№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » ТЕАТРДЫ БАҒАЛАЙ БІЛЕЙІК!

ТЕАТРДЫ БАҒАЛАЙ БІЛЕЙІК!

Манап Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйі жиі баратын қарашаңырақ қой. Мәдениет пен руханияттың ордасына кезекті бір барғанымда мәжіліс залында жарқын-жарқын
дауыстар шығып жатты.
Өнерге жақын адамды еріксіз тартады екен. Залға ендім. Артқы жақтағы орындыққа отырдым. Ондағы мақсат – театр әртістерінің дайындығын тамашалау.
Ұққаным «Алпамыс» спектакльіне қызу дайындық жүруде екен. Әртістердің оброзға кіргені соншалық, тарихи тұлғалардың кесек-кесек болмысын көз алдыңа әкеледі...


Бір кезде режиссер Ролан Бақтыбаев әртістерге рөлдерін тұлғаның мінез-құлқына, болмыс-бітіміне қарай сомдауын тәптіштеп түсіндірді.
Аздаған үзілістен кейін әртістер жұмысына кірісіп, адалдық, әділдік және сатқындықтың кескін-қасиетін көркем қойылым арқылы жеткізіп, жан денемді шымырлатып, өзіне еліктіре түсті.
Көз алдыма ХХ ғасырдың 60 жылдарындағы театр майталмандарының қам-қарекеті елестей кеткені...
Жаңақорғанда театр өнерінің негізін қалауға атсалысқан режиссер Мариям Раишева еді. Оның Бейімбет Майлиннің «Шұғаның белгісі» пьесасы ойыма түсті. Басты рөлді Қалила Спатаев, Зоя Жапарова, Әбдіресім Өтешов сомдаған еді. Әсіресе, Тасболат Төребаевтың Шұғаның әкесі Есімбек байдың рөлін жоғары деңгейде ойнап, халықтың ықыласын алған еді ғой, шіркін!..
...Ойланып қарасаңыз, тіпті, театрдың тарихы әріде жатыр екен. Бұл жөнінде қаламгер Ерубай Қалдыбек «Театр – ұлт рухының тірегі» мақаласында:
«Кеңестік Үкімет орнағаннан кейінгі алғашқы кезеңде театр міндетін «Қызыл отаулар» атқарды. Ауданда 1943 жылы құрылған тұңғыш Қызыл отаудың меңгерушілігіне ақын Манап Көкенов тағайындалды. Қызыл отаудың ішінде тек әнші, күйші, жыршы ғана емес, оның құрамында дәрігерлер, лекторлар, тілшілер мен пошта қызметкерлері мен көшпелі киноқондырғылар болды. Олар алғашқыда ат арбалармен, кейінірек жүк көліктермен жүрсе ХХ ғасырдың 70-жылдары ғана оларға автоклубтар берілді. 1949 жылы Манап Көкеновтен кейін «№2 Қызыл отаудың» тізгінін Есіркеп Қоңқабаев ұстады», – дейді.
Жоғарыда айтқандай, театрдың алғашқы режисері Мариям Раишева болса, театрды биіктеткен әртістердің қатарына Бексұлтан Байкенжеев, Әнуар Мәженов, Әнуар Мүлкайдаров, Әмір Мәжитов, Әлібек Сүгірбаев, Жақсыгүл Бегманова, Зада Исаева, Зияш Сейтпанова, Әбдрейім Өтешов, Сергей Абдраймов, Шәкір Бейсенбиев, Иннокентий Пак, Тынысбек Дүйсебеков, Әбдіқадыр Әбдіхалықов, Халила Спатаев, Орынбасар Байтөреев, Зейнеп Жапарова, Нұридин Қойшеев т.б. айтуға болады. Олардың жолын Қалтай Арқабаев, Уәли Ибрагимов, Нұрлан Бабажанов, Ырыскүл Лұқпанова, Мәдениет Тотаев, Қазыбек Башаров, Анарбай Баймұратов, Талап Тотаев, Гауһар Бидашева, Гүлнар Байтөреева, Айткүл Камалова т.б жалғап, театрдың туын түсірмей келді. Одан кейінгі уақытта Ермек Құламбаев, Сайран Ділманов, Кенже Әкімбаева, Құралай Мұсахметова, Ролан Бақтыбаев, Дінмұхамед Әбжаппаров, Мұхтар Дәрібаев, Жәнібек Сыздықов, Гүлнар Ибадуллаева, Лаура Андресян және т.б театрдың дамуына үлес қосып жүр...
