№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » СЫҒАНАҚҚА БЕК БОЛҒАН ТАУАСАР БАТЫР

СЫҒАНАҚҚА БЕК БОЛҒАН ТАУАСАР БАТЫР

Тарихтың қатпар тұнығына сіңіп, есімі көмескіленіп, тіпті бүгінгі ұрпаққа беймәлім болып кеткен батыр, би, ақын бабаларымыз баршылық. Бірақ олардың арасынан сәуле шашып, өзінің мына өмірде шын мәнінде болғандығын айғақтап тұратын тарихи жандар болады. Солардың бірі – ел есінде батырлығымен сақталған Бағаналыдан шыққан Тауасар Тілекеұлы.

Тауасар батыр жайында бүгінге жеткен деректер өте аз. Тек ол кісінің бір өзі он адамға дес бермес күштің иесі әрі Сығанақтың бегі болғандығы, башқұрт Қарасақалдың қарындасы Гүлсімге үйленгені, атақты Барлыбай ханның әкесі екендігі жайлы деректер бар.
Қолда бар айғақтарға сүйеніп, алдымен Тауасардың батыр болғандығын дәлелдеп шығайық. Қазақ ұлттық энциклопедиясының 2-ші томында Барлыбай ханға қатысты айтылған деректерде оның әкесі Тауасар батыр жайлы мәліметтер келтіріледі. Онда: «Барлыбай Тауасарұлы Орталық Қазақстанда Ұлытау өңірінде дүниеге келген. Әкесі Тауасар қалмақтармен шайқаста аты шыққан батыр, анасы Гүлсім башқұрт батыры Қарасақалдың қарындасы болған» – деп көрсетілген.
Мұндай мәліметтер жазушы А.Қаражігітов пен «Қазақстанның Құрметті геологі» С.Сүтбаевтың еңбектерінде де кездеседі. Сондай-ақ шапырашты Қазыбек бек Таусарұлының «Түп-тұқияннан өзіме шейін» деп аталатын кітабында Қабанбай батырдың қалмақтарға қарсы тойтарыс берген бір ұрысы беріледі. Осы жерде Қабанбайдың бес мың қолдың қолбасшысы, Тауасар, Шоңай, Қара, Барақ, Дәулетбай бесеуі мың басы болғандығы туралы дәйектер айтылған. Енді осы тұста аты аталған Тауасарды біз «Бағаналы Тауасар» деп санап отырмыз. Өйткені Қазыбек бектің кітабында «Шапырашты Тауасар емес» деп анық көрсетілген. Аталған кітапта: «Ерасыл Жамбынды Жетісуға, Асыға жібермеу үшін, қалмақтың басын біріктірмеу үшін ұрысты осы Қарағайлы маңында әдейі бастаған. Бес мың қолдың нарты өзі болған да Тауасар (Шапырашты Тауасар емес), Шоңай, Қара, Барақ, Дәулетбай бесеуі мың басы болған...» – деп жазылған. Енді сәл ойланайық. Қабанбай Найманнан шыққан батыр. Оны бар қазақ қолдады. Дегенмен айналасындағы сенімді серіктері Найманнан шығуы әбден мүмкін. Сонан соң Тауасар батыр болмаса оған мың сарбаз сеніліп тапсырылып, оны мыңбасы етпес еді. Мыңбасы болмақ түгілі жүзбасы болу үшін де асқан қайсарлықпен көзге түскен ержүрек әрі жаудан беті қайтпайтын қайсар болуы қажет. Мұнысымен қоса жұртты басқара алатындай, қалың қолға бас бола алатындай қабілеттерімен даралануы тиіс.Тауасар батырдың есімі Бұқар жыраудың:
– Қаракерей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгенбай.
Шапырашты Наурызбай,
Ту түбінде тұр еді.
Абылайхан осы күн,
Айбатты дағы сұр еді.
Құрт пен малта ас болып,
Қалмақпенен қас болып,
Балғалы Барақ бас болып,
Жиылды Қаратөбеге.
Жасақ біткен жосылды,
Жеңіспенен бөленіп.
Һәмбесі дағы дос болып.
Тауға таман жақындап,
