшы енді жол жүріп бара жатқанда айқайламай, түсінер, айтамыз ғой» – деп араша түседі.
Бұл кезде енесінің дайындап қойған сөмке-сөмке заттарын жиыстырып, дарбаза алдында тұрған келіні Мариям: «Берсеңіз беріпсіз құдаңызға, бергеніңізді міндетсінбеңіз», ол өлді, Сіз тірі жүрсіз, тірі жүргеніңізге қуанып, құдайы айтқаныңыз болар. Біле білсеңіз, менің әкем Сізден де жас болатын. Ол жаққа да жақсы адамдар керек дейді ғой, – деп жұлып-жұлып айтқанда, Қайырбай атаның үстіне келіні мұздай су құйып жібергендей болды. Енесінің «қой балам» – деп басу айтқан сөзін құлағына да ілмей, қорадан шығып жүре берді. Артынан баласы Нұркен де басы салбырап шығып, артына ата-анасына қайрылып бір қарамастан кете барды. Гүлби апа да иіні түсіп, жан-жағына қарамастан үйіне қарай бет алса, Қайырбай ақсақал сілейіп тұрған күйінде, құлағына келінінің сөздері қайталанып, зығырданы қайнап «қасиетсіз неме, мұндай да адам болады екен-ау, бұған анасы кінәлі, қызының қылықтарын білмей отыр дейсің бе? Ұят болады деп жөнге салса болмас па еді? Рас екен-ау атам қазақтың , «балам арамы болса да ,келінім адал» болсын деп тілегені» – деп өз-өзімен сөйлей келе, құлайын деп тұрған мал қораның көлеңкесіне сылқиып отыра кетті.
Е, қайран өмір-ай, жасы келіп, қолынан күш кеткен шақта, келін, бала-шағасы айналасында отырып, бір үйде немерелер қуанышымен бөлісіп отырған, көрші қариялардың өміріне қызыға қиялданып Қайырбай ата үнсіз қалды...

Гүлзипа САРБАСОВА.
27 қыркүйек 2019 ж. 591 0