Театр қиын-қыстау кезеңдерді артта тастап, кемелденген шағында мен де араласып, атсалысып, рөлдерді сомдау еншіме тиді.
Драма үйірмесінен бастап, халық театры атағын жеңіп алған театр көптеген жетістіктерге жетті. Осы уақыт аралығында ірі-ірі қойылымдар қойып, Ғабит Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», Мұхтар Әуезовтың «Еңлік-Кебек», Қалтай Мұхамеджановтың «Құдағи келіпті», Әмір Мәжитовтың «Бір үзім нан», Садықбек Адамбековтың «Біздің үйдің жұлдыздары», Сұлтанәлі Бапғабаевтың «Ең әдемі келіншек» және т.б. сахналанды.
1970 жылы халық театры Садықбек Адамбековтың «Біздің үйдің жұлдыздары» спектаклінен бүкілодақтық халық театрының фестивалінде бірінші орын алды. Орынбасар Әбдірейімов, Жақсыгүл Бегманова, Есен Құламетов, Зада Исаевамен қатар мен де марапат биігінен көріндім.
Содан кейінгі жылдары Шоқан Уәлихановтың, Мұстафа Шоқайдың рөлін сахналап, әртістік қабілет-қарымымды шыңдай түстім.
1987 жылы Әмір Мәжитовтың «Бір үзім нан» спектаклімен Республикалық театр фестиваліне қатысып, лауреат атандық.
Одан кейін де аудандық театр биіктен түскен жоқ. Түрлі деңгейдегі байқаудан жүлде алды. Мәселен, 1993 жылы республикалық байқауда, 2005 жылы облыстық халық тетрларының байқауында бас жүлде алды. Сондай-ақ, 2007, 2009, 2011, 2017, 2018 жылғы байқауда да аудан абыройын асырды.
Қарап отырсаңыз, осынау табысқа жеткен театрымызды бағалай алмай жүрміз-ау! Бұған бәлкім бүгінгі өмірмен астасатын қойылымдар кемшіл ме? Әлде көрерменнің рухани сұранысын қанағаттандыратын қойылымдар қоя алмай жүрміз бе? Айтайын дегенім, заманының ірі-ірі проблемаларын көтеретін, шекпендіге де, шендіге де ой салатын спектакль керек секілді. Мұны неге айтып отырмыз? Қойылымдарға көрермендер тым аз жиналатыны қынжылтады...
...Біздің халық театрының өнерпаздары басқа театрлардың әртістерінен кем өнер көрсетпейді. Дегенмен, театрдың материалдық базасы төмен екенін, бір декорацияны бірнеше спектакльге пайдаланатынын айту қажет...
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласында ұлттық код арқылы рухани болмыс-бітімізді тауып, салт-дәстүрлерді жаңғыртудың маңызына тоқталды. Яғни, өз-өзімізді танып, бәсекеге қабілетті болудың жолын көрсетті. Ал, театр – ұлт руханиятын кемелдендіретін, әркімнің өр рухын оятатын бірден-бір орын. Ендеше, 60 жылға жуық тарихы бар халықтық театрымызды бағалай білейік!
Мәселен, «Рухани жаңғыру» аясында театрдың шығармашылық кешін өткізсек қайтеді? Жастарды театрға қызықтыратын насихат жұмыстарын неге қолға алмасқа? Театр әртістерін қоғамда насихаттаудың маңызы да зор. Мәселен, Мариям Раишеваның атына Жаңақорған кентінен бір көшені берілсе қандай жарасады?
Міне, театрдың айналасында мәселе аз емес. Басшылар осыны ескерсе деймін...

Ізатілла НӘРЗІЛДАЕВ.
30 қаңтар 2019 ж. 1 052 0