№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » » Тарих таңдаған тұлғалар

Тарих таңдаған тұлғалар

Қазақтың қарапайым отбасында өсіп-өніп, өнеге алған азаматтың алдына зор мақсат қойып, соған жету жолында талмай талаптануының астарында ең алдымен Отанына шын берілгендік, азаматтық борышқа адалдық, ең бастысы ұлы даланың ұрпағына тән асқақ рух тұнып тұрады.
Қос бірдей тұлғаның қараорман халқының қалаулысына айналып, қаншама уақыт өтсе де қадірі кемімеген кемел болмысының астарында өмірдің осындай ақиқаты жатыр.
Жаңа өмірге қадам басқан қазақ қоғамының қалыптасуында айшықты қолтаңбасы бар ағайынды қос бірдей тарлан – Әлім және Ғафур Мұхамеджановтарды еске алуға арналған «Тарих таңдаған тұлғалар» атты танымдық-тағылымдық конференция жан-жақты айшықты мазмұнымен жаңақорғандықтардың жүрегіндегі нар тұлғаларға деген сүйіспеншіліктің отын қайта маздатып кетті. Тарихи-тағылымдық шараның мәні осында, тұғырлы елдің тұтқасының бүгінгі егелері де ел алдында есеп бергендей есін жиып, алды-артын бағамдап, ертең соңында қалар хал-қадірінің қамына бір сәт ой жіберіп, іштей сыр түйгені анық.
Манап Көкенов атындағы аудан­дық Мәдениет үйінде өткен конференцияның құрметті төрал­қасынан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Уайс, қоғам қайраткері Бектас Мұхамеджанов және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірсерік Тақырбасовтар орын алды.
Кеш қонақтары алдымен фойеде қойылған фотодеректерге бай көркем көрмемен танысты.
Мәдени шараны ашқан аудан әкімі Сұлтан Мақашов сөзін төмендегіше сабақтады:
– «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында тарихи-тұлғалардың өнегесін жастарға дәріптеп, олардың жеткен жетістіктері мен ел игілігі үшін жасаған жұмыстарын насихаттау аса жауапты жұмыс. Бұл өскелең ұрпақтың патриоттық рухын асқақтатып, тарихи санасын оятып, бәсекеге сай қалыптасуында қажетті екені сөзсіз.
Соның бір көрінісі – осындай шараларымыз арқылы өткенімізді саралап, болашағымызды бағамдап, «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» жолын ұрпақтар сабақтастығына айналдырып келеміз.
Бүгінгі «Тарих таңдаған тұлғалар» атты танымдық-тағылымдық конференциясы аудан жұртышылығы ғана емес Сыр еліне, республика жұртшылығына кеңінен танымал Әлім және Ғафур Мұхамеджановтардың 100 және 95 жылдығына арналады.
Тарихи тұлғалардың болмыс-бітімі, қабілет-қарымы, азаматтық көзқарасын танытатын мазмұнды жиынның жұмысына сәттілік тілеймін. Барша келген қонақтарға және жерлестерге алғысымды білдіремін.
Сондай-ақ, осы залда аудан ардагерлері, аудандық мәслихат депутаттары, жастар өкілдері мен барлық кент, ауылдық округтердің ел ағалары, ауыл әкімдері мен БАҚ өкілдері, конференцияға арнайы шақырылған құрметті қонақтарымыз бен Әлім және Ғафур ағаларымыздың отбасы, ұл-қыздары қатысып отыр, – дей келе, – қоғам қайраткерлері, соғыс және еңбек ардагерлері Әлім мен Ғафур Мұхамеджановтардың өмір жолымен таныстыру үшін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Жаңақорған ауданының құрметті азаматы» Уайс Ержан Үбәйдаұлына сөз берді.– Ғафур Мұхамеджанов ағамыз 1942 жылы 18 жасында майданға аттанады. 1945 жылы елге аман-есен оралған соң Шиелі аудандық Советі атқару комитеті аппаратында қызмет етіп, 1947 жылдың қарашасынан бастап Шиелі аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарды. Алматы жоғарғы партия мектебі мен Қызылорда педагогикалық институтында білімін жетілдірді. Сыр елінде тұрақты қызмет етуінің арқасында жиырма жылда биліктің барлық баспалдақтарынан өтіп 1970-1975 Шиелі, Жаңақорған аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, 1975-1985 жылдары Қызылорда облыстық партия комитетінің әкімшілік және сауда-қаржы органдары бөлімінің меңгерушісі, облыстық атқару комитеті төрағасының 1-ші орынбасары қызметтерін абыроймен атқарады.
