КӨКЕН БАТЫР
Елі мен жерін қорғап, батыр деген құрметті атаққа ие болғандардың бірі – Көкен Назарұлы. ХІХ ғасырдың ортасында Сыр бойындағы Бұхар, Қоқан хандықтарының езгісіне қарсы ұлт-азаттық қозғалыста қол бастағанбатыр. Қоқан хандығына қарсы Қазақстанның оңтүстігінде 1853-1861 жж. көтерілісте болған. Көтеріліс барысында Түркістан өңіріндегі ру-тайпалардың батырлары мен билерінің ұйғарымымен Қарабас сұлтанның кіші ұлы Көшек ханның шөбересі Әликенді хан жасауға ықпал жасады. Әлікеннің хан сайлануы көтеріліске ұйымдық сипат берген...
Көкенге де батырлық ата-тегінен дарыған қасиет. Самарқанд қаласында жаужүрек ерлігімен танылған бабасы Кейден мен өз әкесі Назардың аралығында Сырғақ пен Тәукебай, Қазы мен Мәмек, Тайлақ пен Нияз сияқты батырлардың ерлік өнегесі Көкенді батыр еткен.
Көкеннің Айтөре, Жантөре, Әбді, Бекжігіт, Аманжол, Күзербай, Қыйылбай атты жеті ұлы болған. «Назардың жеті баласы тізе қосып тиіскенде жау аман қала ма?» деген де сөз бар көнеден жеткен. Осы балаларының арасында Жантөре датқа әке өнегесін жалғастырып, Қоқан хандығына қарсы күресте қол бастаған. Жергілікті тұрғындардың наразылығы өршіп тұрған 1859 жылы Түркістандағы Қоқанның бегі Рүстембек Перовскіге бағынышты қазақтардың Жантөре датқа басқарған қоңыраттың көтенші бөлімінің ауылдарына шабуыл жасап, жылқы, түйелерін барымталаған және осы жорықта бірнеше адам қаза тауып, жарақат алғандығы жазылған.
Көкен батыр Назарұлы 1863 жылы қайтыс болған. Мазары Аққорған зиратында.
«Жаңақорған» кітабынан.