Қатарға Сасан қосылды.
Қалмақтың кетіп кенеуі,
Ойындары осылды.
Тауасар, Қара, Шоңайым,
Сеніменен шоңайдым, – деген өлеңінде де кездеседі.
Найманның атақты шежірешілерінің бірі саналатын Тайғара Ермағанбетұлы деген ақсақалдың жазбаларында: «Тауасар батырды Сығанақтың бегі болған. Жаумен шайқасып, Сығанақтың түбіндегі соғыста шейіт болған» – деген дәйекті деректер бар. Жоғарыда Тауасардың башқұрт батыры Қарасақалдың қарындасы Гүлсімге үйленгендігі жайлы, ол екеуінен Барлыбай батырдың туғандығы туралы деректер келтіріп өттік. Негізі, осы Қарсақалдың ұлты башқұрт емес екен. Уикипедияда Қарасақал деген оның лақап аты, ал шын есімі Байболат деп көрсетіледі. Ататегіне үңілсек, Шыңғысхан әулетінен шыққан, Сібірдің ханы Көшімнің ұрпағы. Башқұрттарға, қарақалпақтарға және наймандарға хан болған. Қажылыққа барған, арабша оқыған, қазақ, орыс, қалмақ тілдерін еркін меңгерген. Қазақтың хандары мен сұлтандары онымен өте тығыз қарым-қатынаста болған. Ол жайында тарихшы, шығыстанушы, философия докторы, профессор Ахмет Заки Валиди былай дейдi: «Сын Давлет-Гирея «Ишим-Чувек султан» в Ургенче был каракалпакским ханом, его сын Хасан султан оставался у калмыцких ханов, а его сын Байбулат султан ездил в Крым и Стамбул и одновременно был султаном башкир, восставших против России. Чтобы не попасть в руки русских, ездил тайно под различными именами. Одно из этих имен - Карасакал. Его брат Ишим султан и сыновья Ишим султана Шайбак и Убейд (Убейдуллах) султаны был султанами каракалпаков. Байбулат султан был известен своей ученостью и красотой. Убейд султан был султаном племени карат (или карай). В то время, когда Байбулат (Бейбулат) воевал против русских в Башкурдистане, Шайбак хан был ханом у каракалпаков. Во всех отношениях был помощником Байбулата. Его мать Айше хатун была молочной матерью и воспитательницей Байбулата», – деген айғақтарды алға тартады. (Ахмет заки Валиди Тоган. История башкир, Уфа, 2010, с.37-39,61,62.)
Көшімханның ұрпағы Қарасақал башқұрттардың ханы болып, Рессеймен соғысқанын білдік. Дегенмен ойсырай жеңілгеннен кейін қазақ жеріне қарай қашуға мәжбүр болады. Қазақ арасында оған қолдау көрсетіледі. Тіпті бірнеше руға хан болған деген де мәліметтер бар. Осындай адамның қарындасын жайдан-жай біреуге ұзата салмайтыны бесенеден белгілі. Не есімі елге белгілі атақты батыр, иә болмаса бектік дәрежесі бар лауазымды адам болуы керек. Соған қарағанда Тайғара ақсақалдың Тауасардың Сығанақтың бегі болған деуі тегін болмай тұр ғой. Бұдан Тауасардың әрі батыр әрі бек болғанын аңғаруға болады.
Бұл мақала қолымызда бар мәліметтермен ғана жазылды. Алдағы уақытта тереңірек зерттеп, Бағаналы Тауасардың тарихи бейнесін аша түсеміз деген ойдамыз.

                                                                                                                                              Азиз БАТЫРБЕКОВ
13 қыркүйек 2019 ж. 1 831 0