№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Абай әлемі

Жұма күні аудандық Мәдениет сарайында Қазақстан халқы тілдерінің күні мерекесі аясында қазақтың ұлы ақыны, ағартушы Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына орай «Абай әлемі» атты әдеби әуезді кеш ұйымдастырылды.

Әдеби шараны аудандық ішкі саясат бөлімі басшысы Әбілғазы Төлегенов сөз сөйлеп ашты. Ол қасиетті туған тілдің әрбір азаматтың жүрегіне тереңдеп орын алып қана қоймай, оның бай, көркемдік бояуының айшықтала түсуінде Абай өлеңдері мен қарасөздерінің алатын орнына тоқталып, келешек ұрпақты рухани қазынамен сусындатудағы аталмыш шараның айрықша маңызына үлкен бағасын берді.
Мұнан соң Қазақстандағы тіл саясатын іске асыруда қажырлы еңбек­терімен танылып жүрген тұлғаларды марапаттау рәсімі өтті.
ҚР Мәдениет және спорт Министрлігі, Тіл саясаты комитетінің «Құрмет грамотасымен» №125 орта мектептің ағылшын тілі пәні мұғалімі Нүрия Бердазимова, облыстық ішкі саясат басқармасының «Алғыс хатымен» №56 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Роза Басқожаева, №163 мектебі қазақ тілі, әдебиеті пәні мұғалімі Несіпкүл Амангелдіқызы, №213 орта мектебі қазақ тілі, әдебиеті пәні мұғалімі Балжан Ақжарқызы марапатталды. Ауданда түрлі мекемелерде қазақ тілі жанашыры болып жүрген біртоп оқытушылар мен тіл мамандары аудан әкімінің «Алғыс хатына» ие болды.
Мазмұнды шара мұнан әрі тақырыптың мәнін ашатын Абайдың қара сөздеріне жалғасты. Оның жазылу кезеңі, тарихымен таныс болған көрермен енді өнеге, өсиет, ғибрат сөздердің тереңіне құлақ құрышын қандырды.
Ауданымызда 551 өзге ұлт өкілі мекендейді. Түр-түсі, тілі, әдет-ғұрпы өзге болғанмен мейірімі бір. Ортақ мекен – Жаңақорғанда жағасы жайлауда жайбарақат ғұмыр кешуде. Өлке өнері мен мәдениетін өркендетуде биік мерейге қол жеткізіп жүргендер де жетерлік. Солардың қатарында өзбек қызы Кенже Әкімбаева «Юрәгім» әнін орындаса, Украйн әні «Тримойды» Балауса Сахан шырқап берді. «Айттым сәлем, Қаламқас» әнін талантты әншіміз Олжас Ормаханов нақышына келтірді. Одан әрі «Аққу» би тобының биіне кезек берілді.
Жүргізушілер келесі кезекте сахна төрінде тұрып, Абай және оның шығармашылдығы жөнінде сұрақтар қойып, оған жауап берген ынталы, зерек, білімпаз көрермендерге сый-сияпат үлестірілді.
Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін орындаған Іңкәр Әлиасқар өзінің шебер орындаушылық қабілетімен көрермен көзайымы бола білді. Ал әндерді жетігенде сүйемелдеген Нұрай Нұрдін көне аспаптың күмбірін көңілге құйып, өнер керуенінің тұнық бастауынан бал тамызды.
Бүтін болмыстан биік тұрар өнердің бабалар мұрасынан рухани шөлін қандырып, бір жадырап қалған жаңақорғандық көрермен алтын күздің аппақ кешінде киелі отаудан үлкен олжаға кенелгендей көңілді тарқасты.

Баян ҮСЕЙІНОВА
25 қыркүйек 2019 ж. 1 331 0