Соғыстағы ерлігі мен ел мүддесі жолындағы еселі еңбектері үшін «За отвагу», ІІІ дәрежелі «Даңқ», «Бірінші дәрежелі Ұлы Отан соғысы» ордендерін алса, соғыстан кейінгі жылдары халық шаруашылығы саласындағы сүбелі үлесі үшін үш рет «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, және оннан аса медальдармен марапатталады.Қазақтың кемеңгер тұлғасы Дінмұхамед Қонаев екі рет Шиеліге сапарлап келіп, отбасынан дәм татып, қарапайым тұрмыс-тіршілігіне ризашылығын білдіріп: «Ғафеке, жұмысты таза, әділ, батыл жасайды екенсіз», – деп баға берген екен. Әлім Мұхамеджанов та Ұлы Отан соғысының жауынгері. 1939 жылы Орджоникидзе қаласындағы әскери училищесінде оқиды. Осы жерден бірден қолына қару алып, соғысқа аттанды. Оңтүстік Орск әскери округінің 14-ші мергендер мектебінің батальон командирі болады. Осы құрамда соғысып Кенигсберг қаласы теміржолы комендантына өткен Әлім Мұхамеджанов елге 1946 жылы бір-ақ оралды.
Алдымен Қызылорда облыстық әскери комиссары, Жамбыл облысы, Мерке аудандық әскери комиссары, одан соң Алматы қаласы Фрунзе (қазіргі Медеу) аудандық әскери комиссариатын басқарды. Одан әрі Қазақ ССР Әскери Бас комиссардың бірінші орынбасары болып 20 жыл бойы абыройлы қызмет атқарды.
Алпыс бір жасқа келгенінде ресми әскери қызметінен отставкаға шығып, ғылыммен дендеп шұғылдануға кіріседі. Соғыстан кейін әскери атақ дәрежесімен шектеліп қалмай, 1962 жылы КазГу-дің тарих факультетіне оқуға түсіп, 1969 жылы кандидаттық диссертациясын қорғайды. Әлім ағамыз өзі таңдаған әскери тақырыптар бойынша посткеңестік және Ресейдің мұрағаттарын терең зерттеп, зерделеп жазды. Әскер тақырыбына түрен салады. Әскери қызметтен босаған соң тарих, археология, этнография институтында ғылыми ізденістерін жалғауға мол мүмкіндік туады. Әлім ағамыз да нақ осындай турашыл, өмірге өз шындығымен келіп, соған қылау жұқтырмаған бекзат жан екенін көреміз.
Халық қаһарманы, армия генералы, Кеңес Одағының Батыры, Қорғаныс Министрі болған Сағадат Нұрмағамбетов Әлім ағамыз жайлы «Ол абырой-дәрежесін асқақ ұстауға дағдыланған әскери тәртіптің адамы. Биік болмыстың иесі. Таза еңбекқорлық, толыққанды тәжірибесімен елімізде әскери комиссариаттың қалыптасуына орасан зор еңбек етті» деп жазады өз естелігінде.
Бүгінгі күндері еліміздің Отан қорғаушыларын даярлайтын, оқытатын мәртебелі әскери комиссариаттың билік басында отырған шені зор, зейіні мол лауазым иелері Әлім Мұхамеджановтың шәкірттері, – деп сөзін сабақтады.
Мұнан соң өнеге иелерімен өмірде жақын араласқан қадірменді достары, әріптес замандастары қатарында Қызылорда облысының «Құрметті азаматы» кезінде КСРО-ның халық депутаты болған, халық дәрігері Тұрғанбай Маханов былай деп сөз сабақтады:
– Әр адам – өзінше әлем. Адаммен жұмыс жасайтын болған соң психологиядан мағлұматымыз мол. Дәрігер бола тұра ол кісімен соншама жақын сыйластықта болуымның астарында оның ақты ақ, қараны қара дейтін адалдығы, шынайы тазалығына деген құрмет жатыр, – десе, Сыр еліне танымал мемлекеттік басқару саласының құрметті ардагері, кезінде Ғафур Мұхамеджановтың тікелей қарамағында жұмыс атқарған шәкірті Қорғанбек Қайруллаевтың естелігінен жұртшылық кеш иесінің тұтас болмысын көз алдына ап-анық елестеткендей болды.
Келесі сөз алған Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» Рақым Мауияның мына естелігі көп көңілін терең әсерге бөледі:
– Шиелінің іргетасы қазақ сахарасына келген теміржолмен бірге қаланғаны белгілі Жағалай қоныс тепкен орыс, шешен, неміс, грек, кәріс отбасылары ара-арасында қазақтар тұрақтады. Елуінші жылдары қоныс орталығына 6 қазақ отбасы келіп қоныстанды. Бас иесі соғысқа кетіп оралмаған жесір ана, кілең жас балалар үпір-шүпір күн кешкен осы алты отбасының ортасында жалғыз ғана қария әруақтарға жұма сайын Құран бағыштап, ал тірілерге бас-көз болып, батасын беруден жалықпайтын. Ол кезде он-он үш жасар бала едік. Сол дұға-тілек қабыл болды ма, осы алты отбасыдан 4 ғалым, екеуі ғылым докторы, 5 мемлекет қайраткерлері шықты. Солардың қатарында Сейілбек Шаухаманов, Ғафур Мұхамеджанов бар. Ал жаңағы қария Шаухаман ақсақал еді.
Ол одан әрі Ғафур Мұхамеджановтың Шиелі ауданының қазығын тіктеудегі ерен еңбектеріне тоқталды.
– Шиеліліктер үшін Ғафур аға ерекше қадірлі, ерекше құрметті, – деді ол. Ол осында қызметтің бар сатысынан өтті. Шаңырақ көтерді. Перзент сүйді. Отауынан қонақ үзілмеді. Ел оны шексіз сүйді. Шыншылдығы, әділдігі, білімділігі, өзім дегенге өзегін жарып берер бауырмалдығы, адалдығы, талапшылдығы үшін оны пір тұтты. Шиелі каналын қала ортасынан сыртқа көшіріп, аумақты ыза судан арылтты. Қос қабатты үйлер тұрғызылды. Соғыс ардагерлері, жетім-жесір, жас отбасыларын бірінші кезекте баспанамен қамтамасыз етті. Газ кіргізілді. Көшелер асфальтталып, тротуар салынды. Орталық стадион қазығын қақты. Егін шаруашылығы үшін мыңдаған гектар жер тегістеліп, инженерлік жүйеге келтірілді. Жақаевшылар қозғалысына дем берді. Күріш егісінің көлемі артты. Адами факторға аса көңіл аударып, ешкімді ұлтына, руына қарап бөле-жармай, барлығынан бірдей қамқорын аямады. Жастарды өмірге шыңдады.
Сол кезде мекеме, кәсіпорын, ұжым, шаруашылықтарды басқаруды 25-30 жас аралығындағы жастарға тапсырып, келешек мықты кадр қалыптасуына сенім артты. Мені басшылық қызметке бекітерде айтқан мына аманатын айнытпай орындауға тырыстым.
«Батыр», – деп айтатын әдетімен, – қолың, кеңірдегің, арың арамнан таза болсын. Сонда елің таниды, – деп еді. Мен Ғафекеңнің осы өсиетін орындап, көзінің тірісінде өзіне есеп бердім. Ешкімнің ала жібін аттаған жоқпын. Ешуақытта қиянатқа бармадым. Ол кісінің ұрпаққа қалдырып кеткен өсиет хаты елу жыл өткен соң салтанатты түрде ашылып жастардың қолына табысталды.
Аға өсиетіне соңынан ерген ізбасарлары әрқашан да адал болады, – деп сөзін қорытындылады.
Мұнан соң мінберге көтерілген бүгінгі кештің құрметті қонағы, ҚР Қарулы Күштерінің генерал-майоры Алмасбек Абдрахманов өзінің ұстазы Әлім Мұхамеджанов туралы жүрекжарды лебізімен бөлісті.
– Әкесіз өстім, – деді ол. Маған Әлім аға ұстаз ғана емес, әкемдей, туған ағамдай қамқор болған жан. Сол кісінің тәлім-тәрбиесінің, қатал мектебінің арқасында осы дәрежеге жеттім. Генерал болдым. Ол мені 39 жасымда өзінің орнына қалдырды. Әскери адам болу оңай емес. Бұйрық берілді ме, орындауға тиіссің. Ол кісі жиырма бес жыл ғұмырын Қазақстан әскери комиссариатының қалыптасуына, нығаюына арнаған азамат. Ол соңына үлкен мектеп қалыптастырып кетті. Біз сол мектептің шәкірттеріміз, – деп шынайы естеліктерден сыр толғады.
Елімізде осыдан он бес жыл бұрын құрылған генералдар Қоғамдық кеңесі патриоттық бағытта өркен жайған өнегелі іс-шаралардың басы-қасында дем беріп, қуаттандырып келеді. Ұйым атынан Совет Одағының екі мәрте Батыры атағын иеленген Талғат Бикелдинов атындағы әскери медаль тағайындалып, ол лайықты тұлғаларға табыс етіліп келеді. Бүгін осы құрметке ие болған Қызылорда облысы, денсаулық сақтау саласының Құрметті ардагері Тұрғанбай Маханов, Шиелі ауданы мемлекеттік басқару саласының құрметті ардагері Қорғанбек Хайруллаев, Ауғанстан соғысы ардагері Пазылбек Сегізбаевтың омырауына аталмыш медальды 81 жастағы генерал-майор Алмасбек Абдрахманов өз қолымен қадады.
Жиын қорытындысында Мұхамеджанов Әлім мен Ғафур ағаларымыздың ұрпақтары атынан экономика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясының вице-ректоры Әлия Ғафурқызы сөз алды. Ғалым қайраткердің ағынан ақтарылған туған елге тұғырлы арнауын осы атқарылып жатқан тұтас игі істердің де, осы жазып отырған мақаламыздың да түйіні деп қабылдаңыз, қадірлі оқырман.
– Іс шараны өткізуге бізбен бірге атсалысқан Жаңақорған ауданы әкімшілігіне, аудан әкіміне рахметіміз үлкен. Бұл еске алу ұрпақтарына ғана емес, Тәуелсіз елдің жастарына арналған іс-шара. Ағайынды Мұхамеджановтар туған ел мен жердің аңсарын тауып, тағдырын жұртқа танытқан, көне дәстүрімізден дәрмен көріп, ата салтын ұрпақ санасына дарытқан шоқтығы биік тұлғалар.
Бұл екі азамат өмірдің сыр-сипатын ерте танып, еңбекпен ерте есейген, кешегі сұрапыл шайқастан аман келген, қоғамдық өмірдің сала-саласында әбден ысылған, елдің қадір-қасиетін, жоқ-жітігін жете меңгерген. Сондықтан, рухани жаңғырған қоғам боламыз десек тарихымызды біліп, елдің ұлттық рухани тамырынан нәр алып, көкіректері зият осындай тұлғаларды бағалауымыз керек.
Бүгінгі жүректен шыққан сөздерін айтқан ағаларға мың алғыс. Жаңақорған жұртшылығына еткен еңбектеріңіздің қайтарымын көріңіздер. Ынтымақтарыңыз берік болсын демекпіз, – деді ол.
Жиналғандардың ізгі ниет-ықыласы қос ағаның әруағы құрметіне жайылған дастархан басында бата-тілекке жалғасты.

Баян ҮСЕЙІНОВА
24 қыркүйек 2019 ж. 989 0